Теміртаудағы тоғыз этномәдени бірлестік пен қазақ мәдени орталығы бейбітшілік пен келісімді нығайтуға қосқан үлесі үшін қала әкімінің сыйлығын алды. Осыдан бес жыл бұрын басталған үрдіс бүгінде жақсы дәстүрге айналған. Салтанатты шара қаладағы мәдениет сарайында өтті.
– Бұл сыйлық – сіздердің күш-жігерлеріңіз бен жетістіктеріңізді мойындау. Сондай-ақ, біз қоғамымыздың бірегейлігін көрсету үшін жиналдық. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, «Қазақстан халқы Ассамблеясы біздің қоғамдағы тұрақтылық пен бейбітшілікті қамтамасыз етудің маңызды құралы болып табылады», – деді Теміртау қаласы әкімінің орынбасары Самат Зияшев құттықтау сөзінде.
Сыйлық мөлшері – 300 мың теңге. Этно бірлестіктердің басшылары бұл қаражат әрі қарай жемісті жұмыс істеуге көмек екенін атап өтті.
Теміртауда ел Тәуелсіздігінің таңында құрылған этно бірлестіктер бар. Мысалы, «Понтос» грек мәдени орталығы келесі жылы 30 жылдығын атап өтеді. Ал, «Анвар» татар-башқұрт бірлестігіне – екі жыл.
Мәдениет сарайында қалада тұратын этностардың сәндік-қолданбалы өнер көрмесі ұсынылды.
Ал, шараның ресми бөлігінен соң концерт қойылып, этно бірлестіктер халық әндерін шырқап, ұлттық киімдерін таныстырды.
Өз тілшімізден.