Қысқа қамданыс ойдағыдай
«Қыс шанаңды жаз сайла» деген. Жаңаарқа ауданында жылу беру науқанына әзірлік күн жылына басталған-ды. Жаз бойы көше-көшелерде жүргізіліп жатқан жұмыстардың куәсі болдық. Бүгінде сәтімен іске асқан шаралардың арқасында ауданда жылу беру маусымы кестеге сай басталып кетті. Бұл орайда ұйымдастыру жұмыстарына ұйытқы болған аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі мамандарының еңбегін атап өту керек. Аталған бөлімнің басшысы Жангелді БӨГЕНБАЕВТЫҢ айтуынша, атқарылған іс – ауқымды.
Аудан тұрғындарын 7 локалдық жылу қазандығы мен 43 дербес қазандық жылумен қамтамасыз етеді. Жылу желісінің ұзындығы – 12,9 шақырым. Барлығы 146 тұрғын үй және әлеуметтік-мәдени нысанға жылу беріледі. Қысқа әзірлік жұмыстары аясында қазандықтар 100 пайыз дайын болды.
Жөндеу жұмыстары жоспарға сәйкес атқарылды. «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы шеңберінде Атасу кентіндегі №6 локалдық жылу қазандығына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұл мақсатта Ұлттық қордан 33 млн. 473 мың теңге бөлінді.
Осы бағдарлама арқылы аудан орталығындағы Сарысу, Орманбаев көшелеріндегі су желілері мен Тәуелсіздік, Сейдімбек, Сейфуллин көшелеріндегі кәріз жүйелері ағымдағы жөндеуден өтті. Мұнда да Ұлттық қордан 33 млн. 672 мың теңге қарастырылды.
Сондай-ақ, бағдарлама шеңберінде Ералиев ауылында 19 млн. 613 мың теңгеге су желілері жөнделді.
«Таза су» КМК даярлық жұмыстары жоспары бойынша Ынтымақ ауылындағы 12 үйге, Атасу ауылындағы 4 үйге ауыз су құбырын тартты. Аралбай батыр көшесінде ұзындығы 800 метр болатын су құбырын орнатты.
Электрмен қамту жұмыстарына баса көңіл бөлінді. Аудандағы электр желілерінің ұзындығы 804 шақырымды құрайды. Оның 504 шақырымы қайта жөндеуден өтті.
Бұдан бөлек, 6 қосалқы станцияға тиісті даярлық жұмыстары жасалды.
Аудан көлеміндегі білім беру мекемелерін «Жаңаарқа жылу» коммуналдық мекемесі жылумен қамтамасыз етеді. 33 нысанның 8-і (24%) орталықтандырылған жылу жүйесіне, 25-і (75,7%) дербес жылу жүйесіне қосылған. 100 пайыз дайын болған ғимараттарға қазір жылу толық жеткізілуде. Және аудандағы 15 мәдениет ошағы мен 15 денсаулық сақтау мекемесіне жылу кестеге сай дайын болды.
Атасу кентінде орналасқан 82 көпқабатты тұрғын үйдің 71-і орталықтандырылған жылу желісімен қамтылған. Ал, 11 үй пешпен жылытылады. Бұл ғимараттарға да жылу уақытында берілді.
Жазып алған
Индира АСАМИДАНОВА.
ЖАҢААРҚА ауданы.