Жаңалықтар

Қылмыс пен жаза

Елімізде соңғы жылдары жүргізіліп жатқан құқықтық реформалар мемлекеттің стратегиялық даму бағытының өзегіне айналды. Әсіресе, қылмыстық саясатты жаңғырту, оны ізгілендіру және қоғамға қауіп төндіретін жаңа құбылыстарға құқықтық тосқауыл қою – күрделі әрі көпқырлы процесс. Бұл бағыттағы негізгі басымдықтар Қасым-Жомарт Тоқаев айқындаған реформалар аясында жүзеге асырылып отыр. Президент үнемі құқық үстемдігін қамтамасыз ету, әділ сот жүйесін қалыптастыру және азаматтардың құқықтарын қорғау мемлекеттің басты міндеті екенін баса айтып келеді.

Коллажды жасаған Айбек Рахымжан

Осы тұрғыдан алғанда, аймақтық соттардың тәжірибесі құқықтық реформалардың нақты іске асу деңгейін көрсететін маңыз­ды индикатор болып есептеледі. Солардың бірі – Қарағанды қаласы Қазыбек би аудандық соты. Бұл сот қылмыстық істерді қарауға маманданған және соңғы жылдары қылмыстық заңнаманың жаңартылған нормаларын тәжірибеде белсенді қолданып келеді.

Қазыбек би аудандық сот төрағасы Арғын Кутышев ұсынған деректерге сүйенсек, 2025 жылы сотқа 380 қылмыстық іс түскен.

– Оның ішінде, 395 тұлғаға қатысты 340 іс аяқталған. Бұл көрсеткіштердің өзі сот жүктемесінің айтарлықтай жоғары екенін көрсетіп отыр. Сонымен қатар, 281 адамға қатысты 250 іс үкім шығарумен аяқталғаны сот төрелігінің тиімді жүзеге асырылып жатқанын аңғартады, – дейді Арғын Мешітбайұлы.

Аталған істер бойынша 140 адам, яғни, 50 пайызы нақты бас бостандығынан айыру жазасына тартылған. Ал, қалған тұлғаларға баламалы жаза түрлері қолданылыпты. Бұл – сот жүйесінің ізгіленуінің айқын дәлелі. Өйткені, қазіргі құқықтық жүйеде басты мақсат – жазалау емес, істі болған адамның түзелуіне мүмкіндік беру, оны қоғамға қайта бейімдеу.

Қылмыстық саясаттағы мұндай өзгерістер кездейсоқ емес екенін атап айту керек. Мұның бәрі құқықтық мемлекет құрудағы жүйелі реформалардың нәтижесі деп білген жөн.

Халықаралық тәжірибе де осы бағыттың тиімділігін дәлелдейді. Мәселен, Нор­вегия қылмыстық-атқару жүйесінде сот­талғандарды қоғамға қайта бейімдеу бі­рінші орынға қойылады. Мұнда түрмелер­дің өзі жабық жазалау орны емес, қайта тәрбиелеу орталығы ретінде қарастырылады.

Швеция елінде де бас бостандығынан айыру жазасы соңғы шара ретінде ғана қолданылады. Көп жағдайда пробация, қоғамдық жұмыстар және психология­лық қолдау сияқты баламалы тетіктер бар.

Ал, Германия тәжірибесінде әлеуметтік осал топтарға, әсіресе, баласы бар әйелдерге қатысты жеңілдетілген құқықтық режим қолданылады. Бұл мемлекеттердің тәжірибесі Қазақстандағы реформалардың халықаралық стандарттарға сәйкес жүргізіліп жатқанын көрсетсе керек.

– Бүгінде сот тәжірибесінде жазаны кейінге қалдыру институты белсенді қолданылып келеді. Бұл – ең алдымен, балалардың құқықтарын қорғауға бағытталған маңызды қадам. Сонымен қатар, соттар жаза тағайындауда әрбір істің мән-жайын жан-жақты ескеріп, әділ шешім қабылдауға ұмтылуда, – деп атап өтті аталған өзгерістер туралы Арғын Мешітбайұлы.

Мамандар гуманизацияны тек жазаны жеңілдету деп түсінбеу керектігін айтады. Бұл – құқықтық жүйенің адамға бағытталуы, оның қадір-қасиетін сақтау, қайта әлеуметтенуіне жағдай жасау.

