Ғылым жолы арманға жетелейді
Ғалымдар санының күрт азаюы – елдегі күрделі мәселенің бірі. Қазіргі таңда елімізде ғылым саласында еңбек етушілердің саны 22 мыңнан сәл ғана асады. 2025 жылы отандық ғалымдардың санын 32 мыңға жеткізу жоспарланып отыр. Осы орайда ғалымдар жағдайына жіті көңіл бөлуді тапсырған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Егер әлемдік дамуда көш соңында қалмаймыз десек, ең алдымен, ғылымды дамытуымыз керек. Сондықтан ұлттық ғылымды жаңа деңгейге көтеретін мезгіл жетті. Жасыратыны жоқ, қазір ғылыми атағы бар, бірақ ілім-білімге мүлде қатысы жоқ адамдар көбейіп кетті. Елімізге өмір жолын ғылымға арнаған, нақты ғылыми жетістігі бар адамдар керек», – деген болатын.
2025 жылға – 34 000 ғалым
1990-2000 жылдары республикадағы ғылыми-технологиялық саланың құлдырауы, жобалау институттарынан кадрлардың кетуі, қаржыландыру көлемінің жеткіліксіздігі – ғалымдар санының азаюына әкелді. Отандық ғылым әлеуетінің төмендеуіне алып келген бұл оқиға ұзақмерзімді ғылыми-технологиялық дамуды кенже қалдырды. Алайда, кейінгі жылдары ғылымға ден қойған жоғары білікті ғалымдардың көбеюі кадрлық әлеуетті дамытуда маңызды рөл атқарды. Қазіргі таңда жыл сайын білім беру ұйымдарын орта есеппен 905 докторант, 20 мыңға жуық магистрант бітіріп шығады екен.
Ұлттық статистика бюросының деректеріне сүйенсек, Қазақстанда қазіргі таңда ғалымдар саны 22 мыңнан асады. Зерттеушілердің 35 пайызы ғылыми немесе академиялық дәрежеге ие. Ғалымдардың 35 пайызы 35 жасқа дейінгілер болса, 42 пайызы – 35 пен 54 жас аралығында, ал, 23 пайызы – 55 жастан асқан.
Қазіргі таңда ғалымдарға қолдау белсенді жүруде. Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің төрағасы Жанна Құрманғалиеваның айтуынша, биыл ғылым саласына 83 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінген. 2 мыңнан астам жас маман ғылыммен айналысуда.
– Ұлттық жоба аясында 2025 жылы еліміздегі ғалымдар санын 34 мыңға жеткізуді көздеп отырмыз. Алдымен ғылым саласын қаржыландыруға қатысты мәселені реттеп алу керек. Бұл мәселені соңғы 2 жылда ерекше назарға алып келеміз. Соның нәтижесінде 2020-2021 жылы ғылымға бөлінетін қаржы көлемі 2 есеге артты. Және отандық ғылым саласына бөлінетін қаржыға тек біздің министрлік қана емес, одан бөлек 9 орталық мемлекеттік орган жауапты, – дейді Жанна Құрманғалиева.
Бүгінде жас ғалымдар жаһандық трендтерге сәйкес медициналық-биологиялық ғылымдар мен биотехнологиялар, IT және «жасанды интеллект», аграрлық ғылымдар, «жасыл технологиялар» және энергия тиімділігі, тау-кен металлургия кешені саласына талпынуда.
Сонымен бірге техникалық бағыттар бойынша мамандар жетіспеушілігін жоюда Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес техникалық және IT бағытындағы гранттарды 40 пайыздан 60 пайызға дейін көбейту жұмыстары жалғасуда. Статистика департаменті ұсынған мәліметке сүйенсек, облыс бойынша биыл резидентура студенттерінің саны – 739. Докторантура бойынша 372 студент білім алуда. Ал, магистратураға тапсырғандар 1 566 адамды құрап отыр.
Оның ішінде, докторантура бағытында педагогика ғылымдарына – 10, машина жасау, өңдеу және құрылыс өнеркәсіптеріне 63 студент қабылданған. Денсаулық сақтау және әлеуметтік қамсыздандыру саласында докторлық атаққа үміткер 20 студент білім алып жатыр. Жалпы, ғылым докторы атағына үміткерлердің орташа жасы 30-34 жасты құрайды екен. Бұл бағыттағы студенттер саны шамамен 110 адам. Ғылыми бағыттан бөлек өткен жылы жас ғалымдарға үй алуға мүмкіндік беретін бағдарлама іске қосылғаны белгілі.
