Руханият

Ғылымға арналған ғұмыр

Тоқмырза Смағұлұлы ЫНТЫҚОВ – 1942 жылы Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданы, Дария стансасында теміржолшының отбасында туған. Соғыс пен соғыстан кейінгі жылдардың зардабы қабырғасы қатпаған жас Тоқмырзаны да айналып өтпеді. Үй маңындағы, егістіктегі күнделікті ауыр еңбек үлкен өмір мектебіне шыңдалудың алғашқы қадамы еді. Мектепті бітіріп, Қарағанды политехникалық институтына оқуға түседі. 1962 жылы Орталық Қазақстан өнеркәсібімен бірге қарқынды дамып келе жатқан бұл оқу орнында «Автомобиль көлігін пайдалану» мамандығы бойынша еңбек және ғылыми-педагогикалық жолға қадам басты.

Өткен ғасырдың 60-шы жылдарының басында Орталық Қазақстанда өнеркәсіп қарқынды дамыды. Инженерлерге деген қажеттілік жоғары болды. Олар өндірістік оқыту жүйесі бойынша дайындалды. Болашақ инженерлер тікелей өндірісте жұмыс істей отырып, мамандықты меңгерді. Алғашқы үш семестр күндіз кәсіпорында жұмыс істесе, кешке ғылым негіздерін оқыды. Бұл жүйе қазір дуальды оқыту деп аталады және еліміздің техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіне белсенді түрде енгізілуде.

Кейіпкеріміз күнделікті ауыр жұмысқа дағдыланған, ерік-жігері мен табандылығы арқасында 1967 жылы Қарағанды политехникалық институтын ойдағыдай бітіреді. Автомобиль көлігі кафедрасының меңгерушісі, доцент В.Лидің кафедрада ассистент болып қалу туралы ұсынысына қарамастан, Т.Ынтықов алған мамандығы бойынша еңбек жолын Ульянов автобазасында өндіріс бастығы болып бастайды. Бірақ, Тоқмырза Смағұлұлында студенттік жылдарының өзінде ғылыми-педагогикалық қызметке деген үлкен қызығушылығы болғандықтан, 1968 жылдың мамыр айында институттың шақыруымен өндіріс экономикасы кафедрасының ассистенті болып оралады.

1969 жылы Қарағанды политехникалық институтының ректоры академик А.Сағыновтың жолдамасымен бір жылдық ғылыми тағылымдамадан өтуге жіберіледі. 1970 жылы Мәскеу автомобиль және жол институтының (MADI) қабылдау емтихандарын сәтті тапсырып, университеттің аспирантурасының күндізгі бөліміне оқуға түседі. МАДИ ректоры, техника ғылымдарының докторы, профессор, РСФСР ғылым және техниканың еңбек сіңірген қайраткері Л.Афанасьевтің ғылыми жетекшілігімен Тоқмырза Смағұлұлы 1974 жылы кандидаттық диссертациясын қорғап, өзінің альма матеріне қайтып оралады.

Социалистік Еңбек Ері, академик, Қарағанды политехын 33 жылдан астам басқарған Ә.Сағынов ғылыми-педагогикалық кадрларға үлкен көңіл бөлді. Ол жас қызметкерлердің әлеуетін, талпынысы мен өнімділігін байқай отырып, оларға ҚарПТИ-дің қуатты ғылыми мектептерінің базасында біліктіліктерін арттыруға мүмкіндік беріп қана қоймай, талапкердің профиліне қарай бұрынғы Кеңес Одағының жоғары оқу орындарында оқуға мүмкіндік жасаумен әрдайым қолдап отырды. Егер, жас ғалым көшбасшылық қасиетін, ұйымдастырушылық қабілетін танытса, Әбілқас Сағынұлы оларға университеттің тиісті кафедрасын басқаруды сеніп тапсыратын еді. Осындай жас ғалымдар қатарында Т.Ынтықов та көзге түсті. 1975 жылы контингенті бойынша сол кездегі ірі және студенттер құрамы жағынан ауыр бөлімдердің бірі – сырттай бөлімге жетекшілік ету тапсырылды. Тоқмырза Смағұлұлы бұл факультеттің өндірістік және бітірушілер кафедраларымен тығыз байланыста мамандарды дайындау сапасының айтарлықтай жақсаруына қол жеткізді. Осыдан кейін Т.Ынтықов ұзақ жылдар бойы дайындық және көлік-жол факультеттерін табысты басқарды, «Автомобиль көлігі» кафедрасына меңгеруші болды.

1994-1999 жылдары Тоқмырза Смағұлұлы ІІМ, Мемлекеттік тергеу комитеті, ҰҚК Қарағанды жоғары мектебінде аға ғылыми қызметкер, бөлім басшысы, ҰҚК отставкадағы подполковнигі қызметтерін атқарды. 2000 жылы ол өз Политехына қайта оралды.

Күні бүгінге шейін профессор Т.Ынтықов ғылым мен білімнің көш басында, қазақ өнеркәсібіне сұранысқа ие жаңа буын мамандарды тәрбиелеуде. Сонымен қатар, көптеген қоғамдық жұмыстарды атқарады. 20 жылдан астам университет түлектері мен оқытушылары қауымдастығының қоғамдық қорының атқарушы директоры бола отырып, мыңдаған «политехниктермен», жемісті өзара әрекеттесу мәселелері бойынша тығыз байланыста жұмыстар атқаруда. Университеттің этика жөніндегі кеңесінде өзіндік ұстанымы қалыптасқан, тәжірибесі мол Т.Ынтықов жекелеген мұғалімдер, қызметкерлер және студенттер кейде тап болатын көптеген қиын жағдайларды максималды тәрбиелік әсермен шешуге көмектеседі.

