Бас тақырып

Қыркүйектен бастап елімізде қандай өзгерістер болады?

Сурет massaget.kz

Көршінің мазасын алғандар мен көше тәртібін бұзғандар қоғамдық жұмысқа тартылады

1 қыркүйектен бастап Қазақстанда әкімшілік жаза түрінің жаңа формасы – қоғамдық жұмыстар енгізіледі. Түзетулерге сәйкес, қоғамдық жұмыстар Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 9-бабына сәйкес тағайындалуы мүмкін. 

Олардың қатарында: 

– Отбасындағы құқыққа қайшы әрекеттер (73-бап);

– Ұсақ бұзақылық (434-бап);

– Қоғамдық орындарды ластау (434-2-бап);

– Әдейі жалған түрде жедел қызметтерді шақыру (438-бап, 2-бөлік);

– Қоғамдық орындарда ішімдік ішу және мас күйінде жүру (440-бап, 3-бөлік);

– Полиция қызметкерлерінің заңды талаптарына бағынбау (443-бап, 2-бөлік);

– Қоғамдық орындарда тиісу (449-бап, 2-бөлік);

– Арнайы көлікке жол бермеу (598-бап, 2-бөлік);

– Жаяу жүргіншілердің жол жүру ережесін жүйелі түрде бұзуы (615-бап, 4-бөлік).

Сонымен қатар, отбасының мазасын алып, жұбайын қорлағандар 20 сағат, балағат сөз айтып, жұртқа тиіскендер 60 сағат, тәртіпсіздік жасағандар 80 сағатқа дейін, мас күйде қоғамдық орындарға шыққандар, жедел жәрдем немесе полицияға жол бермеген жүргізушілер, бір жылда бірнеше рет ереже бұзып, апатқа себеп самокатшы мен жаяу жүргіншілер 20 сағатқа дейін қоқыс тазалап, көше сыпыруы мүмкін. 

Сталкинг жасағандар жазаға тартылады

Жаңа 115-1-бап – “Сталкинг” – Қазақстанның Қылмыстық кодексінде 16 қыркүйектен бастап күшіне енеді.

Бұл бап бойынша қылмыстық қудалау адамға нақты зиян келтірген жағдайда қолданылады (жеке өмірге қол сұғу, қозғалу еркіндігін шектеу немесе психологиялық қысым).

Бұл бап бойынша жазалау 200 АЕК-ке дейінгі айыппұлды (2025 жылы 786 400 теңге) немесе 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмысқа тартылады. Кей жағдайда 50 тәулікке дейін қамауды қарастырады.

Егер сталкинг зорлық-зомбылықпен, қорқытумен, бопсалаумен және жеке тұлғаға қарсы басқа құқыққұзушылықтармен қатар жүрсе, әрекеттер Қылмыстық кодекстің басқа баптары бойынша қосымша сараланады.

Сондай-ақ 16 қыркүйектен бастап Қазақстанның Қылмыстық кодексінде ата-аналардың және қамқоршылардың балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін жауапкершілікті күшейтетін түзетулер күшіне енеді.

Енді балаларын шапалақпен ұрып немесе белдікпен ұрған ата-аналар қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін.

Мобильді аударымдарға жаңа талап енгізіледі

Қыркүйектен бастап мобильді аударымдарды тексерудің жаңа ережелері күшіне енеді. Биыл тексеру үшін негіз ретінде үш айда 1 миллион теңгеден асатын шекті мөлшер енгізіледі. Үш айда әртүрлі ақша аударатындардан жалпы сомасы 1 020 000 теңгеден (немесе 12 ең төменгі жалақыдан – ЕТЖ) асатын 100-ден артық аударым алатын жеке тұлғалар тексеріледі.

Банктер белгілі бір уақыт аралығында мобильді аударымдарының саны мен көлемі белгіленген критерийлерден асатын жеке тұлғалар туралы мәліметті мемлекеттік кірістер органдарына жолдайды. Одан кейін салық органдары алынған ақпаратты талдайды.

Кәсіпкерлік қызмет белгілері анықталған кезде мемлекеттік кірістер органдары жеке тұлғаға анықталған бұзушылықтарды жою туралы хабарлама жібереді. Хабарламаны орындау үшін оны алған (тапсырған) күннен кейінгі күннен бастап 30 жұмыс күні беріледі.

