Бас тақырып

Ынтымақ, Бірлік, Келісім – баянды бақыт ел үшін!

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты ХХХІІІ сессиясында «Біз Құрылтайдың Атыраудағы отырысында негізгі идеологиялық тұжырымдарды жинақтап, жүйелеп алдық. Жалпыға ортақ құндылықтарды айқындадық. Бұл – ең алдымен, Тәуелсіздік және Отаншылдық. Одан кейін – Бірлік және Ынтымақ. Келесі – Әділдік пен Жауапкершілік. Сондай-ақ – Заң және Тәртіп. Бұдан соң – Еңбекқорлық пен Кәсібилік. Және – Жасампаздық пен Жаңашылдық. Бұл – біздің саясат пен экономикадан бастап, білім мен мәдениетке дейінгі барлық саладағы бағыт-бағдарымыз. Мұның бәрі халқымыздың азаматтық бірегейлігін нығайтады. Сондай-ақ, еліміздің болашақ келбетін қалыптастырады», – деп атап өткен еді.

Коллажды жасаған М.Әйнекова

«Қол жұмылмай – жылынбайды»

Ардақты Оқырман, Қазақстан тарихи өзгерістер кезеңінде, әсіресе, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен жүргізіліп жатқан реформалар аясында Бірлік күнін атап өткелі тұр. Бұл күн бастан кешкен бір белес кейпіндегі құр есте сақтау, өткен мен бүгінді теңгерерлік мезет қана емес, сонымен қатар, егемен елді жаңа көкжиектерге апаратын дәуірлік өзгерістерді бағалау сәтіне айналады.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ба­йырдан келе жатқан қазақ халқының даң­ғыл да даңғайыр жолын жалғастыра оты­рып, XXI ғасырдағы жұрт санасын жаңғырту және оның қоғамдық институттарын нығайту жөніндегі өршіл де өргек жоспарларды алға тартты. Қазақстанда жүргізіліп жатқан соңғы реформалар аясында осы кезеңді мейілінше анық етіп айқындайтын негізгі темірқазық ұстындарға назар аудару аса маңызды.

– Кез келген халықтың басын талайына тап келген тағдыры қосады. Бұл – ащы да болса, ақиқат! – дей келе, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Шамиль Осин Президент ұстанған бағдарға пайымды пікір білдіре кетті. – Әлбетте, мемлекеттік тілдің ұйыстырушы фактор ретіндегі орнын ешкім ешқашан ешқайда шегере алмайды. (Қазақ тілінде сөйлеп. Е.К.) Біз біргеміз! Қазақ тілінің мәртебесінің шеңберінде біз бірігеміз! Ж.Баласағұнның «Халық тарықса, саясат түзейді» деген ұлағатты сөзі бар-тын. Қасым-Жомарт Кемелұлы елін есті саяси жолымен бірлік пен жалындаған ынтымақ жолына үндеуде. Бірлік күні бірегейлікке ұмтылдырсын деп тілек қосамын!

Реформалардың бірінші және, мүмкін, ең мәнді аспектісі – демократиялық институттарды нығайту. Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтық қоғамды дамытудың маңыздылығына және азаматтардың шешім қабылдауға қатысуын арттыруға қатысты нақты ұстанымын көпшілікке кеңінен білдірді. Бұған сайлау жүйесін жақсарту, сөз бостандығы мен әр азаматтың ақпаратқа қол жеткізу құқығын кеңейту бастамалары кіреді. Қош. Мақаланың тақырыбы «Бірлік» сөзінен бастау алды. Бұл жай сөз емес. Задында, мұны қоғамның жетістігі мен өркендеуіне үлкен мән үстейтін ұғым ретінде тереңірек түсінсек етті. Мәдениет, дін, саясат және пікір қайшылықтарына тап болған қазіргі әлемде бірлік үйлесімділік пен дамуға қол жеткізу үшін қажетті бірден-бір бірегейліктің тұмары іспетті бірегей нышанына айналады.

