Басты тақырып

Қылмыс саны азайды


     Қарағанды облысында қылмыс көрсеткіші кеміп келеді. Бұл туралы құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша ведомствоаралық комиссияның отырысында облыстық ІІД Жергілікті полиция қызметі бастығының міндетін атқарушы Нұрлан РАХЫМБЕКОВ мәлімдеді.
Полицейдің мәлімдеуінше, 2017 жылы қоғамдық орындарда жасалған қылмыстар саны 15,1%-ға азайған. Оның ішінде, көшелерде – 5,1%-ға. Сондай-ақ, ауыр қылмыс – 13,6%-ға, орташа ауыр қылмыс – 13,2% және жеңіл қылмыс 15%-ға азайды. Тіркелген ұрлықтардың жалпы саны да төмендегені байқалады.
Көшедегі қылмыстың алдын алуда жұмыс істеп тұрған бейнебақылау жүйесі жақсы көмектесуде. Қарағандыда қазіргі таңда 328 көше бойындағы бейнекамералар орнатылған.
– Жалпы, Қарағанды ІІБ ЖБО пультіне 3454 бейнебақылау камераларынан қозғалыс сигналдары келіп түседі. Жергілікті билік органдарымен өзара қарым-қатынас шеңберінде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде «Ақылды қала» жобасы бойынша бейнебақылау камераларын орнату енгізіліп жатыр, – деді Нұрлан Рахымбеков.
Мұнымен қатар, Қарағанды облысы аумағында «Бұлтты бейнебақылау» жобасы жүзеге асырыла бастады. Оның аясында тұрғын үйлердің кіреберістеріне камералар орнатылады. Дәлірек айтар болсақ, Қазыбек би атындағы ауданда 140 кіреберістерде 280-нен астам камералар орнатылған. Осы айдың соңына дейін Қарағанды қаласының тағы 255 кіреберістерінде камералар орнатылатын болады.
Облыс жолдарында да өткен жылы жол-көлік апаттары 8,4%-ға азайған.
Кәмелет жасына толмағандар арасындағы қылмыс 24,3%-ға қысқарды. 2017 жылдың қорытындысы бойынша қылмыс 34,1%-ға төмендеген, – деді баяндамашы.
Отырыс қорытындысын жасай келе, аймақ басшысы Ерлан Қошанов облыстың ІІД және облыстық жергілікті полиция қызметінің басшыларына аудандарға жиі барып, ол жерлердегі құқықбұзушылықтардың алдын алу жұмыстарын жандандыруды тапсырды.
– Облыстың аудандарына барыңыздар. Ол жерлерде қандай тапшылық барын анықтаңыздар. Жергілікті полиция қызметі онда қандай жағдайда жұмыс істеп жатқанын тексеріңіздер. Барлығын тәртіпке келтіріңіздер. Мен де аудандарға өзім барамын. Бірнеше аудандарда полиция қызметімен танысамын. Учаскелік полицейлермен жиналыс өткіземін, – деді Ерлан Қошанов.
Облыс әкімі, сонымен қатар, үлкен және кішігірім ауылдар мен кенттердегі қылмыстар туралы салыстырмалы сараптама жасап, мониторинг өткізуді тапсырды. Баяндама ведомствоаралық комиссияның алдағы уақытта болатын отырыстарында ұсынылуы тиіс.

Облыс әкімінің
баспасөз қызметі.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button