Хабарламаны орындамаған немесе толық орындамаған жағдайда салықтық тексеру тағайындалады.

Зейнетақы төлемінің тәртібі өзгереді

1 қыркүйектен бастап Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін зейнетақы автоматты түрде тағайындалатын болатын. Осыдан кейін өтініш жазудың қажеті жоқ. БЖЗҚ барлық мәліметтерді “Азаматтарға арналған үкімет” мемлекеттік корпорациясының базасымен салыстырып отырады. Осылайша, зейнет жасқа келген адамның әлеуметтік төлемі есептеліп, бірден есепшотына түсетін болады.

Стипендия өседі

Биыл студенттердің шәкіртақысы тағы көтеріледі. 

бакалавриат – 52 372 теңге;

педагогикалық мамандықтар – 84 000;

магистратура – 117 098 теңге;

докторантура – 262 500 теңге.

Жылжымайтын мүлік иелері үшін үш жаңа төлем енгізіледі

15 қыркүйектен бастап Қазақстанда жылжымайтын мүлік (пәтерлер, автотұрақ орындары, қоймалар) иелері үшін үш міндетті төлем енгізіледі:

  • ағымдағы (ай сайынғы күтіп-ұстауға арналған);
  • жинақтаушы (болашақ күрделі жөндеуге арналған);
  • мақсатты (жоспардан тыс жұмыстарға арналған).

Бұл төлемдер бұрынғы жүйенің орнын басады, ал қаражат әр үй үшін бөлек шоттарда жинақталады. Төлем мөлшері жылжымайтын мүліктің ауданына байланысты меншік иелерінің жалпы жиналысында белгіленеді, бірақ мәслихат бекіткен ең төменгі тарифтен төмен болмауға тиіс.

Әскерге шақырудың жаңа ережелері енгізіледі

Қыркүйектен бастап әскерге шақыру жаңа тәртіппен жүргізіледі. SMS-хабарламалар дәстүрлі шақыру қағаздарына теңестіріледі.

Шақырылғандар белгіленген күнге дейін 3 күн бұрын SMS-хабарлама алады. Онда шақырылушы көрсетілген мекенжай бойынша әскери комиссариатқа медициналық тексеруден өту үшін келуі керек екені жазылады. Медициналық тексеруден кейін шақыру комиссиясы шешім қабылдайды. Сондай-ақ SMS-хабарлама eGov порталының пайдаланушы кабинеті арқылы да жіберілуі мүмкін.

Биыл күзгі әскерге шақыру 1 қыркүйектен 31 желтоқсанға дейін өтеді.

Пәтер сатып алу ережелері жаңарды

31 тамыздан бастап үлестік қатысу арқылы құрылысқа қатысу ережелері күшіне енді.

Енді салынып жатқан үйдегі үлеске төлем жасау тек банк арқылы қолма-қол ақшасыз есеп айырысу жолымен жүргізіледі. Сонымен қатар, үлестік қатысу туралы келісім бірыңғай ақпараттық жүйеде тіркелмейінше төлем жасауға болмайды.

Сондай-ақ алдын ала келісімшарттар жасауға немесе салынып жатқан объектілердегі пәтерлерді немесе үйлерді заңды айналып өтіп сатып алуға болмайды.

Банк пен ипотека беретін ұйымдарға құрылыс салушыда үлескерлердің ақшасын тартуға рұқсаты немесе үлестік қатысу кепілдігі болмаса, салынып жатқан үйлерден баспана алуға несие беруге тыйым салынады. Сонымен қатар, уәкілетті компаниялар халықаралық рейтингі “B+”-тен төмен емес банктерде шетел валютасында шот ашуға міндетті.

Сонымен қатар, инженерлік компаниялар ай сайын құрылыс барысы туралы есепті әкімдікке және бірыңғай операторға (немесе банкке) ұсынуға тиіс. Көпқабатты үй немесе тұрғын кешенді тапсыру мерзімі жобалық құжаттамада көрсетілген күннен бес айдан аспайтындай мерзімге шегерілуі мүмкін. Егер кепілдік шарты мерзімінен бұрын бұзылса, кепілдік жарнасының бір бөлігі кепілдік мерзімінің қалған уақытына пропорционалды түрде құрылыс салушыға қайтарылады. Бірақ бұл барлық үлескерлерге қаражаттары толық қайтарылғаннан кейін ғана мүмкін болады.

