Қыннан қылыш суырғандай
Қазір Қазақстанда Ерлан ТӨЛЕУТАЙДЫ білмейтін қазақ кемде-кем шығар. Арқадан (Қарағанды) түлеген Алаштағы аз әншінің бірегейі. Даусы зор, диапазоны кең әнші, композитор, белгілі өнертанушы Ерлан Мұқатайұлы Алматыдағы «Алатау» дәстүрлі өнер театрында шығармашылық кешін бермек. Оны Халық қаһарманы Тоқтар ӘУБӘКІРОВ бастаған Досхан ЖОЛЖАҚСЫНОВ, Жарқын ШӘКӘРІМ, Дидар АМАНТАЙ, Ахметбек НҰРСИЛА (меценат) сияқты тұлғалар ұйымдастырып отыр.
Алаштағы аймаңдай әнші Әсет Найманбайұлы еді ертеде. Өзі – әнші, өзі – ақын, өзі – композитор, тағысын тағы. Ел білетін Ерлан Төлеутай да тап осындай тұлға, даланың даңғайыры десе де болғандай. Алаштағы аз әншінің бірегейі дейтінім – содан.
Биыл «Қазақфильм» киностудиясының өнімі «Алмас қылыш» киносы мен көпсериялы «Қазақ хандығы» сахараны шарлап кетті. Туындыны кинотеатрда тамашалаған біз ондағы көрермендердің «Алаш» деп ұрандап орындарынан тұрып кеткеніне куә болдық. Мұндағы хандар мен сұлтандардың, батыр-билердің аузына сөз салып, диалогын жазушы – осы Ерлан Төлеутай. Елді аузына қаратқан әншілігін айтпағанда, жан-жақты білім мен ұлттық ойлауды талап ететін мұндай туындының диалогын тек тарихи санасы кемел мемлекеттік деңгейді бағамдай білетін тұлғалар ғана жаза алады. Қара нарға жүк болар осындай жауапкершілікті басқа емес, Ерлан Төлеутай алып шықты. Аталған фильмдегі Шайбаншах пен Керей, Жәнібек сұлтандардың саятшылықтағы сөйлесі немесе Шайбаншах пен Қобыланды батырдың ат кекілін кесіскендегі жүз шайысуы қалай ұтымды шыққан?! Қыннан қылыш суырғандай турап түсіп, кесек тастайды.
Кино өнерінде таудың күнгейі мен көлеңкесіндей әртістер бірінші көрінеді де, сценаристер тасада қалатыны бар. Дендеп барғанда, идея киноның өзегі болса, оған жан бітіріп, алып жүретін тірек-қимылы – диалогтары. Сондықтан, тақырыптың ашылу, ашылмауы – сценарий мен ондағы диалогтарға да байланысты. Осы тұрғыдан алғанда, Ерекеңнің еңбегі ұшан-теңіз және ол болашақта отандық кино өнерінің толағай табысы болып қала бермек. Бүгінге дейін Ерлан Төлеутай диалогын жазған көркем фильмдер арасынан «Жау жүрек мың бала», «Алмас қылыш», «Қазақ хандығы» атты 20 сериялы тарихи драмалық сериал-фильмін атаса да жетеді. Оның сыртында 3 бірдей көркем туындының сценариін жазса, деректі драмалық «Мәди» киносын түсірген. Сонымен қатар, 15 деректі, 2 деректі-драмалық фильмнің сценариі – осы кісінің еңбегі. Өнертанушы ретінде «Баянауылдың дәстүрлі ән өнері» атты кітабы мен «Жүсіпбек Елебеков» атты деректі романы жарық көрді.
Бұқара жұрт Ерланды даусы зор әнші немесе өнертанушы ретінде ғана біліп, бағалауы мүмкін. Біз білетін Ерекеңнің тарихи санасы мен ойлау өресі өзіндік бір құбылыс. Қаншалықты терең болса, соншалықты биік те асқақ. «Алыстан сермеп, жүректен тербеп» (Абай) сөйлейді. Жұлын-жүйесінен Алаш рухы аңқып сала береді. Әнді де мінезіне қарай тереңнен толғап, кең тыныспен асқақтата шырқайтыны содан болуы керек. Оған дауыс арнасының кеңдігін қосыңыз. Әр құбылысты ойлап, сезінудегі таным тереңдігі табиғи ерекшелігімен тұтасып, Ерландай «сегіз қырлы, бір сырлы» өнер иесін тудырып тұрғаны – болжаусыз.
Жәнібек ӘЛИМАН