Ынтымақ – ырысымыз
Бүгінгі өткен Қазақстан Халқы Ассамблеясының XXXIV сессиясына облыстан барған делегация құрамымен қатыстық.

Биыл – бейбітшілік пен бірліктің бастауы болған Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 30 жыл. Бұл – еліміз үшін аса маңызды белес, тұғырлы Тәуелсіздігіміздің нығаюына өлшеусіз үлес қосқан институттың мерейтойы.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің сөйлеген сөзінде «Бұл мерейтой әр азаматтың бақ-берекесін арттыру жолында ұлтымызды ұйыстыратын маңызды белеске айналады деп сенемін. Жұртымыз үшін ең үлкен марапат – елдің тыныштығы. Шын мәнінде, қоғамда татулық болмаса, басқа жұмыстың бәрі бекер болмақ», – деді.
Саяси маңызы бар жиында ұлттық дәстүрлер мен мәдениетті дәріптеу, көп ұлтты қоғамда толеранттылықты нығайту, балалар мен жасөспірімдерге патриоттық тәрбие беру сынды бастамалар кеңінен талқыланды.
Сонымен қатар, Аналар кеңесінің аймақтардағы жұмысын жандандыру, қоғамдық бірлік пен келісімді арттыруға бағытталған жобаларды қолдау мәселелері де күн тәртібінде болды. Бұл ұсыныстар қоғамдағы ынтымақ пен бірлікті одан әрі нығайтуға серпін беретіні сөзсіз.
Айжан ҚИЯСОВА,
Қарағанды облысының Аналар кеңесінің төрайымы