Жаңалықтар

Қыршынынан қиылған тағдыр

15 ақпан. Бұл күні Ауған даласында қыршынынан қиылған боздақтардың рухына тағзым етіледі. Сондай бір боздақ, ол – Әбілқайыр Базарбайұлы. Бойында бұла күші бар жігіт өзі қалап, Кеңес әскерінің қатарына қабылданған еді. Ол кезде оның Ауған жерінде жауынгерлік тапсырманы орындау кезінде опат болатынын да ешкім сезбеген еді. Әскердегі борышын өтеуге аттанғанда асыл боздақтың жасы небәрі 20-да еді…

Әбілқайыр Базарбайұлы 1966 жылы 29 қазан күні Ақтау ауылында көпбалалы отбасында дүние дидарын ашқан. Бірақ, кішкентайынан бастап атасы Жұмабай Естемісов пен әжесі Гүлмайданның бауырында өседі. Кейіннен әке-шешесі «Сенокосное» ауылына көшіп келген соң, ұлдарын қолына алып, оқытады. Сол жердегі бастауыш мектепте 1-сыныптан 3-сыныпқа дейін оқиды. Үшіншіні бітіргеннен соң, «Тұзды» совхозының мектеп-интернатында оқуын жалғастырып, 4-сыныптан 7-сыныпқа дейін білім алып шығады. Ал, 8-сыныпты Петровка ауылында тәмамдайды.

Мектебін тәмамдаған ол арнаулы білім ордасынан механизатор мамандығын меңгеріп шыққан. Осылайша оқуын 1985 жылы ойдағыдай тәмамдап, «Сенокосное» ауылында еңбек жолын бастаған. Еңбекке енді араласа бастағаны сол еді, осы жылдың 26 қазанында Кеңес әскері қатарына шақырылады. Жоғарыда атап өткеніміздей, әскердегі борышын өтеуге де ынтасы ерекше еді. Шақырту қағазын ала салысымен, аттанады. Содан бастап Әбілқайыр Базарбайұлының әскердегі өмірі басталды. Алғашқы алты айда Горький облысының оқу-жаттығу бөлімшесінде қызмет етіп, кейін Ауғанстандағы Шинданд қаласына жіберіледі. Одан соң Кандагардағы 85615 «Ф» әскери бөліміне ауысады.

Сөйтіп, әскердегі міндетті ғана атқарамын деген бозбала майдан даласынан бірақ шықты. Берілген тапсырманы бұлжытпай орындау керек деген бұйрықты санасына сіңіріп алған ол жаудан тайсалмады, қақтығыс кезінде тасада жатып, жан сақтау дегенді білмеді. Бала кезінен бойындағы батылдығы жауынгерлік шептің алдында жүргізді. Сөйтіп жүріп 1986 жылдың 30 қыркүйегінде оққа ұшып, жан тапсырды. Ерлікпен көз жұмды. Елге мырыш табытпен оралды.

Отқа оранған ондағы ерлігі ескеріліп, батырға жауынгерлік «Қызыл Жұлдыз» ордені табыс­талды. Ғұмыры келте болғанымен, есімі тарих беттерінде, ұрпақ жадында мәңгі қалады.

Бір туған бауырлары бар, ауылы бар батырды жылда еске алады, рухына тағзым етеді. Мектепте, мәдениет үйінде 15 ақпан күні еске алу кештері өтеді. Өскелең ұрпаққа батыр­дың өжеттігі хақында әңгіме шертіледі.
Біздегі мәліметтер Ауған соғысына өңірімізден 2000-дай сарбаз аттанғанын айтады. 86-ға жуық жауынгер жан тапсырыпты. Солардың қатарындағы қыршын кеткен Әбілқайыр қаһарманымыздың ерлік һәм өмір жолы осындай.

Соғыс. Жазықсыз төгілген қан. Зұлымдық. Қай кезде де суық естіледі. Ауған соғысы. Бұл – 1979 жылдың 27 желтоқсанында КСРО Қарулы күштерінің Ауғанстанға интернационалдық көмек ретінде әскер кіргізу туралы шешімі салдарынан қаншама қыршын жастың өмірін оққа байлаған сұрапыл. Қанша адамның өмірін жалмады, қанша азаматтың болашағына балта шабылды. Отқа оранған он жыл. Мұндай зұлматтың абырой әпермейтінін білген Кеңес өкіметінің басшылары Ауғанстандағы бар­­лық әскерді екі жыл ішінде толықтай алып шығу туралы шешімге келді. Осылайша 1989 жылдың 15 ақпанында қолбасшы, генерал-лейтенант ­Б.Громов «Кеңес әскері Ауғанстан жерінен толықтай шығарылды» деген мәлімдеме жасады. Міне содан бері сол майдан даласында қаза тапқандардың рухына тағзым етеміз, ерліктерін еске түсіреміз.
Биыл осы бір тарихи және оң шешімнің қабылданғанына 35 жыл толыпты. Батылдық пен ерліктің ерен үлгісін көрсеткен қаһарман жерлестеріміздің ерлігі өшпейтін өнеге. Себебі, ерлік – елдіктің туы!

Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Осакаров ауданы

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button