Ғылым өнеркәсіпке бағытталады
Алдағы жылдары елімізде отыздан астам шетелдік жоғары оқу орындарының кампустары ашылады. Оның ішінде, Қарағанды облысында инновациялық шешімдер мен технологияларды енгізетін, ғылымды қажет ететін аумақтарды құру жоспарлануда. Осы орайда Теміртауда өткен хакатонға қатысқан Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Қазақстандағы ғылымды дамыту жоспарларымен бөлісті.
Теміртауда ғылым мен өндірістің интеграциясын біріктіретін тау-кен металлургия өнеркәсібі бойынша хакатон өтті. Қарағанды индустриалды университетіне ғалымдар, өнеркәсіп өкілдері және менеджерлер тек Qarmet зауыты үшін ғана емес, сонымен бірге, бүкіл отандық өнеркәсіп үшін ғылыми-технологиялық шешімдерді іздеу және әзірлеу үшін жиналды.
Жыл басынан бері Ғылым және жоғары білім министрлігінің өкілдері ғалымдар мен өндірушілердің өзара іс-қимыл тәжірибесін дамыту бойынша жұмыс бастаған. Биыл өткен алтыншы хакатонда өнеркәсіп өкілдері зерттеушілерге техникалық міндеттер қоя отырып, мемлекеттің қолдауы аясында оларды жүзеге асырудың шешімдерін іздеді.
– Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша біз ғылымның күш-жігерін ірі өнеркәсіптік кәсіпорындардың қажеттіліктеріне бағыттаймыз. Тау-кен металлургия саласынан басталды. Өйткені, бұл – экономиканың негізі. Біздің мақсатымыз – ғылыми ұжымдарды өнеркәсіптік кәсіпорындармен біріктіру және процестерді жақсартуға, тиімділікті арттыруға және өнімнің құнын қосуға көмектесетін инновациялық шешімдерді табу. Атап айтқанда, Qarmet металлургиялық комбинаты ескірген технологиялық мәселелерді шешеді, ал ғалымдар – нақты тұжырымдалған ғылыми-техникалық міндеттерге қол жеткізеді, – деп атап өтті Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек.
«Qarmet» АҚ бас директоры Вадим Басин стандартты емес шешімдерді талап ететін бірқатар техникалық міндеттер қалыптасқанын жеткізді. Мысалы, шахталарда метан концентрациясын төмендету үшін газды дренажды ұңғымаларды бұрғылаудың инновациялық технологияларын әзірлеу қажет.
Жиынға қатысқан аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаев облыс әкімдігі ғылыми және өнеркәсіптік жобаларға қолдау көрсетуге дайын екендігін атады.
– Теміртау – біздің өңір үшін басты қала. Облыс өндірісінің 30%-ы металлургия комбинаты және оның айналасындағы кәсіпорындар. Біз үшін Qarmet-тің дамуы өте маңызды. Келесі жылдан бастап, облыста инновациялық кәсіпорындарды қоса алғанда, 11 ірі жобаны іске асыру басталады. Егер ғылым белсенді қатысатын болса, біз бұл бастамаларды қолдауға, Qarmet комбинатымен байланысты жобалар бойынша пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялауға дайынбыз, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.
Хакатонда Министр Саясат Нұрбек Қазақстандағы ғылымды дамыту жоспарларымен бөлісті. Ғалымдар инновациялық шешімдер мен технологияларды енгізуге бағытталған үздік жобалар ұсынды.
ҚарИУ фойесінде сондай-ақ, ғылыми жобалардың көрмесі ұйымдастырылды. Хакатонда металлургия комбинаты өндірісінің техникалық сарапшылары мен Ә.Сағынов атындағы ҚарТУ мен ҚарИУ жоғары оқу орындары ғалымдарының кездесуі өтті.
Аяулым СОВЕТ,
Ortalyq.kz