Шет ауданы – дамуы қарқынды өңір. Елдімекендердің инфрақұрылымы жаңарып, ауыл шаруашылығы мен өндіріс өркен жайып келеді. Бүгінде аудан уақыт талабына сай тыныстап тұр. Қазақы қалпы сақталып, өндіріс пен кәсіпкерлікке ден қойған өңір даму көшінен қалған жоқ. Осы орайда аудан әкімі Мұхит Мұхтаровпен арнайы әңгімелескен едік.

– Мұхит Сайлауұлы, былтыр Шет ауданында бірқатар маңызды жұмыстар атқарылды. Биыл да жалғасын табуда. Осы жылғы негізгі көрсеткіштер көңіл көншіте ме?
– Ия, өткен жыл Шет ауданы үшін ерекше есте қаларлық жыл болды. 2024 жылы ауданымыздың бюджеттік қаржылары 14 миллиард 945 миллион теңгені құрады. Оның 7 миллиард 905 миллион теңгесі салықтық түсімдер арқылы қалыптасса, қалған бөлігі республикалық және облыстық бюджеттен алынған 6 миллиард 148 миллион теңге трансферттер арқылы қамтамасыз етілді. Бұл қаражат негізінен елдімекендердегі инфрақұрылымды дамытуға, тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға бағытталды: ауыз су мен кәріз жүйелері тартылды, жолдар жөнделді, су шайып кеткен қорғаныс бөгеттері қалпына келтірілді. Сондай-ақ, басқа да әлеуметтік маңызды жобалар іске асырылды. Ал, 2025 жылы аудандық бюджетіміздің кірісі 8 миллиард 632 миллион теңге болса, шығысы 13 миллиард 970 миллион теңгеге жетті. Республикалық бюджеттен 1 миллиард 7 миллион теңге, облыстық бюджеттен 3 миллиард 184 миллион теңге трансферт келді. Бұл қаржыға әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, Ақсу-Аюлы ауылында жаңа жабық бассейн құрылысына 300 миллион теңге жұмсалды. Көктіңкөлі станциясы мен Әлихан ауылындағы су құбыры желілері үшін 200 миллион теңге бөлінді. Красная Поляна ауылындағы су құбыры желілерін қайта құруға 409 миллион теңге бағытталды. Әлеуметтік осал топтарға тұрғын үй сатып алуға 1 миллиард 338 миллион теңге жұмсалды. Мемлекеттік қызметшілер мен қазыналық кәсіпорын қызметкерлерінің жалақысы 7 миллион теңгеге көтерілді. Ақсу-Аюлы ауылындағы кәріз желілерін жаңартуға 100 миллион теңге қаралды. Еңбекшіл ауылындағы су құбырын салуға 34 миллион теңге бөлінді. Төтенше жағдайларға резерв және бюджеттік кредиттерге 548 миллион теңге қаралды. Өзін-өзі басқару субвенциясы ретінде 630 миллион теңге бағытталды. Мұның бәрі – аудан тұрғындарының күнделікті тұрмысын жеңілдетіп, сапалы инфрақұрылымға қол жеткізуге бағытталған маңызды қадамдар. Ауылдардың әр көшесі мен әр үйі осы қаржының жемісін көріп отыр деп айтуға болады.

