АймақБалқаш

Ғылыми орталықтың берері мол

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың екінші отырысында сөйлеген сөзінде: «Биыл Қожа Ахмет Ясауидің туғанына 930 жыл толып отыр. Осы орайда ғұламаның еңбектерін жан-жақты зерттеп, дәріптеу маңызды. «Ясауитану» ғылыми орталығын немесе институтын құру мәселесін ойластыруға болады» деп атап өтті. Президент бастамасының мәні мен маңызы айрықша екенін, жат ағымдарға қатысты мәселелерді шешуге ықпал ететінін дін өкілдері айтып отыр.

 

– Бірінші кезекте жаңа бас­таманың тиімділігін халыққа жан-жақты түсіндірген дұрыс. Өз заманында халықтың ерекше ілтипатына ие болып, кейінгі ұрпақтың рухани бағдарын айқындауда жетекші рөл атқарған Қожа Ахмет Ясауи соңына баға жетпес байлық, өшпес мұра қалдырып кеткен белгілі тұлға. Ғұламаның шығармашылығы мен өмірін жастар арасында насихаттап, патриоттық сезімді дамытуға үлес қосып, оның ғылыми еңбектерін терең меңгеруге жол ашу қажет. Бұл іс жастарды жат ағымнан сақтау­ға едәуір ықпал етер еді. «Ясауитану» ғылыми орталығы құрылып, қалаларда филиалы ашылып, ағартушылық жұмыстар жүргізілсе деген тілегім бар. Мәселен, Балқаш қаласында 80 мың халық тұрады. Бұл шаһардан да филиалын ашып, бір­лесе еңбек етуге болады. Мешіт ағартушылық бағытты қашан да қолдайды. Бүгіннің өзінде Балқаш мешітінде 25 күндік жазғы лагерьде 120 баланың білім алуына жағдай жасалып отыр. Онда ұлттық тәрбие, Отанды сүю, ата-ананы, үлкен мен кішіні қадірлеу, дәстүрлі дін негізінде білім берілуде. Қазақтың дәстүрін, мақал-мәтелдерін жаттату арқылы жаман әдеттерден алыс болуға шақырып отырмыз, – дейді Балқаш қаласының бас имамы Нұрболат Қалдарбеков.

Ал, саясаттанушы ғалым Айдос Бәделұлы Президенттің бұл орынды ұсынысының сөз күйінде қалып қоймағанын қалайтынын айтады.

– Бірақ, ескеретін тағы бір дүние бар. Президенттің сөзімен ашыла салса, дұрыс нәтиже бермей қалуы да мүмкін. Сондықтан, ашылған күнде тоқтап қалмай жүйелі жұмыс істеп тұратын орталық болса екен. Негізінде, зерделеп қарасақ, Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық университет бар. Сол білім ошағының жанында зерттеу орталығы бар. Егер, шынымен де рухани құндылығымызды зерттеп, әлемге паш етуге осындай мүмкіндік туып, ашылып жатса, неге қуанбасқа. Ол өте маңызды саяси шешім болар еді. Өйткені, біздің ұлтымыздың жетістіктерін әлемнің кей елдері мойындағысы келмейді. Қазір қазақ ғылымын әлемге паш ететін уақыт жетті. Президенттің «Ясауитану» орталығын ашу идеясын осы бір ұлы миссияның алғышарты деп білемін. Басқа да ғылыми орталықтардың мәртебесін көтеруді қолға алған жөн. Ғылымнан қаржыны аямай, тың ізденістерге, зерттеулерге жол ашылса құба-құп. Қожа Ахмет бабамыздың зерттелмей жатқан дүниелері ұшан-теңіз. Солар елге қолжетімді болып, ғылыми айналымға түссе, керемет қой. Ғалымдардың қызығушылығын оятатын стратегиялық шешімдер қабылданса, қазақ ғылымы үлкен дәрежеге жете алады. Ниетіміз түзу, қабілетті, білімді, текті елміз. Көптеген ғылымның басында біздің бабаларымыз тұр. Солардың бірі – Қожа Ахмет Ясауи. Сондықтан, Мемлекет басшысының бұл бастамасын қолдау керек, – дейді Айдос Бәделұлы.

Нұрдос КӘРІМ,
БАЛҚАШ
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button