Ынтымақтастық аясы кеңейеді
Қарағанды облысында осыған дейін білім және денсаулық саласында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бойынша бірқатар шаралар атқарылып, өзінің жемісін берді. Енді, билік те, кәсіпкерлер де әріптестік аясында өзге салаларды дамытуға мүдделі. Осы орайда облыс әкімінің орынбасары Алмас АЙДАРОВ аймақ кәсіпкерлерімен және басқарма басшыларымен кездесу өткізді. Басқарма басшылары мемлекеттік-жекеменшік әріптестікке жобалар ұсынды.
Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бағдарламасы – мемлекеттік сатып алулар мен сервистік келісім-шарттың жақсы баламасы. Бұл бағдарлама бойынша ТКШ саласында 3 жоба, білім беруде – 13, авто жолдар саласында – 6, спортта – 3, табиғи ресурстар саласында – 12 және денсаулық сақтауда – 5 жобаны жүзеге асыру жоспарда.
Бизнесмендерге Саран мен Теміртау қалаларының мектептеріндегі бақылау камераларын, облыс бойынша авто жолдарды жөндеу және оларды қадағалауына беру көзделіп отыр. Сондай-ақ, «Қарағанды-Арена» мұз сарайы, «Барс» және «Бригантина» спорттық-сауықтыру лагерьлері де жекеменшікке беріледі.
Мемлекеттік-жекеменшік әріптестігі аясында құны – 275 млн. теңгеге бағаланған мемлекеттік орман қорының төңірегінде орман өрттері мониторингі кешенін орнату, сондай-ақ, «Орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі Қарағанды шаруашылығы» мемлекеттік мекемесі үшін лизингке орман шаруашылығы техникасы мен жабдықтар сатып алу жобасы бар. Жоба құны – 378 млн. теңге. Сондай-ақ, МЖӘ аясында туризмді дамыту үшін мемлекеттік орман қорының 6 учаскесін абаттандыру жоспарда дейді, Қарағаны облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Руслан Төлепбаев.
Жезқазған және Балқаш қалаларында қоқысты сұрыптау және қайта өңдеу кешенінің құрылысын және қатты тұрмыстық қалдықтар полигонына арналған МЖС жобалардың әрқайсысының құны – 1 млрд 200 млн. теңге. Ал, Абай қаласы, Вольный, Қарабас кенттерінде қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару мен кәдеге жарату қызметі мен ҚТҚ полигонын ұстап тұру және пайдалану үшін – 500 млн. теңге қажет. Балқаш қаласындағы коммуналдық-тұрмыстық ағын суларды тазалау құрылғыларының құрылысына – 6 млрд 848 млн. теңге. Сондай-ақ, Қарқаралы қаласында тазалау құрылғыларын қайта құрылымдау жобасы бойынша 804,7 млн. теңге бөлінген.
«Қарағанды су қоймалары» мемлекеттік мекемесін материалдық-техникалық жабдықтауға 430 млн.теңге бөлінсе, гидротехникалық құрылғыларды мемлекеттік сенімгерлік басқаруға беру жобасы 500 млн. теңгеге бағаланған.
Мемлекеттік-жекеменшік 2 әріптестік аясында Шахтинск ЖЭО модернизациялау 30 млрд.теңгеге бағаланып отыр. Қарағанды облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Ұлантай Үсеновтің айтуынша, Шахтинск ЖЭО үшін тұрақты серіктес іздестіруде. Кезінде құрылысы толық аяқталып үлгермеген жылу-электр орталығының әуел бастағы жобалық қуаттылығы 150 МВт болуы керек болса, қазір 12 Мвт қана. Бұл – Шахтинск тұрғындарын жылумен толық қамтамасыз етуге жеткіліксіз.
Алмас АЙДАРОВ, облыс әкімінің орынбасары:
– Бүгін облыс кәсіпкерлерімен бірге мемлекеттік-жекеменшік әріптестікке қатысты кездесу ұйымдастырып отырмыз. Былтырғы жылы жергілікті кәсіпкерлермен 21 шартқа қол қойылса, биыл тоғызы тіркеуге құжаттарын тапсырды. Қазіргі таңда басқармаларда жеке кәсіпкерлер өздерінің тілектерін білдірген қырыққа тарта жоба бар. Енді, көп қаржы салуды қажет ететін күрделі жобаларды жүзеге асырғымыз келеді. Мысалы, миллиардтаған қаржы керек болатын аурухана, спорт нысандарын тұрғызу да осылардың қатарына кіреді. Бізде ұзақ мерзімге ақша салуға дайын ірі бизнесмендер жоқ емес. Мемлекеттік мүлікті сенімгерлікке тапсыруға болатын нысандар да бар. Бәсекелес ортаға түсетін сала көбірек болса, тіпті, жақсы. Бүгінгі ашық әңгімеде бизнес өкілдерінің қаржыны қай салаға құйғысы келетінін білеміз.
Салтанат ИЛЬЯШОВА.
Суретті түсірген Д.КУЗМИЧЕВ.