Қыршын кеткен қос сарбаз
Қарағандылық қос сарбаз егемендік үшін қорған, ел ертеңі үшін құрбан болды. Иә, әскери борышын өтеп жүрген қос қыршынның қазасы Арқа жұртының қабырғасын қайыстырды. Қатардағы жауынгерлердің әскери борышын өтеп жүргеніне небәрі 6-ақ ай ғана болған. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ қаулысымен Мадияр ҚАЙСАРОВ пен Айбат АМАНОВТЫ ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен наградтады. Облыс әкімі Жеңіс ҚАСЫМБЕК қаза болғандардың отбасына қайғыра көңіл айтып, оларға барынша көмек көрсетуді тапсырды. Ал, қос батырды елі егіле шығарып салды ақтық сапарға…

Мадияр Қайсаров – Қызылорда қаласындағы бүлік кезінде қаза тапты. Бүлікшілер әскери жүк көлігін қолды етіп, сарбаздарға бағыттаған. Сол сәтте Мадияр батыр жанындағыларды итеріп үлгеріп, өзі «Камаз» көлігінің астында қалып, ерлікпен қаза тапқан.
«Қатарластарымның бәрі әскерге кетіп барады, мен де барамын. Кейін жоғары оқу орнына түсемін» деп кетіп еді. Ол инженер болғысы келетін. Суретті керемет салатын. Өте ақылды бала еді. Халықты ауызбіршілікке шақырамын. Әсіресе, жастарымыз бұзақылыққа бармасын. Ұлым қоғам тыныштығы жолында, елі үшін құрбан болды. Көңіліме медеу сол»,– дейді әкесі Оразалы Қайсарұлы.
Ал, Айбат Аманов Талдықорғандағы қақтығыс кезінде басбұзарлардың қолынан ажал құшты.
«Әскери борышын өтеп жүрген сарбаздарымыз жарты жылда өздерінің біліктілігін, батырлығын көрсетті. Бұл – сөзсіз ерлік. Ұлттық Ұлан бас қолбасшылығы, ардагерлер кеңесі, бүкіл жеке құрамы әке-шешелеріне қабырғамыз қайысып, көңіл айтамыз» дейді ҚР Ұлттық Ұланы «Орталық» өңірлік қолбасшысының орынбасары Қанат Беляков.
Иә, елі үшін жас жанын пида еткен қос батыр өмірлеріне төнген қауіпке қарамастан қызметтік-жауынгерлік міндеттерін адал орындады. Мадияр Қайсаров пен Айбат Амановтың есімдері Қазақстан Республикасы Ұлттық Ұланы батырларының тізіміне мәңгілікке енді. Есімдері ел жадында.
Қасымхан ҒАЛЫМ.