Ырысты ысырапсыз жинауда
Ауданда астық алқаптарын ысырапсыз жинап алу мақсатында орақ науқаны қарқын алуда. Диқандар төккен терлерінің қарымтасын қайтарып, толысып піскен алтын дәнді ысырапсыз жинап алуға жанталасуда. Жалпы, аудан бойынша күзгі дала жұмыстары 2 қыркүйекте басталды. Бүгінгі күнге егін салған 15 селолық округі бойынша 30,1 мың гектар алқаптың егіні орылды. Оның ішінде 24,4 мың гектар бидай, 5,4 мың гектар арпа, 0,3 гектар сұлы. Аудан бойынша орташа түсім 13,2 центнерді құрайды. Орындалысы – 60,4%.
Алтын дәнге оранған алқаптың басында қызу еңбектің көрігін қыздырып жүрген Мамыраев а/о қарасты «Сары-Арқа», «Айбол», «Жалықбас», «Ерлан» ш/қ, Қырғыз ауылдық округіндегі «Кент Агро» ЖШС, «Аслан», «Берік» ш/қ, Темірші а/о қарасты «Сарышоқы», «Мағаз», «Қалқаман» ш/қ, Қайнарбұлақ а/о қарасты «Аппаз» шаруа қожалығы гектарынан 10-12 центнер өнім алуда. Бақты а/о «Би-аға» ш/қ 12,2 цн/га, Ынталы а/о «Ынта» шаруа қожалығының диқандары шыққан өнімдерді жауын-шашынға ұрындырмай, гектарына 12,0 центнерден астық жинауда. Сонымен қатар, 464 гектар жерден – бір жылдық шөп, 80 гектардан –жүгері, 361 гектардан – күнбағыс шабылып, сүрлем (силос) дайындалды.
Сағыныш ӘБІЛОВА
ҚАРҚАРАЛЫ ауданы.