Жаңалықтар

Ынталыға ырыс келеді

Қазіргі таңда колледж бітірген түлектердің басым көпшілігі жұмысқа кәсіптік бағдарсыз келеді. Кәсіпорындар мамандарды қайтадан оқытуға мәжбүр. Кадрдың біліксіздігінен еңбек өнімділігі де төмендей бастады. Жұмыссыздықты азайту мақсатында Қарағандыда «Жастарға жұмыс» бос орындар жәрмеңкесі өтті.

Сурет ұйымдастырушылардан

Қарағанды қаласының орталық саябағында «AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар Рухы» жастар қанаты қала тұрғындарына жұмыс ұсынды. Жәрмеңкенің мақсаты – жастарды жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу, жұмыс берушілермен тікелей әңгімелесуге мүмкіндік жасау.

Бос жұмыс орындары жәрмеңкесінде жұмыс берушілер компанияларының жұмыс шарттары, ашық бос жұмыс орындары, жұмысқа орналасу ерекшеліктеріне тоқталды. Жұмыс іздеушілер бос жұмыс орындарына үн қосып, түйіндемелерін жолдады.

– Бос орындардың басым бөлігін жұмысшы мамандықтар алады. Тігінші, дәнекерлеуші, газбен жұмыс істейтін қазандық жабдықтарының аппаратшысы, автобояушылар, вулканизаторлар, медициналық ұйымдағы бейінді мамандар мен пән мұғалімдері сұранысқа ие.
Жәрмеңкеге облыстың бірнеше жұмыс берушілері қатысып, олар жастарға бос орындар бойынша кеңес берді. Жалпы, 1 000-нан астам вакансия ұсынылып, 450 адамға кеңес берілді. Шарада облыстық және қалалық мәслихаттардың депутаттары азаматтарды жеке қабылдады.
Мәселен, дөңгелек зауытына резеңке бұйымдар мен бөлшектерді пішуші, шиналарды жинаушы, құрастыру станоктарын қайта зарядтаушы, автоматика құралдары мен технологиялық жабдықтардың аспаптары бойынша электромеханик, электр жабдықтарын жөндеу және қызмет көрсету жөніндегі электромонтер және басқа да мамандар қажет, – дейді «AMANAT» партиясының жанындағы «Жастар Рухы» жастар қанатының Қарағанды облыстық филиалының кеңесшісі Арафат Мәжитов.

Жәрмеңкеде, сондай-ақ, «Құрылысмет» ЖШС, «Қазпошта», «Казахтелеком» АҚ филиалы, «Silk Road Electronics» ЖШС, «BEELINE» компаниясы, «Qaztehna» ЖШС бос қызмет орындарын ұсынды.

– Біздің ұжымға темір ұстасы, кабельші, бұрғылаушы, слесарь секілді мамандар қажет, – дейді «Құрылысмет» ЖШС өкілі Алмас Игенбаев.

Жәрмеңкеде қонақтар үшін концерттік бағдарламамен қатар, диджей өнер көрсетті. Сондай-ақ, спорттық конкурстар, бағалы сыйлықтар, ұтыс ойыны ұйымдастырылды.

Аяулым СОВЕТ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button