Қыпшақтың көзіндей
Нұра ауданындағы Изенді-6 бейітінің бір бөлігінен баланың қабірі табылды. Қабірді Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетінің экспедиция мүшелері тапқан. Қабір зерттеушілердің болжамы бойынша шамамен 1000 жыл бұрынғы.

Археологтар айтуынша, қабір мың жыл бойы бұзылмай, сол қалпында сақталған. Қабырға етіп жасалған тастар да, бетін жапқан жалпақ тас та борымаған. Зираттан ғалымдар баланың сүйегін, жебе ұштарын, ат әбзелдерінің бөлшектерін және былғары дорба тапты.
Сүйектің жанынан сұрақ белгісі түріндегі сырға да табылды. Мұндай сырғаларды XII-XIV ғасырларда өмір сүрген қыпшақтар таққан.
Антрополог Айкүміс Раисова кешенді остеологиялық талдау жүргізіп, сүйектер 9-12 жастағы балаға тиесілі екенін анықтады. Сонымен қатар, баланың тірі кезінде сол жақ иық сүйегін сындырғаны анықталды.
– Мұндай жерлеулер сирек кездеседі. Орта ғасырдағы ескерткіштер Қарағанды облысының аумағында аз зерттелген. Сондықтан, осы кезең бойынша алынған жаңа нәтижелер өзекті және қызықты, – деді Сарыарқа археологиялық мұражайының директоры Алексей Кукушкин.
Радиокөміртекті талдаудың деректеріне сәйкес, қабір ХІІ-ХІІІ ғасырларға тән. Ғалымдар қосымша талдау жүргізіп, жерлеу рәсімін зерттеуді жалғастырмақшы.
– Табылған бұйымдар көмудегі металдардың құрамын анықтауға көмектесетін спектрлік талдау көмегімен қосымша зерттеледі. Одан әрі артефактілер облыстық тарихи-өлкетану мұражайына тапсырылады, – деді Алексей Кукушкин.
Еске сала кетейік, бұрын қарағандылық археологтар Талды тарихи-археологиялық саябағының аумағынан ежелгі темір дәуірінің қорымын тапқан болатын. Ғалымдар осы қорымның төңірегінен басқа да зираттар, тарихи ескерткіштер табылуы ықтимал деп отыр.
Ерік НАРЫН,
«Ortalyq Qazaqstan»