Білім беру саласындағы өзгерістер: Мектепте тамақтану стандарты өзгереді

1 қыркүйектен бастап мектептегі тамақтанудың жаңартылған стандарты енгізіледі. Ол ас мәзіріндегі қант, тұз және қайта өңделген өнімдер мөлшерін азайтуға, сондай-ақ көкөністер, жемістер, дәнді дақылдар, ақуыз және сүт өнімдерінің үлесін арттыруға бағытталған.

Өзгерістер ауруханалардағы тамақтануға да қатысты болады. Күздің басынан бастап мұнда төрт реттік тамақтану тәртібі, қажет болған жағдайда алты реттік тамақтану енгізіледі. Генетикалық түрлендірілген өнімдерді, механикалық әдіспен сүйектен ажыратылған құс етін және коллаген бар шикізатты қолдануға тыйым салынады.

Негізгі талаптар:

  • Қантты тұтыну 3,5 есе азаяды;
  • Тұз мөлшері 2-5 есеге дейін қысқарады;
  • Көкөністер, жемістер мен сүт өнімдері көбейтіледі.

Қандай тағамдар алынып тасталады?

  • фастфуд (гамбургер, чебурек және т.б.);
  • шоколад батончиктері;
  • тәтті газдалған сусындар.

Мектептерде қауіпсіздік сабақтары қайта өткізіледі

Жаңа оқу жылынан бастап еліміздегі барлық білім беру ұйымдарында, балабақшадан бастап колледждерге дейін жеке қауіпсіздік сабақтары жалғасын табады.

Сабақтар әр жас тобына бөлек бейімделген:

  • балабақшада – жедел қызмет нөмірлерін білу, ойын алаңындағы қауіпсіздік;
  • бастауышта – судағы қауіпсіздік, бейтаныс адамдармен қарым-қатынас, қаңғыбас иттерден қорғану;
  • орта буында – буллинг пен кибербуллинг, қауіпті интернет әуестенулері, жауапкершілікке баулу;
  • жоғары сыныптар мен колледждерде – қаржылық сауаттылық, алаяқтардан қорғану, еңбек қауіпсіздігі, құқықтар мен міндеттерді білу.

Сабақтар әр аптада сынып сағатында 10 минуттан өткізіледі және жылына үш рет қайталанады.

Оқушылардың тоқсанаралық демалыс уақыты қашан?

Оқу жылы 2025 жылғы 1 қыркүйектен 2026 жылғы 25 мамырға дейін жалғасады.

1-тоқсан – 8 оқу аптасы, күзгі демалыс – 7 күн (2025 жылғы 27 қазаннан 2 қарашасына дейін);

2-тоқсан – 8 оқу аптасы, қысқы демалыс – 10 күн (2025 жылғы 29 желтоқсаннан 2026 жылғы 7 қаңтарға дейін);

3-тоқсан – 10 оқу аптасы, көктемгі демалыс – 11 күн (2026 жылғы 19-29 наурызы аралығы);

4-тоқсан – 8 оқу аптасы. Жазғы демалыс 26 мамырда басталады.

Бірінші сыныптарда қосымша демалыс қарастырылған – 7 күн (2026 жылғы 9-15 ақпаны аралығы).

Техникалық мамандықтар бойынша тегін оқу

2025 жылдан бастап Қазақстандағы барлық кәсіби-техникалық колледждер сұранысқа ие мамандықтар бойынша тегін оқытады.

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, биыл колледждердегі мемлекеттік тапсырыс 153 мың орынға дейін артады, бұл өткен жылмен салыстырғанда 10 мыңға көп. Мемлекеттік тапсырыстың 70 пайызы машина жасау, көлік, энергетика, IT, құрылыс және басқа да техникалық мамандықтарға бағытталады.

Шамамен 10 мың студент кәсіпорындардың өтінімдері бойынша білім ала алады, бұл жұмыс істеп тұрған экономикалық секторға кадрларды нысаналы даярлауды қамтамасыз етеді.