– Түлік өргізген ауданның кейінгі кезеңде өндірісі де өрлеп келе жатқандай…
– Иә, Шет ауданының экономикасы жыл өткен сайын дамып келеді. 2025 жылдың қаңтар-қазан айында ауданымыздың нақты секторында 142 887,6 миллион теңгенің өнімі өндірілді. Бұл көрсеткіш өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 25 269 миллион теңгеге артық. Яғни, экономикалық өсімнің айғақтық көлем индексі 123,1%-ға жетті деген сөз. Бұл – ауданымыздың өндіріс әлеуеті мен қарқынды дамуын айқын көрсететін нақты деректер. Тау-кен өнеркәсібінде 92 564,3 миллион теңгенің өнімі өндірілді. Ал, өткен жылы 85 739,1 миллион теңге болған еді. Мәселен, «Нова-Цинк» компаниясы шахталық тәсілмен кен өндіруді кеңейтіп, 29,8 мың тонна мырыш қоспасын және 5,8 мың тонна қорғасын қоспасын өндірді. Бұл – өндіріс сапасы мен тиімділігінің нақты айғағы. «Bary Mining» 3 756,9 мың тонна темір кенді қойыртпасын өндіріп, өндіріс көлемін екі есеге арттырды. «Sary-Arka Copper Processing» 5 891 тонна мыс өндірді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 1 908 тоннаға артық өнім. Бұл компанияда да өндірістің тұрақты өсуі байқалады. Өңдеу өнеркәсібі де қарқынды дамып келеді. Биыл бұл салада 44 770,4 миллион теңгенің өнімі өндірілді. Өткен жылы бұл көрсеткіш 27 343,2 миллион теңге болған еді. Бұл – өндіріс көлемін екі есе арттырудың, жаңа жобаларды іске асырудың көрінісі. Инвестициялар саласында да аудан айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізді. Биылғы жылдың 10 айында негізгі капиталға 50 094,6 миллион теңге инвестиция салынды. Дегенмен, нақты көлем индексі 50,7%-ға жетті. Себебі, өткен жылы «Қызыл Арай» ЖШС жобасына 97,5 миллиард теңге көлемінде ірі инвестиция салынған болатын. Өндіріс пен инвестиция ұштасып, ауданның әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттырып отыр. Әрбір жаңа өндіріс ошағы, әрбір инвестициялық жоба – бұл аудан тұрғындарының өмір сапасын жақсартуға бағытталған нақты қадам.

– Кәсіпкерліктің көкжиегін кеңейтіп, экономикаға үлес қосудағы салмағы қандай?
– Шағын және орта бизнес – экономиканың серпінді дамуына серік. Биыл 3 360 шағын және орта кәсіпкерлік құрылым бар. Бұл көрсеткіш өткен жылдың 3 657 құрылымымен салыстырғанда сәл төмендеу байқалса да, жұмыспен қамтылған адамдар саны артты – 5 951 адам тұрақты кәсіптің табалдырығын аттады. Өндірілген өнім көлемі де өсіп, 71 500 миллион теңгені құрады. Шағын және орта бизнес, аудан экономикасына нақты үлес қосуда.
Ауданның экономикалық тірегі әрі ауыл халқының тұрмыс сапасын арттыратын маңызды сала – ауыл шаруашылығы. Биыл ауданымызда ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 59 333,8 млн теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 4 661,8 млн теңгеге артты. Еттің жалпы көлемі 15 мың, сүт өндірісі 43,2 мың тоннаға, ал, жұмыртқа – 2,2 млн данаға жетті. Мал шаруашылығында ірі қара – 98,2 мың бас, жылқы – 83,1 мың бас, қой мен ешкі – 161,4 мың бас, құс – 27,4 мың басқа жетті. Бұл көрсеткіштер ауданның азықтүлік қауіпсіздігін нығайтып қана қоймай, ауыл халқының тұрақты табысын қамтамасыз етеді. Жеке шаруа қожалықтарына мемлекет тарапынан 614 млн теңге қаражат бөлініп, 79 бірлік заманауи ауыл шаруашылығы техникасы мен 261 бас асыл тұқымды мал сатып алынды. Нәтижесінде ауыл шаруашылығы техникасы 2%-ға жаңарды. Сонымен қатар, суармалы егістіктерді дамытуда, 2 600 млн теңге көлемінде үш ірі инвестициялық жоба іске асырылуда. «Ауыл аманаты» жобасы аясында 12 жеке кәсіпкер 49 млн теңгеге 120 бас ірі қара малға ие болса, тағы бір кәсіпкер 9 млн теңгеге қаражатты ауыл шаруашылығы айналымына енгізді. Екі өндірістік кооператив 53 млн теңгеге несие алып, ауыл шаруашылығы техникасы мен қосалқы бөлшектерді сатып алды. Сонымен қатар, 810 шаруа қожалығы әртүрлі бағыттағы субсидия ретінде 426 млн теңге алды. Барлық осы шаралар ауданның ауыл шаруашылығын жаңғыртып, жергілікті өндірісті тиімді дамытып, тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға зор үлес қосуда.