«Ынтымақ болмай, іс оңбас»

Адамдар ортақ мақсат бағытында ұйысқанда олардың табысқа жету мүмкіндігі жоғары болады. Бұл жазылмаған қағида шағын топтардың ауқымында да, мұқым ұлттардың аясында да тең қолданылады. «Бірлік» категориясы тым күрделі мәселелер мен сандаған қақтығыстарды оңтайлы шешуге игі ықпал етеді. Әртүрлі көзқарастағы жандар бір мүдде шеңберінде, ортақ шешім таба алатын болса, бұл бейбітшілікте өмір сүруге әрі сөзсіз дамуға негіз болады.

– Достар, түрлі қиындық атаулысына байыппен қарап, бір-біріне басалқы айта алған дана халқымыз иінін төмен салмай қайрат қылуда. «Алпыс күн тасыған дария алты күнде қайтады» деген мәйекті мәтел көп нәрсені аңғартса керек. Ақжарылқар айшықты күндер алдымызда! Бар арман тек бұқара аманатына адалдық таныту. Қиыншылық – бір мектеп. Тату жұртқа тақсірет жуымайды! Бірлігімізге де, тірлігімізге де өзіміз ғана иеміз. Алдағы мерейлі мереке құтты болсын! – дейді «LITUANICA» этно-мәдени бірлестігінің төрағасы Виталий Ионо Тварионас.

Ақырында, сіз бен біз сөз еткен Бірлік қоғамның тұрақтылығын қамтамасыз етуде шешуші рөл атқарады. Адамдар өздерін біртұтас жүйенің бір бөлігі ретінде сезінгенде, олар ортақ игілікке қызмет ететін заңдар мен институттарды қолдауға бейім. Бұл тұрақсыздық пен хаосқа әкелуі мүмкін қақтығыстар мен бөлінулердің алдын алуға көмектеседі. Енді осы ымыра мен ынтымақ арқасында ел экономикасын әртараптандыруға және өркендетуге бағытталған экономикалық реформаларға тоқталсақ. Президент инвестициялық ахуалды жақсартудың, кәсіпкерлікті ынталандырудың, шағын және орта бизнесті дамытудың маңыздылығын атап өтті. Бұл түбегейлі шаралар экономикалық тұрақтылықты нығайтуға және Қазақстанның әлемдік аренадағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталып отыр. Бұған азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған әлеуметтік реформалар легін қосалық. Мемлекет басшысы денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қорғау жүйесін жақсартуға, теңсіздікті азайтуға және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске шақырды. Бұл шаралар неғұрлым әділ және тең құқықты қоғам құруға нысана алды.

Төртеуі түгел – төрге шығар

Ыждаһатты Оқырман, сайып келгенде Бірлік күні Қазақстанның халқының сан алуан мәдениеті мен дәріпті дәстүрін, әртүрлі этностың ерекшелігін құр атап өту үшін ғана емес, өткенімізге салауат қылып, болашағымызды бағамдар сәт десек, жарасар. Қоғам өмірінің әртүрлі салаларында жүзеге асырылатын реформалар елді орнықты, әділ және өркендете отырып, дамудың жаңа перспективалары мен мүмкіндіктерін ашады. Сын-қатерге толы кезеңде Қазақстан өзінің стратегиялық мақсаттарына берік ілгерілеуде. Жүйелі саяси реформаларда, экономиканы жаңғыртуда және қоғамдық этиканы жаңартуда елеулі табыстармен ел өркендеу мен дамуға елеулі қадамдар жасауда.

Саяси өзгерістер азаматтық қоғамға серпін беріп қана қоймай, азаматтардың шешім қабылдауға қатысуын кеңейтті. Бүкіл билік қазір елдің дамуы үшін жаңа координаттар жүйесін құра отырып, адамның мүдделерін, құқықтары мен бостандықтарын қорғау үшін жұмыс істейді. Әділдік пен инклюзивтілік қағидаттарына негізделген жаңа экономикалық модельге көшу әрбір азамат үшін лайықты өмір сүру деңгейін уәде етеді. Бұл реформалар бұрын-соңды болмаған сипатына қарамастан, одан әрі сапалы іске асыруды талап етеді.

Жаңа биіктерге жету үшін ондаған жылдар бойы жинақталған мәселелерді шешу қажет. Тек күш-жігерді біріктіре отырып, біз болашақ дамудың сенімді негізін қалап, саясатта, экономикада, мәдениетте және қоғамда түбегейлі өзгерістерге қол жеткізе аламыз…

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button