Қылмыстық саясаттағы тағы бір маңызды бағыт – криминализация. Яғни, қоғамда пайда болған жаңа қауіпті әрекеттерді қылмыс ретінде тану және оларға құқықтық жауапкершілік белгілеу.

Соңғы өзгерістер аясында бір­қатар жаңа құрамдар енгізілген. Со­ның бірі – Қылмыстық кодекстегі 125-1-бап, яғни, мәжбүрлі түрде некеге тұрғызу. Бұл адам құқықтарына тікелей қайшы келеді. Қазіргі таңда осы бап бойынша сот өндірісінде бір қылмыстық іс қаралуда.

Сонымен қатар, 115-1-бап – сталкинг ұғымын енгізу арқылы жеке адамның қауіпсіздігін қорғау деңгейі артты. Осы бап бойынша зорлық-зомбылықсыз, бірақ, жүйелі түрде қудалау, аңду, байланыс орнатуға мәжбүрлеу әрекеттері қылмыс ретінде қарастырылады. Әзірге бұл санаттағы істер сотқа түспегенімен, оның заңнамаға енгізілуі алдын алу шарасы ретінде маңызды болып отыр.

Мұнда қаржы саласындағы құқық­бұзу­шылықтарға да ерекше назар аударылған. 232-1-бап бойынша банктік шоттарға, тө­лем құралдарына немесе сәйкестендіру де­ректеріне заңсыз қол жеткізу, оларды беру не­месе пайдалану қылмыс ретінде белгіленді. Бұл бап бойынша сотта 3 қылмыстық іс қаралған.

Аталған өзгерістер цифрландыру дә­уіріндегі жаңа қауіптерге жауап ретінде қабылданды. Бүгінде қаржылық алаяқтық, киберқылмыстар, жеке деректерді заңсыз пайдалану – әлемдік деңгейдегі өзекті мәселенің бірі.
Мысалы, АҚШ заңнамасында киберқылмыстарға қатысты өте қатаң санкциялар қарастырылған. Ал, Ұлыбритания елінде жеке өмірге қол сұғушылық пен онлайн-қудалау ауыр құқықбұзушылық ретінде бағаланады.

Қазақстандағы жаңа нормалар осы халықаралық тәжірибелермен үндес келеді және құқықтық жүйенің заманауи сын-қатерлерге бейімделіп жатқанын көрсетеді.

Бұдан бөлек, 2025 жылғы 23 маусымда қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясының отыз жылдығына байланысты «Амнистия туралы» заң қылмыстық саясаттағы гуманизация үрдісінің жалғасып жатқанын дәлелдейді.

Аталған заң аясында сотқа 400-ден астам материал түскен. Нәтижесінде бірқатар азаматтар қылмыстық жауапкершіліктен босатылып, кейбірінің жаза өтеу мерзімдері қысқартылды.

Амнистия институты құқықтық құрал бола отырып, ол әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етудің маңызды механизмі қызметін қоса атқарады. Ол қоғам мен мемлекет арасындағы сенімді нығайтады, адамдарға екінші мүмкіндік береді.

Байқасақ, еліміздегі сот жүйесі бүгінде сапалы жаңа кезеңге қадам басты. Оның басты ерекшелігі – теңгерім. Яғни, қоғамға қауіпті әрекеттерге қарсы қатаң шаралар қабылданса, сонымен бірге, адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау, әлеуметтік әділеттілік қағидаттары күшейтілуде.

Қазыбек би аудандық сотының дерегіне сүйенсек, заңнамалық өзгерістер нақты нәтиже беруде. Сот тәжірибесінде баламалы жазалардың кеңеюі, жаңа қылмыс түрлерінің заңмен реттелуі, әлеуметтік осал топтарға қолдау көрсету – құқықтық мемлекеттің нығаюына ықпал ететін маңызды факторлар екені де сөзсіз.

Ел Президенті айқындаған реформалар бағыты алдағы уақытта да жалғасатыны анық. Өйткені, әділетті қоғам құру үздіксіз процесті талап етеді.

Қылмыстық заңнаманы гуманизациялау мен криминализациялау бір-біріне қарама-қайшы емес, керісінше бірін-бірі толықтыратын үдерістер екенін атап өткен жөн. Олардың үйлесімді жүзеге асуы ғана қоғамдағы құқықтық тәртіпті, азаматтардың мемлекетке деген сенімін нығайтады.

Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button