Қырағылық – тыныштық кепілі
Ел тыныштығы – қашан да өзекті. Күн демей, түн демей тыныштықты сақтауда табанды тер төгіп жүрген тәртіп сақшыларының еңбегі орасан. Бұл жайлы «ҚР Тұңғыш Президентінің Жолдауы аясында Қарағанды облысының полиция департаменті қызметінің қорытындылары» тақырыбында өткен баспасөз конференциясында облыстық Полиция департаменті бастығының орынбасары Құрманғали Ысмағұлов толығырақ мәлімдеді.
– Полиция қызметкерлерінің қырағылығы және жүйелі жүргізілген алдын алу шараларының арқасында өткен жылы қасақана кісі өлтіру 10,7% – ға, қарақшылық 20,9%-ға, тонау 16,4%-ға, бұзақылық 19,4%-ға, бөтен мүлікті ұрлау 12,6% -ға және басқа да бірқатар қылмыстық әрекеттер саны азайды. Облыс бойынша барлық тіркелгенқылмыстың 63%-ын ұрлық фактілері құрайды. Олардың көпшілігі – ұялы телефондарды ұрлау, автокөліктерден жеке заттарды ұрлау, қалта ұрлығы және басқа да кішігірім және орташа ауырлықтағы қылмыстар. 2018 жылы қабылданған ұйымдастыру және практикалық шаралардың арқасында ұрлық саны 12,6% – ға, соның ішінде пәтер ұрлығы 24,1%-ға, ұялы телефон ұрлығы 7,8%-ға және мал ұрлығы 34,4%-ға төмендеді. Осыған байланысты «Көршілер бақылауы» (2018-2019 жж.) алдын алу бағдарламасын жүзеге асыру аясында учаскелік полиция инспекторлары пәтер иелері кооперативі (ПИК) төрағаларымен, үйлер мен кіреберістер бойынша үлкендермен өзара іс-қимыл жасау бойынша жұмыстар жолға қойылды, – деді полиция полковнигі Құрманғали Ысмағұлов.
Оның айтуынша, бүгінгі күні ақпарат және байланыс саласында жасалған қылмыстар санының артуы өзекті болып отыр. 2018 жылы алаяқтық фактілерінің саны 5,0%-ға өсіпті. Статистикаға сәйкес, 2018 жылы тек интернет-алаяқтық фактілері бойынша 386 іс қозғалған. Мұндай қылмыстардың ашылуы «Киви-кошелек» арқылы аударылған сома 100 мың теңгеден аспаса, ақшаның қозғалысын бақылау мүмкін емес.
Айта кету керек, өткен жылы есірткі мен күшті әсер ететін улы заттардың заңсыз айналымына байланысты 479 факт анықталып, 2 тоннаға жуық түрлі есірткі құралдары, оның ішінде 6 кг астам героин тәркіленген.
2018 жылдың қорытындысы бойынша көшелердегі қылмыстық ахуал жақсарып, қылмыстық құқық бұзушылықтар саны 18,3% – ға төмендепті.
Білім беру, денсаулық сақтау органдарымен бірлесе өткізілген «Жасөспірім-Заң-Қауіпсіздік», «Түнгі қаладағы балалар», «Профилактика», «Жасөспірім» және т.б. алдын алу-сауықтыру іс-шаралары нәтижесінде кәмелетке толмағандар жасаған қылмыс саны 6,5%-ға қысқарғаны көз қуантарлық жайт.
Бүгінде облыс жолдарындағы заң бұзушылық жағдайлар да айтарлықтай алаңдаушылық тудырып отырғанын алға тартты. 2018 жылы жол-көлік оқиғаларын тіркеу жалпы 25,5%-ға төмендегеніне қарамастан, Жол көлік оқиғалары кезінде қаза болғандар саны 33,8%-ға өсті, 665 адам түрлі дәрежедегі жарақат алды. Мұнан басқа, жүргізушілер арасында жауапкершілікті арттырып апаттылықты тұрақтандыру үшін бірнеше рет «Қауіпсіз жол», «Автобус» және тағы басқа да рейдтік шаралар өткізіліпті.
Журналистер де өзекті сауалдарын қойып, толыққанды жауап алды. 17 сәуір күні өзінің 2 жасар баласын кепілге алу қылмыстық ісі бойынша облыстық ішкі істер департаменті бастығының баспасөз хатшысы, полиция подполковнигі Жанатай Сембеков қажетті ақпаратты ұсынды.
Жәлел ШАЛҚАР.