Қыпшақ ғибадатханасы
Ақтоғай ауданындағы тарихи орынның бірі – Жіңішке өзенінің аңғарындағы Қыпшақтардың Тәңірге табынған ғибадатханасы.
Ақтоғай – тас, қола дәуірінің, сақ пен түркі кезеңінің, қыпшақ заманының таңбасы тасында қалған өлке. Әулиетаудағы алғашқы адамдар тұрағына айналған тас үңгір, Беғазы тауының етегіндегі қола дәуірінің алып кешені көнеден сыр шертеді. Желтаудағы таңбалар галереясы – мәңгілік тасқа басылған тарих.
Жіңішке аңғарындағы ғибадатхана – ауданның таңдаулы тарихи ескерткіштерінің бірі. Беғазы ғибадатханасы деп те аталатын бұл жерде оғыз-қыпшақ заманынан сақталған тарихи ескерткіштер де орын тепкен. Үйілген тас оба, құлап қалған үйтас тәрізді. Шығыс етегіндегі тастардың арасында бір қатарға тізілген, әйел бейнесіндегі үш тас мүсін тұр. Биіктігі – 0,7 метр. Әсемделіп қашалған мүсіндердің ортадағысы жас қызға ұқсайды. Ал, шеткері орналасқан мүсіндер шошақ бөрік тәрізді бас киіммен бейнеленген. «Әйел мүсіндерін үйтас алдына немесе ішіне қою ІХ-ХІ ғасырлардағы оғыз-қыпшақ тайпаларына тән» дейді археолог мамандар. Тайпа мүшелері осы жерде құрбандық шалып, ас беріп, түрлі салт-жоралғылар жасап отырған-мыс.
Ақтоғай аудандық археологиялық-этнографиялық музейі қызметкерлерінің айтуынша, аталмыш ғибадатханаға 1990 жылдары зерттеу жұмыстары жүргізілген. Археолог, ғалым Жолдасбек Құрманқұловтың зерттеу жұмыстары барысында бұл жерден боялған тас мүсіндер табылған. Жалпы, көне түркі, қыпшақ дәуірінің мүсіндері – мемориалды мүсіндер болып саналады. Яғни, өлген адамның құрметіне орнатылған ескерткіш. Мысалы, көне түркілер тасты «мәңгі» деп санаған. Мұны руникалық жазбалар дәлелдеп отырады. Сол себептен де, тас мүсіндерді орнатудағы мақсаты – ұлы бабаларды халықтың есінде мәңгі қалдыру. Сондай-ақ, көне адамдар «Тәңір бабаларын қайта тірілтеді» деген сенімде болған.
Иә, уақыт пен заманалар аралығындағы алтын көпір іспетті осынау тарихи орындар бағзыдан сыр шертіп тұра бермек. Тек, оларға тиісінше, қамқорлық жасап, келер ұрпаққа әспеттеп жеткізу басты міндетіміз болуы қажет.
Думан ҚАБЫЛ.
АҚТОҒАЙ ауданы.