Жеке кәсіпкерді міндетті тіркеу шегі өзгереді

15 қыркүйектен бастап жеке кәсіпкер ретінде міндетті тіркеу шегі 12 ЕТЖ-ден (2025 жылы 1 020 000 теңге) 360 АЕК-ке (2025 жылы 1 415 520 теңге) өзгереді.

Міндетті тіркеу жылдық табысы 360 АЕК-тен асқан жағдайда немесе жалдамалы қызметкерлерді пайдаланғанда талап етіледі.

Жалдамалы қызметкерлерді пайдаланбайтын жалға берушілердің табысы 12 ЕТЖ-ден асып кетсе де, олар жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеуге құқылы. Алайда олар табысы мен мүлкі туралы декларацияны (270.00 нысаны) келесі жылдың 15 қыркүйегіне дейін тапсырып, жеке табыс салығын 25 қыркүйекке дейін 10 пайыз мөлшерінде төлеуге тиіс.

Жолаушылар деректері органдарға беріледі

Әуе, теміржол және теңіз көлігі жолаушыларының деректері арнайы органдарға беріледі. Көлік министрлігі қол қойған жаңа бұйрыққа сәйкес, енді тасымалдаушылар жолаушылар туралы деректерді құқық қорғау және арнайы мемлекеттік органдарға ұсынуға міндеттеледі. Бұл талап әуе, теміржол және теңіз көлігіне рәсімделген немесе броньдалған билеттерге қатысты. Мәліметтер пакетіне жолаушының жеке деректері, сапар бағыты, орны, сондай-ақ багаж ақпараты, келісім болған жағдайда байланыс деректері кіреді. Әуе компаниялары деректерді ұшуға 48 сағат қалғанда және тіркеу аяқталған соң 30 минут ішінде береді. Теміржол тасымалы бойынша мәліметтер тәулігіне 5 рет АСУ «Экспресс» жүйесі арқылы жіберіледі. Ал теңіз көлігінде рәсімделген немесе броньдалған билеттер туралы мәліметтер тәулігіне 4 рет беріледі.

Неке бұзу ережесі жеңілдейді

16 қыркүйектен бастап ерлі-зайыптылардың бірі құзырлы органның халықаралық іздеуге жариялау туралы қаулысы негізінде 3 жылдан астам уақыт бойы іздеуде болса, неке бұзылады. Мұндай жағдайда екінші адам сотқа жүгініп, оның қатысуынсыз ажырасуды рәсімдей алады.

Қыркүйекте ауа райы қандай болады?

Синоптиктердің мәліметінше, қыркүйекте Қазақстанның барлық аумағында ауа температурасы орта есеппен 5-7 градусқа төмендейді.

Температураның жалпы төмендеуіне қарамастан, басқа күндері Қазақстан аумағының көп бөлігінде абсолют максимум +32+38 градусқа жетуі мүмкін. Оңтүстік аймақтарда температура +33+35 градусқа дейін көтеріледі.

Қыркүйектің бірінші жартысында-ақ үсік жүруі мүмкін, ал оңтүстік өңірлерде – айдың соңында байқалады. Көптеген облыса абтсолют минимум -10-14 градусқа дейін, ал республиканың оңтүстігінде -6-10 градусқа дейін жетуі ықтимал.

Тамызбен салыстырғанда қыркүйекте жауын-шашын мөлшері ауа температурасының жалпы төмендеуімен бірге ылғалдылықтың азаюына байланысты төмендейді. Жауын-шашынның қарқыны бәсеңдейді, бірақ ұзақтығы артады.

Жауын-шашын негізінен жаңбыр түрінде болады, алайда қыркүйектің алғашқы онкүндігінің аяғына қарай солтүстік облыстарда алғашқы қар жаууы мүмкін.

Ай толық тұтылады

7 қыркүйекте Ай толық тұтылады. Жер серігі біздің ғаламшардың көлеңкесіне кіріп, 1 сағат 22 минут бойы қан-қызыл түске боялады. Оқиғаның басталуы Астана уақытымен 23:11-де күтіледі.

Аида РАХЫМҚҰЛОВА

Басқа материалдар

Back to top button