Жаңалықтар

Қылмыстық процестегі медиация – дауды шешудің кепілі

Медиация өзара түсіністікке қол жеткізу және жанжалды жағдайды шешетін шарт жасау мақсатында бейтарап тұлға – медиаторды тарта отырып, ерікті келіссөздерге кіру жолымен жанжалдасушы тараптарды татуластыру рәсімі.

 

«Медиация туралы» Заңның қабылдануымен елімізде медиаторлардың қатысуымен дауларды реттеудің баламалы тәсілдерін дамыту үшін құқықтық жағдайлар жасалды.

Медиацияны қолдану аясы жеке және заңды тұлғалардың қатысуымен азаматтық, еңбек, отбасылық және өзге де құқықтық қатынастардағы, сондай-ақ ауырлығы аз және орташа қылмыстар туралы істер бойынша қылмыстық іс жүргізу барысында, кейбір жағдайларда ауыр қылмыстар түрлері бойынша қаралатын даулар мен жанжалдарды айқындады.

Егер азаматтық процесте медиация сотқа дейінгі кезеңдерде де, сот ісін жүргізу барысында да басталуы мүмкін болса, онда медиацияны қылмыстық процесте қолданудың өзіндік ерекшеліктері бар.

Қылмыстық процеске медиатордың қатысуы Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінің 64,71 және 85-баптарымен реттелген.
Медиатор тәуелсіз, бейтарап, істің нәтижесіне мүдделі емес, медиация тараптарының өзара келісімі бойынша таңдалған жеке тұлға бола алады.
Медиацияны кәсіби медиаторлар тізілімінде тұрған кәсіби медиаторлар да, кәсіби емес медиаторлар да жүргізе алады.

Қазақстан Республикасының қылмыстық-процестік кодексімен медиаторға қылмыстық процесте мынадай құқықтар берілді:
1) қылмыстық процесті жүргізетін орган медиация тараптарына беретін ақпаратпен танысуға;
2) медиация тараптары болып табылатын қылмыстық процеске қатысушылар туралы деректермен танысуға;
3) қылмыстық іс жүргізу заңына сәйкес кездесулердің саны мен ұзақтығын шектемей, медиация тараптары болып табылатын қылмыстық процеске қатысушылармен жеке және құпия кездесуге;
4) медиация тәртібімен татуласуға қол жеткізу туралы келісім жасасуға тараптарға жәрдемдесуге.

Медиаторға келесі міндеттер жүктелген:
1) медиацияны жүргізу кезінде медиация тараптарының келісімімен ғана әрекет етуге;
2) медиация басталғанға дейін медиация тараптарына оның мақсаттарын, сондай-ақ олардың құқықтары мен міндеттерін түсіндіру;
3) медиация рәсімін жүргізуге байланысты өзіне белгілі болған мәліметтерді жария етпеуге.

Медиация рәсімін қолдану іс жүргізудің сотқа дейінгі сатысында не сот сатыларында мүмкін болады.
Қылмыстық кодекстің 68-бабының 1-бөлігіне сәйкес, егер ол жәбірленушімен, өтініш берушімен татуласса, оның ішінде медиация тәртібімен татуласса және келтірілген зиянды өтесе, қылмыстық теріс қылық немесе ауыр емес немесе ауырлығы орташа қылмыс жасаған адам қылмыстық жауаптылықтан босатылады.
Қылмыстық кодексте жекелеген азаматтарға (кәмелетке толмағандар, жүкті әйелдер, жас балалары бар әйелдер, жас балаларды жалғыз тәрбиелеп отырған ер адамдар, 58 және одан жоғары жастағы әйелдер, 63 және одан жоғары жастағы ер адамдар) қатысты ауыр қылмыстар түрлері бойынша медиативтік рәсімдер жасасу мүмкіндігі көзделген. Жоғарыда аталған адамдар, егер олар жәбірленушімен, өтініш берушімен медиация тәртібімен татуласса және келтірілген зиянды өтесе, адам денсаулығына өлім немесе ауыр зиян келтірумен байланысты емес ауыр қылмысты алғаш рет жасаған болса, қылмыстық жауаптылықтан босатылуы мүмкін. Бұл ретте қылмыстық жауаптылықтан босатылған кезде кәмелетке толмағанға тәрбиелік ықпал етудің мәжбүрлеу шаралары қолданылады.

Тараптардың жанжалды жағдайды ерікті келіссөздерге кіру жолымен және медиатордың бейтарап тұлғасын тарта отырып шешуге мүмкіндігі бар. Бұл ретте медиатор дауды өз еркімен шешпейді, бірақ тараптарды келіссөздер арқылы татуласуға әкеледі. Нәтижесінде қайшылықты адамдардың өздері шешім шығарады, медиатордың міндеті-тараптардың ең аз теріс салдарлармен татуласуына қол жеткізу. Медиацияға қатысу фактісі күдіктінің (айыпталушының) кінәсін мойындауының дәлелі бола алмайды, сондай-ақ медиативтік келісім жасасудан бас тарту сот ісін жүргізуге қатысушының жағдайын нашарлатпайды.

Тарапқа медиацияға жүгіну туралы ұсынысты екінші тараптың өтініші бойынша сот немесе қылмыстық іс жүргізіліп жатқан қылмыстық қудалау органы жасай алады. Медиацияны жүргізу тараптардың өзара келісімі бойынша және олардың арасында медиация туралы шарт жасасу кезінде жүзеге асырылады.

«Медиация туралы» ҚР Заңының 27-бабына сәйкес қылмыстық процесс барысында медиация жүргізу кезінде тараптар қол жеткізген жанжалды реттеу туралы келісім жәбірленушіге келтірілген зиянды түзету және қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адамды жәбірленушімен татуластыру жолымен жанжалды реттеу туралы келісім болып табылады. Көрсетілген келісім жазбаша нысанда жасалады және іс жүргізуінде қылмыстық іс жатқан қылмыстық процесті жүргізетін органға дереу жіберіледі және Қылмыстық-процестік кодексте көзделген жағдайларда күдіктіні (айыпталушыны) одан әрі қылмыстық қудалауды болдырмайтын не жүзеге асырмауға мүмкіндік беретін мән-жай болып табылады. Адамды қылмыстық жауаптылықтан босату туралы шешімді іс жүргізуінде қылмыстық іс жатқан қылмыстық процесті жүргізетін орган қабылдайды.

Егер медиация рәсімі сот сатысында болған болса, онда сот жәбірленушінің де, сотталушының да мүддесіне мүдделі емес, бейтарап болып қала отырып, медиация туралы келісім жасасудың еріктілігін анықтап, қылмыстық жауаптылықтан босатып және көрсетілген негіз бойынша іс бойынша іс жүргізуді тоқтата отырып, сот төрелігін іске асыру функциясын тікелей жүзеге асырады.

Е.БАТКУЛЬДИНА,
Қарағанды облысының кәмелетке толмағандар істер жөніндегі

мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button