Саясат Нұрбек Темірғали Көкетаевтың отбасына көңіл айту жеделхатын жолдады
Құрметті Көкетаевтар әулеті!
Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің атынан және өз атымнан Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің ғалымы, профессоры, физика-математика ғылымдарының докторы Темірғали Әбілдаұлы Көкетаев ағамыздың дүниеден озуына байланысты қайғыңызға ортақтасып, көңіл айтамын.
Темірғали Көкетаев 1976 жылы Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің қатты дене физикасы кафедрасының меңгерушісі болып, өмірі осы университетпен байланысты болды. 1989 жылы физика мамандығы бойынша қазақ тілінде бөлімшелер ашып, мемлекеттік тілде физика ғылымының негізін қалаушыларының бірі болды. Профессор Темірғали Әбілдаұлының жұмыс істеген жылдарында Қарағанды физикасының ең мықты ғылыми мектебі қалыптасты.
Темірғали Көкетаев Ньютон, Резерфордтар секілді ұлы физиктер маңдай терін төккен, әлемде саусақпен санарлық оқу орындарының бірі – Оксфордта дәріс оқыған алғашқы қазақ. Тұңғыш қазақ физигі.
Халықаралық биографиялық орталықтың шешімімен дүниежүзілік физиктерінің арасында «ХХ ғасырдың ғұлама адамы» атанған! Ағамыздың есімі өз ортасында, ел жүрегінде мәңгілік сақталып, орны қашанда бөлек болары анық.
Марқұмның жатқан жері жайлы, иманы саламат болсын!
Алдағы уақытта тек жақсылықта жүздесуге жазсын!
Қазақстан Республикасы
Ғылым және жоғары білім министрі
Саясат НҰРБЕК