Бас тақырып

Қырдағы қырман құтқа толды

Бір кездері өндірісті өлке Қарағанды жылдар жылжып өткенде аграрлы аймаққа айналарын болжау қиын емес еді. Өйткені, елдегі ең ірі облыстың бірегейі Қарағандының аумағы бауырына кен-байлықпен бірге шұрайлы да құнарлы жерін де басып жатыр. Табиғат сан қилы тосын мінезін де осы өңірде жиі көрсетіп қоятыны да рас. Бірақ, даланың дархандығын тумысынан түйсінген қыр қазағы түлік өргізіп, егін салып, ел несібесін еселеуден бір танған емес. Ынта-ықылас пен тынымсыз еңбек болса, индустриалды өңір астықты алқапқа айнала алатынын айғақтады.

Оған куә – биылғы рекорд. Қарағанды облысының аграрлары 1 млн 300 мың тонна астық жинады. Бұл – бір мүшелден соңғы рекордтық көрсеткіш еді.

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

– Былтыр өңірімізде ауа райының қолайсыздығынан біршама шаруашылық шығындалған болатын. Алайда, былтырды қоспағанда соңғы тоғыз айдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің өндірісі ұлғайды. Нақтырақ айтсақ, көлем индексі 116,7 пайызды құрады. Ал, астық өнімі бойынша ең жоғары көрсеткішке Абай, Бұқар жырау, Нұра және Осакаров аудандарының шаруашылықтары қол жеткізді. Ондағы әр гектардан 15 центнерден астық жиналды, – деді облыстың ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Саят Мусин.

Облыс әлеуетінің бұлай артуына аймақта жыл санап егін алқабының ұлғаюы да әсер еткені шын. Жер емген диқан қауымы егінге жыл өткен сайын зейін салып, ден қойып келеді. Жаңа технологиясын меңгерді. Мүмкіндіктерін молайтып, өнімінің сапасын жақсартуды да жадында мықтап ұстаған.

Осылайша аймақта он үш жылдан соң рекорд жаңарды. Салыстырмалы түрде алсақ, 2016 жылы гектарына 13,3 центнерден алынып, 956 мың тонна дәнді дақыл қамбаға құйылыпты. Одан кейін араға екі жыл салып, 2018 жылы гектарына 12,7 центнерден алыныпты. Былтырғы өнім көлемі гектарына 7,8 центнерден сай келген еді. Биыл Жер-ана иіді. Жер емген диқандарға гектарына 15 центнерден өнім берді. Бұл, шындығында да, тынымсыз еңбектің ерен жеңісі еді. Аграршылар 909,3 мың гектар дәнді дақылдар алқабынан, 1 350 мың тонна астық бастырды. Бұл қажыр­лы еңбектің, мемлекеттік қолдаудың және қарқынды технологияларды қолданудың толайым табысы екені даусыз.

Ауыл шаруашылығы басқармасының айтуынша, биылғы астық және картоп көлемі облысты ғана емес, сыртқы нарықтағы сұранысты да жаба алатындай әлеуетте екен. Ал, мұнша мол өнімді сақтайтын қоймаларына келсек, оның да саны да, сапасы да сай.

Мәселен, Осакаров ауданында 145 мың тонналық 4 лицензияланған астық қабылдау кәсіпорны барын атап өткен жөн. Атап айтқанда, «Осакаровка Нан» ЖШС-нің сақтау қоймасы – 59 мың тонна, «Орталық Қазақстан элеваторы» – 32,5 мың тонна, «Сарыбел Нан» ЖШС – 36 мың тонна, «Daratt» ЖШС – 17,5 мың тонна өнімді шашаусыз сақтап береді. Бұдан бөлек, 3 лицензияланбаған – 82,6 мың тоннаға, сондай-ақ, жалпы сыйымдылығы 981,9 мың тоннаны құрайтын шаруашылықтардағы 598 астық қоймасы алтын дәннің бір түйірін де желге ұшырмаса керек-ті.

Егістіктің ауқымы кең. Бидайдан бөлек, майлы дақылдардың да үлесі аймақта айтарлықтай. Мысалы, 33,6 мың гектардан гектарына 7 центнерден келетін 23,4 мың тонна өнім алынуы – дала диқандарының төккен тері мен бел жазбаған еңбегінің жемісі.

Бұл орайда мемлекеттік қолдаудың да қомақтылығын атау қажет. Егіннің бітік әрі өнімді болуы оған қажетті тыңайтқыштарға да байланысты екені анық. Ол жер мен сол сіңірілген дәннің ысырап болмауы үшін маңызды. Бұл бағытта мемлекеттік қолдау ретінде минералды тыңайтқыштардың құны субсидияланады. Биыл осы мақсатқа бөлінген барлық қаражат 2 млрд 112,9 млн теңге сомасында (жергілікті бюджет) толық игерілген. Субсидия 81 ауыл шаруашылығы тауарын өндірушіге төленген екен.

Астық жиналған соң оның күтімі де назарда болуы тиіс. Оны кептіріп, дер кезінде соған лайықты жұмыстарды атқармаса, алқаптан жиналған астықтың ысырап күй кешуі әбден кәдік. Диқандарға бұл үшін арнайы дизель отыны да жеңілдетілген бағамен беріліп келеді. Бұл да болса, сеп, қолдау екенін ескеру шарт. Тұқымның да сапасын естен шығармау керек. Ол үшін келесі көктемде сіңірілер дәннің көлемі де жыл сайын көбейіп отыр.

Жалпы, ауыл шаруашылығы басқармасының дерегінше, өсімдік шаруашылығына мемлекеттік қолдау аясында шамамен 5 млрд теңге сомасында субсидиялар берілген. Оның қатарында, тыңайтқыштардың құнын субсидиялау, тұқым шаруашылығын дамыту, суармалы суды жеткізу бойынша қызметтердің құнын субсидиялау, пестицидтердің құнын субсидиялау бар.

«Біз жедел шара қабылдап, жем-шөп тапшылығына байланысты ахуалды реттедік. Дегенмен, бұл салада әлі де жүйелі жұмыс атқару керек. Жем-шөп дайындауға қажетті жер көлемін кеңейт­кен жөн.

Сондай-ақ, егіс алқабына әр жылы әртүрлі дақыл егу талабын сақтау үшін тиісті бақылауды күшейткен абзал. Ғарыштық мониторинг және қашықтан зондтау мүмкіндігін кеңінен қолдану керек» деген болатын Президент халыққа Жолдауында. Ал, жоғарыдағы көрсеткіштерді жергілікті климаттық жағдайлар ескеріле отырып, қол жеткізген зор жетістік деуге толық негіз бар.

Дегенмен, алып жатқан аумағы жағынан ірі облыс саналатын Қарағандының өндірісті ғана өзек етпей, ауыл шаруашылығында тірек қылар кезі әлі алда. Еуразия құрлығының дәл кіндігі болып табылатын аймақ аграрларының ел экономикасына қосар үлесі бұдан да қомақты боларына қарағандылықтар да, уақыт та сенеді.

Жан АМАНТАЙ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button