Ырыс мекені
Нұра ауданы – облысымыздағы ірі астықты өңір. Жазығында құтты түлігі жайылған, алқабында алтын масағы жайқалған бұл өлке – берекенің мекені. Әрине, астатөк ырзықтың артында тынымсыз еңбек тұр. Мыңдаған нұралықтардың өлшеусіз төгілген тері. Түрі басқа болса да, тілегі бір жұрт тізе қосып, тіршілік етуде. Иә, Нұра – көпұлтты қоныс…
Әуелде
Қазіргі Нұра ауданында 22656 адам тұрады. Оның 67,5 пайызы – қазақ, 17,4 пайызы – орыс, 15,1 пайызы – өзге ұлт өкілдері. Қазақтар – бұл жердің байырғы қожайындары екені белгілі. Ал, славяндар – кешегі патша өкіметі тұсында қоныс аударған қарашекпенділер мен кеңес дәуірінде келген тың игерушілердің ұрпақтары.
Тарихтан белгілі, ХІХ ғасырдың аяғы ХХ ғасырдың басында орыс билігі Қазақстанның солтүстік, орталық аймақтарын игеруге күш салды. Бұл Ресейдің ішкі аумақтарындағы жер тапшылығынан туындаған әрекет еді.
Сол кездегі Министрлер кеңесінің төрағасы Столыпиннің атымен аталған бұл реформа шеңберінде шаруаларға көп көмек көрсетілді. Қазақтың шұрайлы жерлерінен жер берілді, қосымша ақы төленді. Шындығында, ІІ Николай «бір оқпен екі қоянды атып алды». Шалғайдағы қазақ жеріне көшіру арқылы патшаға наразы крестьяндардан құтылды. Және әлі де болса мойынұсына қоймаған қазақ жерін отарлау ісі ширай түсті.
Негізі, ІІ Александр патша крепостнойлық құлдықты жойған 1861 жылдан 1885 жылға дейін қазақ даласына 300 мың славян келді. 1886- 1905 жылдары 1 млн. 520 мың 750-ге жетті. Ал, 1906-1910 жылдары көшіп келушілер саны 2 млн. 517 мыңға жуықтады.
Реформа аясына енгізілген жер картасында Нұра ауданы да қамтылған-ды. Аудан орталығы Нұра кентінің бұрынғы атауы – Киевка. Іргетасы 1898 жылы қаланған. Украинаның Киев губерниясынан көшіп келген мұжықтар Киевка деп атауды жөн көріпті. Сол жылы 400 адам Нұра жеріне аяқ басқан.
Алғаш келгендер Украинаға Нұраның топырағын ала барып, соңынан және бір көш легін ерте келген. Нәтижесінде, 1901 жылғы санақта 725 адам тіркелген. Ал, он жылдан кейінгі санақта тұрғындар саны 1042 адамға жеткен. Оларда 344 жылқы, 328 сиыр, 775 қой және 52 шошқа болған.
Қоныс аударушылар Үлкен Құндызды – Нұра өзендерінің тоғысындағы құнарлы алқапқа егін екті, мал бақты. Шіркеу соғып, үй салды. Сөйтіп, айналдырған он-он бес жыл ішінде бұрынғы қазақ қыстауларының орнында Ивановка, Майоровка, Новокарповка, Скоболевка, Ефремовка, Пушкино, Захаровка, Завьяловка, Плаховка селолары пайда болды.
Қазір бұл елді мекендердің барлығы дерлік тарихи атауына ие болды. Тәуелсіздік жылдарында қол жеткізген табысымыздың бірі – осы. «Мәдени мұра» бағдарламасымен басталған бұл іс «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жалғасын табуда.
Тыңға түскен түрен
КСРО басшысы Никита Хрущевтің бастамасымен 1954 жылы қолға алынған тың игеру науқаны қазақ жерінде қарқынмен жүзеге асты. Кеңес Одағы бойынша 41,8 млн. гектар жер жаңадан жыртылса, соның 25,5 млн. гектары Қазақстанға тиесілі еді. Сол жылдары 2 миллионнан астам адам – орыс, украин өз жерлерінен тың өлкелеріне табан аударды. Еліміздің теріскей өңірінде жүргізілген науқаннан Нұра ауданы да тыс қалған жоқ. Тиісінше, Қазақстан диқандары берген миллиард пұт астыққа нұралықтардың да қосқан үлесі қомақты.
