Қыр қазағы неге алаң?
Қырда мал баққан жұрттан дабыл түсіп жатыр. Төрт түлікті кәсіп қылған ауылдағы ағайынның алаңы бүгінде – әр жерде теңкиіп, көмусіз қалған мал өлексесі. Биыл қыстың да, көктемнің де қыр қазағын қыспаққа алғаны мәлім. Көтерем малын қыс әкетсе, қайсыбір мал басы тасқында өлді. Енді ауылдағы ағайын «көмусіз қалған өлекселерден ел мен жерге вирус, инфекция тарай ма?» деп уайым кешеді. Алда – шіліңгір шілде. Күн ысығанда ашық жатқан өлексенің не кепке түсерін болжау да қиын емес. Демек, алаң негізсіз емес. Жалпы, ветеринария туралы малсақ елдің пікірі мұнымен шектелмейді. Президенттің өзі мән беріп, реформа жасауға нұсқау берген ветеринария хақында ауыл шаруашылығында жүрген мамандардың да айтар арызы да, базынасы да баршылық…
«Өзге емес, өзім айтам өз жайымда…»
Абай ауданы, Ақбастау ауылы «Арқа» кооперативінің басшысы Аспандияр Сейсенов мал өлексесінің елдімекендерде ашық-шашық жатуынан вирус-инфекция тарайтынына бек сенімді. Оның айтуынша, бүгінде бұған бас ауыртқан құзырлы орындар кем. Ветеринария басқармасы ауданға жүктейді. Аудан, ауыл әкіміне, ал, ауыл әкімдерінен қайыр жоқтығын атап отыр.
– Малдың өлексесін жоюды ветеринария басқармасы аудандық ветеринария станциясына сілтейді. Олар ауыл әкіміне міндеттейді. Ауыл әкімі үнсіз. Өлексе шашылып, далада жатыр. Мал иелері өздері де біледі оны. Бірақ, соған немқұрайлы қарайды. «Біздікі емес» деп шығады. Дәлел жоқ. Осыны жинастырмаса, ертең топыраққа микроб пен вирус сіңеді. Ол вирус шықпады деген күннің өзінде далада өлексенің шашылып жатуы қай жағынан алсақ та, жөн емес. Малдың киесі бар емес пе? – дейді Аспандияр Сейсенов.
Дәл қазіргі уақытта бұл туралы ресми органдардан қолда нақты дерек жоқ. Бірақ, кооператив басшысының сөзінің жаны бар. Расында, ақжоңқа боп, жануар өлексесінің жатуы жақсылыққа апармайды. Мал індетінен адамның көз жұмуы да өңірде бұған дейін кездесті.
Ұзақ жылдар ауыл шаруашылығында еңбек еткен Аспандияр Сейсенов ветеринарияға толыққанды реформа жасалмай, ветеринар мамандарының жұмысы жолға қойылмайынша, мал індетінен құтылмасымызды және айтады. «Індет шыққан соң қаққан дабылдың көк тиын пайдасы жоқ. Сол індет шықпайтын амал қылу керек», – дейді ол.
Өлекседен тарайтын инфекция сан мың
Ауыл шаруашылығы малдарының арасында індет тарағаннан кейін дабыл қақпай, сол ауруды болдырмаудың алдын неге алмасқа? «Ауыл шаруашылығы малдары неге жұқпалы індетке шалдығады?» деген сұрақтың шешімі әлі күнге табылмады.
Мал арасында жұқпалы індеттің таралуының басты себебі мынада. Бірінші – зоогигиеналық ереженің сақталмауы. Екінші – зоотехникалық талаптың жоқтығы. Үшінші – ветеринарлық бақылаудың (қадағалаудың) өз деңгейінде жүргізілмеуі. Бұндай кемшіліктің етек алуы жоғарғы басшылық қызметте отырған шенділердің салғырттығынан. «Реформа жасаймыз» деумен күн өтіп, ай айналып, жыл жылжып өтіп жатыр. Ветеринарлық комитетте отырған шенділер реформа жасап, өзгеріс енгізуді қаржы мәселесін шешсе болды деп ойлайды.
Республика бойынша ветеринарлық зертхана жұмысын жандандыруға биыл бюджеттен 3,8 миллиард теңге бөлініпті. Мақсаты – заманауи талапқа сай құрал-жабдықтар сатып алу. Мәселе жаңа құрылғы алуда емес. Ветеринария саласын тығырыққа тіреп тұрған жағдай ветеринария саласы мамандарының білім деңгейінің төмендігі және өндірістік іс-тәжірибенің жоқтығы. Сөздің нақты шындығын айтсақ, ветеринария саласының мамандары супермаркет сауда орталығының қызметкерлері сияқты. Жұқпалы індеттерге қарсы, алдын алу шараларына бөлінген қаржыны игерсе, болды.
Ветеринария саласы бойынша реформаны ауылдан бастау керек. Мемлекеттік бюджет есебінен ауылды жерде ветеринарлық пункт жанында мал қамалатын шарбақ және мал соятын алаң, өлексе шұңқыры талапқа сай болуы шарт. Қазіргі ауыл ветеринарларының қолында түртерге инелері жоқ. Сонда қалай індетке шалдыққан малды емдейді? Тек малдан қан алып, зертханаға өткізумен ғана шектеліп отыр, – дейді Аспандияр Сейсенов.
Ашық ресурстағы мамандар пікіріне жүгінсек, барлық малдың өлексесі топырақты, ауаны сөзсіз ластайды. Сөйтіп, індет тарауына себепкер болады. Мәселен, жұқпалы аурумен өлген мал өлексесі мен ішкі ағзаларында патогенді микроорганизмдер ұзақ уақыт сақталады екен. Атап айтқанда, өлекселерде туберкулез қоздырғыштары 500 тәулік, листериоз қоздырғыштары 160 тәулікке дейін тірі жүреді дейді деректер.
Үміт – реформада
Бұл – ветеринарияның бір мәселесі ғана. Мұның сыртында әлі қатпары қалың проблемасы шаш етектен. Рас, ветеринариядағы күрделі мәселенің күрмеуі кейінгі жылдары шиеленісті.
Түлік түлетіп, тұрмыс кешкен халыққа ветеринардың зары өткелі де көп жыл. Жалпы, ветеринария жүйесінің түбегейлі реформа күткеніне де біраз жыл. Сондықтан да, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында ветеринарияға реформа жасауды тапсырған болатын. Ауыл шаруашылығы министрлігі ветеринария жүйесінің ағымдағы жағдайына кешенді талдау жүргізді. Бірқатар өзекті проблемалық мәселелерді анықтағаны мәлім. Соның нәтижесінде 55 шараны қамтыған жоспар да бекітілгенін мәлімдеген болатын Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің төрағасы Асқар Жақыпбаев. Бұдан бөлек, «Ветеринария мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасын Мәжіліс депутаттары да дайындаған. Ол заң қабылданса, ветеринарияны реттейтін көптеген заңнамалар жетілдіре түседі. Осылайша бүгінде ел ішінде қордаланған ветеринария мәселесі біртін-біртін шешімін табады деген үміт зор.
Қызғалдақ АСҚАРҚЫЗЫ,
Ortalyq.kz