Ғылым мен өнеркәсіп тілі: Қарағандыда «Сөзжасам» жобасының нәтижесі жарияланды
Жобаны жүзеге асыру барысында лингвистика, филология, педагогика салаларына еңбегі сіңген ғалымдар, сонымен қатар, журналистер мен блогерлерлер бас қосып, жұмыс тобын құрады.

Сарапшылар «Өнеркәсіптегі бір күн» атты іс-шара аясында өндіріс орындарына барып, жұмысшылармен, сала зейнеткерлерімен кездесті. Мақсат – осы уақытқа дейін өндіріс орындарында қазақ тіліне тәржімаланбаған құрылғы, қондырғы атауларын қазақшалау.

Лингвистикалық экспедиция нәтижесінде ұсынылған жаңа сөздерді жұмыс тобы отырысында талқылап, сүзгіден өткізді.
Қорытынды жиында облыс әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей бірегей жобаның маңызына тоқталды.
– Бұл – республикада баламасы жоқ пилоттық жоба. Ірі кәсіпорындар шоғырланған аймағымыз үшін бұл өте маңызды. Негізгі мақсаты – қазақ тілінің ғылыми-технологиялық, инженерлік-инновациялық әлеуетін дамыту, өнеркәсіп саласында қолданылатын терминдердің қазақ тіліндегі сапалы баламасын табу, жүйелеу. Соның арқасында қазақ тілінің лингвистикалық әлеуетін дамыту, қолданыс аясын кеңейту, «Сөзжасам» арқылы қазақ тілінің сөздік қорын молайту, өндірістік, ғылыми-техникалық, ІТ, тағы да басқа салалар бойынша жаңа терминдер түзу. Жоба нәтижесінде 200-ге жуық термин қарастырылып, соның 75-сі қазақ тіліне бейімделді. Бұл терминдер республикалық терминология комиссиясына жолданады. Кәсіпорын мамандарымен кездесу барысында сала терминологиясының жүйеленбегені, оқу-әдістемелік базасының жетілмегені анықталды. Жобаның басты мақсаты – жаңа терминдерді ойлап табу ғана емес, соларды өнеркәсіпте, ғылымда қолдану мәдениетін қалыптастыру және бұқаралық ақпарат құралдары арқылы тілдік бірізділікті орнықтыру, – деді Әлібек Әлденей.

Жалпы, әлемде 7 мыңнан астам тіл бар. Соның ішінде қазақ тілі кең қолданылатын 200 тілдің қатарына кіреді. Бұл – зор әлеует. Егер тілімізді заманауи ғылыми-техникалық терминдермен толықтыра түссек, оның мүмкіндігі, қолданыс аясы кеңейе түсетіні анық.
Мәселен, Cambridge Dictionary қорына былтырғы жылы 3 мыңнан аса жаңа сөз енген. Осылайша ағылшын тілі әлемдік деңгейде дес бермей келеді.
– Жұмыс тобы мемлекеттік тілдің ғылыми және кәсіби ортада орнығуын көздеді. Өте сауатты, кәсіби деңгейде зерттеу жүргіздік. Бұл терминдер алдағы уақытта техникалық бағыттағы жоғары оқу орындарында қолданылуы керек деп есептеймін. Технология үздіксіз дамып жатқан бүгінгі заманда терминология ғылымы ерекше мәнге ие. Өйткені жаңа салаларға сай жаңа атаулар қалыптастыру – тілдің заманға бейімделуінің басты тетігі, – деді.

Жазушы, баспагер, «Комментатор сөздігінің» жауапты редакторы Арман Әлменбет те өз пікірін білдірді.
– Ілияс Жансүгіровтың бір керемет сөзі бар. Ол «Абай өзі тіл жасаған ақын емес, елінің тілін толық пайдаланған ақын» дейді. Бұл – басты ұстаным болуы керек. «Сөзжасам» жобасы да осыны көздейді. Демек, жаңа сөз түзуде қазақ халқының батырлар жырына, жалпы әдебиетіне жүгінген абзал. «Комментатор сөздігін» жасау кезінде дәл осы әдісті пайдаландық. Күрес спортына қатысты сөздерді күрес туралы жазылған шығармалардан таба аласыз, – деді Арман Әлменбет.
Жиын барысында зерттеу жұмыстары нәтижесінде анықталған мәселелерді шешу жолдары ұсынылды. Соның ішінде, «Түрлі өнеркәсіп, соның ішінде тау-кен саласы терминдеріне» қатысты жоғарғы оқу орындарында салалық терминология курстарын енгізу, өндірістік стандарт пен техникалық құжатты толықтай қазақшалау, қоғамдық ортаның терминологиялық сауатын арттыру ұсынылды.
Басқосу соңында жобаның табысты өтуіне үлес қосқан сарапшыларға сый-құрмет көрсетілді. Атап айтсақ, белгілі тарихшы ғалым, этнограф, облыстық ғылыми-техникалық құжаттама жөніндегі мемлекеттік архивінің басшысы Темірғали Аршабеков, Академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанды Ұлттық зерттеу университетінің қазақ тіл білімі кафедрасының қауымдастырылған профессоры Мархабат Тұрсынова, Академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанды Ұлттық зерттеу университетінің қазақ әдебиеті кафедрасының проффессор-ассистенті Азат Бабашов Қазақстан Республикасы ғылым және жоғары білім министрлігінің «Ахмет Байтұрсынұлы» төсбелгісімен марапатталды. «Ана тілін дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгісі Шахтинск қаласының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Сәуле Ибраеваға табысталды.
Қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтуді көздейтін «Сөзжасам» жобасы келесі жылы да жалғасын таппақ. Ендігі кезекте жоба аясында қазақ тіліне бейімделген терминдерді бұқаралық ақпарат құралдары арқылы ел арасында насихаттау. Бұл қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтіп қана қоймай, оны ғылым мен өндіріс саласында тиімді қолдануға жол ашады.
Ерік НАРЫН
«Ortalyq Qazaqstan»