Нұра ауданында 1953 жылы 82248 гектар жер жыртылса, 1956 жылы 360124 гектар жерге дән себілді. Яғни, үш жылда егістік 4,4 есе өсті. Сол жылы ауданда 10 колхоз, 10 совхоз және 3 МТС болды.
1954 жылғы орақтан кейін нұралық жеті комбайншының есімі республикаға белгілі болды. Әрқайсысы 500 гектардан астам жердің егінін орған бұлардың қатарында Нұркен Айтуғанов, Григорий Гонуменко, Максим Кушнир, Д.Ілиясов, Евдокия Литвиненко, Евдокия Фатиева және Иван Ананченко бар. Ең жоғарғы көрсеткіш Нұркен Айтуғановтың еншісінде еді. 543 гектар. 1957 жылы Нұркен Айтуғанов «Социалистік Еңбек Ері» атағына ие болды.
1954-1957 жылдары «Индустриальный», «Энтузиаст», «Кеңжарық», «Шахтер», «Щербаковский», «Пржевальский» совхоздары құрылды. 1957 жылы бұрынғы «Құланөтпес» совхозы Украинаның Донецк облысынан келген тың игерушілердің ықпалымен «Донской» деген атауға ие болды.
1958 жылы «Донской» совхозында 49 трактор, 33 комбайн болды. Осы жылы 19 мың гектар жерге дән сеуіп, орташа түсім 14,8 гектарды құрады. Орақ науқанында 30 мың тоннаға жуық астық жинады. Науқанда ерекше көзге түскен комбайншылар – Қ.Бекмағамбетов – ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы», А.Никитин – «Еңбек Қызыл Ту» ордендерімен марапатталды.
1956 жылғы орақ қорытындысынан кейін черниговтық комбайншы М.Кушнир мен МТС директоры В.Гощик Ленин орденімен марапатталды. Ал, МТС бас агрономы В.Беломестный Еңбек Қызыл Ту орденіне, бас инженер П.Анисимов «Құрмет белгісі» орденіне, «Калинин» колхозының төрағасы Л.Курченко және комбайншы Е.Литвиненко «Еңбек озаты» медаліне ие болды. Бұл шаруашылық үшін өте табысты жыл болды. МТС құрамындағы барлық колхоздар миллион пұттан артық астықты қазынаға тапсырды.
Қазақстан миллиардына
Қарағанды облысы 25 миллион пұт астық қосты. Гектарына орташа түсім 12 центнерден айналды. Дегенмен, осы Нұра ауданындағы көптеген совхозколхоздар 20-25 центнерден өнім алды. Облыс көлеміндегі игерілген жер аумағы 1 млн. 768 мың гектарды еңсерді.
Науқан барысында белгіленген межені артығымен орындаған облыс Ленин орденімен марапатталды. Теңіз өңірі – аудан тірегі 1928 жылы құрылған Нұра ауданының 1997 жылы шекарасы кеңейе түсті. Теңіз ауданы таратылып, Нұраға қосылды. Нұраның құрамына енгенге дейін де теңіздіктер Қарағанды мен Ақмола облыстарының басшылығына кезек қарап келген-ді.
Негізі, аудан 1977 жылы бұрынғы Целиноград облысы аумағында құрылды. 7 совхоздан құралды. Алайда, 1985 жылы Шұбаркөл көмір кенішінің игерілуіне байланысты Қарағанды облысына берілді. Үш жыл өте таратылып, үш ауылы Қорғалжын ауданына табысталды. Десек те, араға екі жыл салып, қайта ашылды. Ал, 1997 жылы Нұра ауданына қосылды.
Халық аузында қазір бұл аймақты Теңіз өңірі деп атайды. Мал шаруашылығы айтарлықтай өркендеп келеді. Өңірдегі Баршын бастаған Соналы, Талдысай, Тікенекті, Жанбөбек, Құланөтпес ауылдары мен көмірлі Шұбаркөл кенті – аудан экономикасының әлеуетті тірегі. Мемлекет басшысының тапсырмасымен қолға алынған мемлекеттік бағдарламалар аясында сүбелі шаруалар жүзеге асырылып, әлеуметтік сала аяғынан қаз тұра бастаған.
Қазір ауданда 27 ауыл бар. Дені егін шаруашылығына маманданған. Өткен ғасырдан қалыптасқан диқаншылық дәстүрін нұралықтар табыспен жалғастыруда. Биылғы орақ науқаны бүгінде қарқынмен жүргізілуде. Бұйыртса, жақын уақытта қорытындысы шығарылмақ. Дала төсі – қызу еңбек…
Нұрқанат ҚАНАФИН,
«Орталық Қазақстан»