– Бұқараның басты проблемаларының бірі – баспана екені анық. Соңғы жылдары тұрғын үй көптеп салынуда екен…
– 2024 жылы 9 589 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілсе, 2025 жылдың 10 айында бұл көрсеткіш 10 688 шаршы метрге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 111,5%-ды құрады. Өткен жылы тұрғын үйге мұқтаж отбасыларға 206 пәтер кілттері табыс етілсе, биыл жыл соңына дейін 80 пәтерді тапсыру жоспарлануда. Сонымен қатар, аудандық бюджеттен екінші нарықтағы үйлерді сатып алу үшін 44 млн теңге бөлініп, Ақсу-Аюлы, Ақадыр және Кеншоқы ауылдарында 7 пәтер кезектілік тізіміне сәйкес тұрғындарға берілді.
– Коммуналдық саланың ахуалы қалай?
– Биыл, су құбыры желілерін тарту және қайта жаңарту жұмыстары белсенді жүргізілді. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында төрт елдімекенде су құбыры желілерін тарту жұмыстары толық аяқталып, тұрғындарға таза ауыз су қолжетімді болды. Ал, Красная Поляна ауылындағы желі жөндеу жұмыстары келесі, 2026 жылға жоспарланған. Сонымен қатар, аудан аумағындағы жеті елдімекенде кешенді блок модульдері орнатылып, халықтың күнделікті тұрмысын жақсартуға және коммуналдық қызмет көрсетуді оңтайландыруға үлкен үлес қосылды. Электр жүйесін жаңарту да назардан тыс қалмады. «Шет-Энерго» кәсіпорын иелігіндегі электр желілеріндегі ақаулар салдарынан кейбір елдімекендерде тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар электр тоғысыз қалды. Осы мәселені шешу мақсатында аудандық бюджеттен 135 млн теңге, облыстық бюджеттен қосымша 300 млн теңге бөлінді. Сол қаражатқа 28 КТП, 30 ажыратқыш және 1 100 метр кабель сатып алынып, бес елдімекенде электр жүйелері толық жаңартылды.
– Көлік жолдары көптің көңілінен шыға ма?
– Былтыр алты елдімекенде жалпы ұзындығы 21 шақырым болатын жолдарға асфальт төселді. Бұл жолдар тұрғындарға жайлылық пен қолайлылық әкелді. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы өнімдерін тасымалдау мен кәсіпкерлік қызметтерді жүргізуді де айтарлықтай жеңілдетті. Ал, биылғы жол құрылысы ауқымын кеңейтіп, жеті ірі елдімекенде ұзындығы 29,2 шақырым жаңа асфальт жол салынды. Жобалар тек қана автокөлік қозғалысын жеңілдетіп қана қоймай, ауданның көркіне көрік қосты. Елдімекендердің біртұтас сәулеттік келбетін қалыптастыруға ықпал еткені анық. Жалпы, жол және инфрақұрылымдық жобалар – ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының айқын көрінісі екендігі сөзсіз. Әлі де, тұрғындардың өмірін жақсартуға бағытталған нақты іс-шаралар кешені жоспарланып отыр.
– Денсаулық сақтауда серпін бар ма?
– Денсаулық сақтау саласында да оң серпін байқалады. Биыл 12 жаңа медициналық нысан пайдалануға беріліп, аудан тұрғындары сапалы медициналық қызметке қол жеткізеді. Жалпы, 60 дәрігер мен 265 орта буын медицина қызметкері халыққа күнделікті қызмет көрсетуде. Жаңа құрылыс нысандары заманауи құрал-жабдықтармен қамтылып, дәрігерлер мен медбикелердің жұмысын жеңілдетіп, емделушілерге қолайлы жағдай туғызуда.
– Келер жылы қандай келісті бастамалар күтіп тұр?..
– Біздің басты міндет – әр тұрғынның өмір сапасын арттыру. 2026 жылға жоспарланған жобалар тек инфрақұрылымды дамытуға ғана емес, сонымен қатар, ауыл шаруашылығын жетілдіруге, шағын және орта бизнесті қолдауға, инвестиция тартуға бағытталған. Жаңа жобалар ауыл мен қала тұрғындарына теңдей пайда әкеліп, білім, денсаулық сақтау, спорт және мәдениет салаларында да айтарлықтай нәтижелер көрсетуге мүмкіндік береді. Біз әр жобаны сапалы, тиімді және уақытылы орындауға ерекше көңіл бөлеміз. Бұл – ауданның тұрақты дамуы мен тұрғындардың әл-ауқатының артуының кепілі. Әр бастама – халық игілігіне қызмет ететін нақты іс-қимылға айналады.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Нұрдос КӘРІМ,
«Ortalyq Qazaqstan»



