Қырандар қиядан шүйілді
Бұқар жырау ауданы Ботақара кентінде «Сарыарқа – 2021» саят шеберлігі байқауы өтті. Қиядан қызылға шүйілген қырандар сайысында доскейлік бүркітшінің тастүлегі үздік шықты.
15 құс қатысқан аймақтық байқау биыл бесінші мәрте өтті. Сайыста облыстың әр түпкірінен келген тәжірибелі бүркітшілермен қатар, жас құсбегілер де құстарын сынады. – Біз үнемі ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өткізіп тұрамыз. Оның ішінде, көкпар, бәйге, аударыспақ және құсбегілік өнер бар. Қысы-жазы өңірден ұлттық спорт түрлерінен байқау үзілмейді. Бұл спорт түрінің жанкүйерлері де негізінен ауылдық жерлерден келеді. Бірақ, Қарағанды мен Теміртаудан қызығушылар көп. Құсбегіліктен көш бастап тұрған – Қарқаралы және Жаңаарқа аудандарының спортшылары. Аңшылық, саяткерлік ең қызық спорт қой, – дейді Бұқар жырау ауданының дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Олег Цыганков Бұл жолы бүркітпен қоса, қаршыға, сұңқарлардың алғырлығына куә болдық. Жыртқыш құстар «қолға шақыру», «қоянға түсу», және «шырға тарту» бойынша сынға түсті. Қазылар құс иесінің ептілігі мен құстардың бабына баға берді.
– Мен командамен осындай жарысқа екінші рет қатысып отырмын. Алғаш рет тәжірибе жетіспеді. Бірақ, үйрене келе қыр-сырын меңгердік бір кісідей. Біздің бүркіт әлі тірнек. Ырымдап атын «Ақбалақ» атадық. Жалпы, ата-бабаларымыздың дәстүрлерін сақтау – біздер үшін өте маңызды, – деп атап өтті теміртаулы Ербол Кеңшілік.
Жарыс қорытындысы бойынша, Бұқар жырау ауданы Доскей ауылының тұрғыны Темірғали Төлегенұлы бүркітпен аң аулауда бірінші болды. ІІ орын қарағандылық Аслан Егінбайға бұйырды. ІІІ орынды Бұқар жырау ауданы Тоғызқұдық ауылынан келген Метай Есенкелді иеленді. Қаршығамен сайыста қарағандылық Заңғар Досан І орынға ие болды. ІІ және ІІІ орын жаңаарқалық Қарифулла Амангелді мен Шәкәрім Әбдірахманға бұйырды. Ақтоғай ауданынан келген Таңат Оспанқұлов сұңқармен аң аулауда үздік атанды. ІІ орын Шет ауданынан Асан Әбдіразақовқа, ІІІ орын қарағандылық Күнтуған Әділханға бұйырды. Жеңімпаздар ақпан айында өтетін республикалық чемпионатқа қатысатын болады. 2010 жылы жыртқыш құстармен аң аулау ЮНЕСКО-ның адамзаттың материалдық емес мәдени мұраларының тізіміне енгізілгенін атап өтеміз. Ерекше назарға іліккен бұл мұрамызды сақтауымызға осындай шаралар мұрындық болары сөзсіз.
Жансая СӘРСЕНБАЙҰЛЫ.