Ғылым мен тəжірибенің интеграциясы қажет
Аймақта кеше Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясы Президиумының көшпелі отырысы өтті. Оған Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Əлназар, Ғылым жəне жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Парламент Сенатының депутаттары, Ұлттық ғылым академиясының академиктері, жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттарының, медициналық жəне қоғамдық ұйымдардың басшылары қатысты. Барлығы «Медицина ғылымын дамыту. Болашақтың медицинасы» тақырыбы аясында ой бөлісіп, саладағы проблемаларды жəне оны шешу жолдарын талқылады.
Медицина мен денсаулық сақтау жүйесін дамыту – еліміздің əлеуметтік саясатының басты басымдықтарының бірі. Медициналық қызмет көрсету деңгейі – ұлттың даму көрсеткіші. Сондықтан, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің денсаулық сақтау жүйесін дамыту, оны жаңғырту мəселелеріне үнемі назар аударып, қоғамның үйлесімді дамуы ұлт денсаулығын қамтамасыз еткен жағдайда ғана мүмкін болатынын айтып жүр.
Қазіргі уақытта климаттың өзгеруінің жəне заманымыздың басқа да жаһандық сын-қатерлерінің əсерінен қоршаған ортаның жай-күйі тез нашарлап, экологиялық жағдай шиеленісіп жатқанда, медицина мен денсаулық сақтау жүйесін дамыту мəселелері ерекше өзекті болып табылады. Бұл міндеттердің ауқымы өте кең жəне денсаулық сақтау жүйесінің барлық салаларын қамтиды. Бұл əсіресе, медицина саласындағы ғылыми зерттеулерді қолдауға қатысты.
Ұлттық ғылым академиясының міндеті – Денсаулық сақтау министрлігіне саланы ғылыми қамтамасыз етудің тиімді жүйесін құруға жəрдемдесу жəне аймақтық Ғылым жəне технологиялар жөніндегі кеңестері арқылы жергілікті атқарушы органдарға өңірлердегі халыққа медициналық қызмет көрсетудің өзекті мəселелері мен міндеттерін ғылыми тұрғыдан шешуге көмектесу екенін академия президенті Ақылбек Күрішбаев атап өтті.
– Ең алдымен, біздің ғылыми қауымдас тық халықтың барлық топтары мен əлеуметтік санаттары үшін медициналық қызметтердің тең қолжетімділігін қамтамасыз ету мəселесін шешудің жолдарын табуы қажет. Бұл мəселенің шешілмеуі – қазіргі уақытта урбанизация процесінің жеделдеуінің, ауыл халқының көшуінің негізгі себептерінің бірі. Медициналық мамандардың тапшылығын шешу, олардың дайындығы мен біліктілігін арттыру жолдарын табуы тиіс, – деді Ақылбек Күрішбаев.
Облыс əкімі Ермағанбет Бөлекпаев осындай маңызды отырысқа мұрындық болған Ұлттық ғылым академиясына алғысын білдірді.
– Қарағанды өңірінің осы отырысты өткізу алаңы ретінде таңдалғаны қуантады, – деді Ермағанбет Қабдулаұлы. – Кеншілер шаһарында отандық медицина саласының дамуына үлес қосқан көптеген медицина майталмандары білім алған Қарағанды медициналық университеті орналасқан. Біз Қарағандының медициналық кадрлар даярланатын отандық денсаулық сақтау саласында өзіндік орны бар орталыққа айналғанын мақтан тұтамыз. Біз денсаулық сақтау жүйесін жаңғыртуға ықпал ететін заманауи инновацияларды енгізу арқылы медициналық білім, ғылым жəне практиканың интеграциясына үлкен мəн береміз. Бұл бағыттағы маңызды қадамның бірі – медициналық қызметтерді цифрландыру контекстінде телемедицинаның белсенді дамуы. Аталған оң өзгеріс шалғайдағы елдімекендерде де білікті медициналық көмекке қолжетімділікті жақсартуға мүмкіндік берді.
Өңір басшысы облыс үшін маңызды саналатын кадр мəселесін шешуде қолға алынған шараларға да тоқталды.
– Əсіресе, ауылдық елдімекендерде маман тапшылығы қатты сезіледі. Əлеуметтік қолдау аясын арттыру арқылы мамандарды ауылдық елдімекендерге тарту жалғасын тауып жатыр. Биыл медициналық жəне фармацевтикалық 100 маманды ауылға жіберу үшін 407 млн теңге бөлінді. Сонымен қатар, дəрігерлердің резидентурада оқып, шетелде тағылымдамадан өтуіне мəн беріп отырмыз, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.
Көшпелі отырыс барысында баяндамашылар медицина саласында еңбек етіп жүрген ғалымдарды қолдау, онкология, балалар медицинасындағы проблемалар мен инновациялар, микробиологияны дамыту, МƏМС реформасына қатысты ойларын ортаға салды. Ал, Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев қаржыландырудың жетіспеу шілігі, мамандардың тапшылығы, медицинаның қолжетімділік деңгейі жайлы сөз қозғады. Алдын алу, диагностиканы жақсарту жəне емдеу үшін технология ны қалай пайдалану керектігі туралы шешімдерді табуға баса назар аударылды. Сондай-ақ, дəрілік заттар мен цифрлық медицинаның отандық өндірісін дамыту басымдыққа ие болуға тиіс екені айтылды.
Отырысқа қатысушылар қарағандылық ғалымдардың өз ғылыми жаңалықтары мен өнімдерін ұсынған ғылыми-инновациялық көрмені тамашалады.
Ұйымдастырушылар көшпелі отырыста жасалған баяндамалар негізінде проблемалар мен оларды шешу жолдары бойынша Жол картасы қабылданатынын жеткізді.
Жансая ОМАРБЕК,
Ortalyq.kz