Ғалымдар ғылымға ден қоюы үшін…
«Отбасы банк» пен Ғылым және жоғары білім министрлігі арасындағы келісім аясында жас ғалымдарды баспанамен қамтамасыз ету бағдарламасы ғалымдардың біраз мәселесін шешті. «Жас Ғалым» бағдарламасы бойынша баспана 40 жасқа дейінгі бірнеше жас ғалымға бұйырды. Жеңілдікті несие бойынша бастапқы жарна 10%, ал, жылдық үстемеақы мөлшері 5%-ды құрайды. Бағдарлама 2027 жылға дейін жұмыс істейді.
– Ғылыми жаңалықтар мен жаңа технологиялар еліміздің экономикалық өрлеуінің маңызды факторы болып табылады. Жаңа технологияларды жасап, онымен жұмыс істей алатын кадрларды дайындаудың да маңызы зор. Бұл міндет ғалымдарымызға жүктелген. Аталмыш кәсіптің беделін көтеріп, қолдау көрсетуіміз керек. Ғалымдарымыз күнделікті мәселелерді ойламай, ғылымға ден қоюы үшін біз өз тарапымыздан оларға баспана мәселесін шешуге көмектесуге дайынбыз. Біз Ғылым және жоғары білім министрлігімен бірлесіп, Отбасы банкінен жылдық мөлшерлемесі 5%, ең төменгі 10%-дық алғашқы жарнамен несие алуға мүмкіндік беретін бағдарламаны іске қостық, – деді «Отбасы банк» АҚ Басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова.
Банк мамандарының айтуынша, бағдарлама қатысушысына берілетін ең жоғары заем сомасы 20 млн теңгеге дейін. «Отбасы банктің» баспасөз қызметі берген мәліметке сүйенсек, Қарағанды облысы бойынша жас ғалымдарға сомасы 416 287 990 теңгеге 23 несие берілген.
Нұрғали Жәніқұлов және жас ғалымдар
Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің жас ғалымдары бағдарлама аясында пәтер иесі атанған. Бүгінде жеңілдетілген несие алған әрбір ғалым белсенді ғылыми жұмыспен айналысуда. Мәселен, бейорганикалық және техникалық химия кафедрасының доценті Нұрғали Жәніқұлов стоматологияға қажетті мырыш-фосфатты цементтерді зерттейді. Ал, археология, этнология және ұлттық тарих кафедрасының аға оқытушысы Әділ Мәкен археологиялық қазбалар мен материалдарды үстелде өңдеу жұмыстарын жүргізуде. Көптен бері үй сатып алғысы келген ғалымдар, бағдарлама аясында мақсаттары орындалғанына бек қуанышты.
Бейорганикалық және техникалық химия кафедрасының қауымдастырылған профессоры, философия докторы (PhD), «Болашақ» халықаралық бағдарламасының түлегі, «Тәуелсіздік ұрпақтары» Президенттік сыйлығының иегері Нұрғали Жәніқұлов Қарағанды университетінде профессор ассистенті болып қызмет жасап жүріп, студенттерге «Бейорганикалық химия» пәнінен дәріс оқыған. Ғылыми бағыты – силикатты материалдардың химиялық технологиясы. Жас ғалымға «Болашақ» бағдарламасымен шет елде білім алу бақыты бұйырған. Сондай-ақ, Бөкетов университетімен Мәскеу мемлекеттік университетінің химия факультеті арасындағы екіжақты келісімшарт жасасуға ықпал еткен жас ғалым – Мемлекет басшысы тағайындаған «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантының иегері.
– Шет елде алған білім мен тәжірибені студенттермен бөлісіп, мүмкіндік көп екенін айтумен келемін. Жастардың дарынды, алғыр, көзі ашық болуын армандаймын. Қазіргі таңда Ресейде жүріп үйренген жаңа ғылыми бағыт стоматологиялық цемент алудың технологиясын магистрантыммен бірге іске асыра бастадық. Ғылыми бағыттың жаңашылдығын, еліміз үшін маңыздылығын түсіндіріп, бірқатар зерттеу жұмыстарды орындаудамыз. Оған қоса, жыл сүйіншімен басталды. Бөкетов университетінің қолдауымен аталмыш бағдарламаның ипотекалық шарттарына сәйкес екінші нарықтан бір бөлмелі пәтерге ие болдық. Ғылыммен армандар орындалады. Әрине, қажырлы еңбек пен жоспардың нәтижелі түйісуі арқасында осы күнге жеттік, – дейді «Болашақ» бағдарламасының түлегі Нұрғали Жәніқұлов.
Ғалымдардың айтуынша, соңғы үш жылда жас ғалымдарға мемлекет тарапынан қолдау жақсы. Ғылым саласына қаржы бөлу үш есе арта түскені былай тұрсын, салалық мамандықтар бойынша шетелдің жоғары оқу орындарынан ғылым мен техникалық тәжірибеден өткен мамандар қатары артуда.
Аяулым СОВЕТ,
Ortalyq.kz