Ынтымақ жолындағы ымырашыл қадам
Иә, сайлау өтті. Менің ойымша, біз үшін Қазақстан халқының пікірі маңызды. Қазақстан халқы Қасым-Жомарт Кемелұлына зор қолдау мен сенім көрсетті. Сайлау әділ және ашық өтті. Сайлауды өткізер алдында біздер жер-жерге барып, қазақстандықтардың қазіргі Президенттің саясатына қатысты ұстанымымен таныстық. Нақтылағанда қоғамдық ұйымдармен, азаматтық қоғам өкілдерімен кездестік. Сын бар. Бірқатар мәселелер бойынша жекелеген пікірлер легі бар. Сайып келгенде, Қазақстан – бірінші кезекте тұрақтылықты, елдігімізді сақтауға мүдделі.
Ендігіде Президентімізді ұлықтау рәсімінен кейін жаңа ережелер бойынша жоғары билік органдарын қалыптастыру кезеңі басталғанын атап өтуіміз абзал. Қазақстандағы саяси трансформация маусым айында елдің 77%- дан астамының мақұлдауымен, Конституцияға түзетулер бойынша референдум өткізуден басталды.
Биылғы жыл Қазақстанда саяси тәуекелге толы, сындарлы меже болды. Қасым-Жомарт Кемелұлының осы жоғары лауазымдағы қызметі ел экономикасы салаларының серпінді дамуына және қоғамды жаңғыртуға, неғұрлым қолайлы өмір мен халықты кепілді әлеуметтік қорғауды қамтамасыз етуге, халықаралық аренадағы Қазақстанның беделін арттыруға қызмет ететіні сөзсіз.
Ойымның соңын Президентіміздің мына бір сөзімен тәмамдағымыз келіп отыр. «Халықтың сенімі – ең құнды нәрсе. Сайлау нәтижесін халқымыздың саяси бағдарыма – бағасы, алдағы жоспарыма – батасы деп қабылдаймын. Халқының қолдауына ие болып, ел тізгінін ұстау – ер-азамат үшін ең биік мәртебе әрі орасан зор жауапкершілік. Алдағы 7 жылды бүгінгі буынның және келешек ұрпақтың алдындағы борышымды өтеуге берілген бірегей мүмкіндік деп білемін. Қазақта «аманат» деген асыл ұғым бар. Халқымның сенімі – маған аманат. Осы аманатқа адал болу – мен үшін қасиетті парыз. Ел үмітін ақтап, Қазақстанды өркендеген, бақуатты мемлекетке айналдыру үшін қолымнан келгеннің бәрін жасаймын», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Юлия БАДИНА,
Қарағанды облыстық мәслихатының депутаты