Жаңалықтар

Ырыс толы мини-маркет

Кез келген елдің экономикасы шағын және орта бизнеске тәуелді. Шағын және орта бизнесті дамытудың мақсаты – жаңа жұмыс орындарын ашып, бәсекелестік ортаны қалыптастырып, қоғамда қордаланған әлеуметтік мәселелерді шешу болып табылатыны белгілі.

Ақтоғай ауылында жаңадан «Ділде» мини-маркеті өз тұтынушыларына есігін айқара ашты. «Ділдә» дүкенінің ресми ашылуына аудан әкімінің орынбасары С.Қабылұлы, Ақтоғай ауылының әкімі Қ.Болғамбаев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Сыздықов, ауыл ақсақалы М.Сәтековтер қатысып, өз лебіздерін білдірді. Сөрелері халық тұтынатын алуан түрлі азық-түлік пен көкөніс, жеміс-жидекке, тұрмыстық техникалар мен балалар киіміне сірескен шағын-маркеттің иесі Барқыт Байзаққызы.

– Қуанышымда шек жоқ. Қызым бірнеше жыл қақаған қыста біреулердің бұрышын жалдап, жаздың аптап ыстығында күн астында қақталып, жеміс-жидек, көкөніс сатты. Енді, міне, бүгін маңдай тер, табан ақысының арқасында өз алдына дүкен ашып отыр. Қазір сауда жасаған елдің чектерімен лоторея ойнатқалы жатыр. Тұтынушылардың чектері бойынша ойнатылатын лоторея ұтысына шаңсорғыш, микротолқынды пеш, жеміс кептіретін аппарат, блендер, электро шәйнек секілді тұрмыстық техникалар тігілген, – дейді Ақтоғай ауданының әкімдігінде ұзақ жыл қызмет еткен, еңбек ардагері Байзақ Смақов ақсақал. Жаңа сауда нысаны ауылда тауар бағасының төмендеуіне ықпал етсе, саудагерлер арасында өзара бәсекелестік пайда болса, тұтынушымен арада сауда-саттық та қыза түсері анық.

Мүсіркеп СЕЙДАХМЕТ.

АҚТОҒАЙ ауданы.

Басқа материалдар

Back to top button