2012 жылдың желтоқсан айында Тоқмырза Смағұлұлы Қарағанды политехникалық университетінің негізін қалаушы, Социалистік Еңбек Ері, академик А.Сағынов есімінің мәңгі сақталуы үшін университеттің бас ғимаратының алдындағы алаңда мүсінін орнатуға күш салды. (Мүсін авторы – Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген өнер қайраткері А.Билык) 2015 жылы А.Сағыновтың 100 жылдық мерейтойына арнап энциклопедия, фильм шығартты және мерейтойлық медаль дайындатты.

2022 жылдың наурыз айында Басқарма төрағасының бастамасымен «Қарағанды техникалық университеті» КЕАҚ ректоры, әл-Фараби атындағы ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты М.Ибатов және ҚР Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен университетке Әбілқас Сағынов есімі берілді.

Мерейтой иесінің 50 жылдан астам уақыты осындай университетпен, табысты еңбекпен – ғылым, ұстаздық, жастарды тәрбиелеу, әріптестерімен және түлектерімен шығармашылық жұмыстарға толы өмірімен байланысты. Сондықтан, Тоқмырза Смағұлұлы үшін альма-матердің қалыптасуына, дамуына, өркендеуіне лайықты үлес қосқан әрбір адам маңызды.

Қаншама жылдар бойы ол академик А.Сағынов есімін иеленген университеттің дамуына зор үлес қосқан проректорлар, декандар, кафедра меңгерушілері, ғылыми мектептердің негізін салушылар, профессорлармен тығыз байланыста болды.

Жыл сайын университет түлектері өздерінің аса құрметті тәлімгері, кафедра меңгерушісі Тоқмырза Смағұлұлының әлі де қатарда, ғұмырының бөлшегіне айналған Политехникалық университетінде қызмет етіп жүргеніне, күш-қуаты мен қайраты бойында екеніне қуанады. Ынтықов – жасы мен лауазымына қарамастан әрқашан мейірімді, қарапайым, позитив көңіл сыйлаушы, жас пен де, жасамыс пен де тез тіл табысатын, ортақ тақырыпта жарасымды әңгіме қыздырушы нағыз эпистемиялық субъект.

Ғылым мен білім берудегі, мамандар даярлаудағы жетістіктері үшін профессор Т.Ынтықов «Парасат» орденімен, «Ерен еңбегі үшін» және «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл» медальдарымен, КСРО Жоғары білім министрлігінің «Еңбектегі үздік табысы үшін» төсбелгілерімен, «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері», «Ы.Алтынсарин», «Қазақстан Республикасының құрметті моторисі», «Қазақстан Республикасы ЖОО-ның үздік оқытушысы», Министрдің Қазақ КСР Жоғары және орта білім орта білім құрмет грамоталарымен марапатталған. Қарағанды облысы әкімінің ұйғарымымен Қарағанды және Қарағанды облысының Құрмет тақтасына жазылды.

Профессор Т.Ынтықов ұлағатты ғалым және жоғары оқу орнының озық оқытушысы, 150-ден астам ғылыми және ғылыми-әдістемелік еңбектердің, оның ішінде Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Қазақстан Республикасының техникалық жоғары оқу орындары үшін ұсынған 4 оқулық пен оқу-әдістемелік кешеннің авторы.

Тоқмырза Смағұлұлы өзін ғылымға қызмет етіп, маман даярлаудағы игі мақсатқа арнаған әлемдік деңгейдегі тамаша білім мен тәрбие бере білген ұстаздығымен қатар көпбалалы отбасының басшысы, бақытты жар, әке, ата және шөбере сүйген баба болып отыр.

Әкесінің алдындағы борышын өтеуде де үлгі тұтуға тұрарлық еңбектер атқарды. Тоқмырза Смағұлұлы мұрағаттардағы табанды ізденістер мен басқармаларға көптеген өтініштерден кейін 1943 жылы наурызда қаза тапқан жұбайының әкесі, қызыл әскер Кеншінбай Мұстафиннің есімін Харьков облысы, Балаклей ауданы, Красная Гусаровка ауылының бауырластар бейітінің мемориалдық тақтасының тізіміне қосу арқылы ескерткіш орнатты.

Елде де дәл осындай жұмыстарды Тоқмырза Смағұлұлы Нұра ауданының әкімдігімен бірге жүргізді. 2015 жылдың 7 мамырында Нұра ауданы Киевка ауылындағы Даңқ аллеясында осы ауданның қаза болған тумаларының есімдері жазылған бюсттердің және жаңартылған обелискінің салтанатты ашылуы өтті. Солардың ішінде, қызыләскер Кеншінбай Мұстафиннің есімі тізімге енді.

Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің профессорлық корпусының ардагері Тоқмырза Смағұлұлы Ынтықов құрметті 80 жылдық мерейтой табалдырығын аттағанына қарамастан, әрбір күні да күш пен жігерге, шығармашылық жоспарларға толы. Бакалавр, магистранттарды, PhD докторларын дайындауда оқу үдерісіне белсене араласып жүр. Ол аздай университеттің 70 жылдық мерейтойына дайындық барысында кеңесін айтып, университет түлектерін ұйымдастырып жатыр.

Профессор Т.Ынтықовты мерейтойымен құттықтап, оған денсаулық, бақыт және ғылыми-педагогикалық және қоғамдық қызметте жаңа шығармашылық табыстар тілейміз!

Нұрбибі СМАҒҰЛОВА,

Ә.Сағынов атындағы

Қарағанды техникалық университеті

инновациялық технологиялар колледжінің директоры.

Басқа материалдар

Back to top button