Қылыш қын түбінде қалмайды
Азаттықтың 25 жылдығы мен Желтоқсан көтерілісінің 30 жылдығын қоса атап өтті осы жолы. Астанадан әнші, әртістер алдырып тұрып, Желтоқсанның шындығын жаңғыртты. Шет ауданы, Өспен аулында.
Осыған дейін оқиға аталып келгенімен, кейінгі көзі ашықтар көтеріліс деп әділ бағалап жүрген 1986 жылғы16 желтоқсан – ұлттық мерекеміз Тәуелсіздіктің ұйытқысы десек, артық айтқандық емес. Осыны түйсінді ме екен, ұйымдастырушылар шараны «Желтоқсан көтерілісі – Мәңгі есте» деп айдарлапты. Астанадағы Қазақ Ұлттық өнер университетінде Арқа класы бойынша, Қайрат Байбосыновтан тәлім алып жүрген дәстүрлі әнші Азат Әбдіғалым бастаған Өзгеріс Шерікбай, Шыңғыс Сәрсенбай, Майра Жалғасова, Нұртуған Тұрсынғазы ауылдағы мәдениет үйінде бірыңғай классикалық үлгідегі қазақ әндерін шырқады. Азат Әбдіғалымның «Ән қанатында» атты концерті аясында екі-үш әннен салған өнерпаздарды халық қайта-қайта сұрап ән салдырып, құмардан шықты. Ақселеу Сейдімбектің «Сарыарқасы», Исаның «Желдірмесі», Үкілі Ыбырайдың «Қызыл асығы», Жарылғапбердінің «Шамасы» шырқалған концерт барысында Желтоқсан көтерлісі жайлы әңгімелер айтылып, өлең оқылып отырғаны – шара мазмұнын байыта түсті.
Әншілерге деген жергілікті жұрттың разылығы ауыл әкімі Жарас Аманжоловтың алғысымен көмкерілді. Аудандық мәслихаттың депутаты һәм ауылдағы Сәкен орта мектебінің директоры Гүлбаршын Қошқарбаеваның құттықтау сөзімен тәмамдалмақ концерт көрермендердің сұрауымен қайта жалғасын тапты. Желтоқсандық жастардың жігеріндей өршеленген әншілер қайта соқты. Қазақтың халық әндері мен ұлттық ақын, әнші-сазгерлерінің шығармаларын. «Желтоқсанның мұзға жаққан алауы» – осы десті жұрт. Қылыш қын түбінде қашанғы жатпақ? Шындық та сол сияқты шығады бір күні. Жай емес, желтоқсандай жаңғырып шығады.
Ерекше әсерге бөленген ел әншілермен қатар, оларды Астанадан шақыртып, концерт ұйымдастырған мәдениет үйінің меңгерушісі Ермек Тәжентаев пен көркемдік жетекшісі Ағыбай Шырқаевқа ақ тілегін аяп қалмады.
Жәнібек ӘЛИМАН
ШЕТ ауданы.