Қылқалам ұшында – Ван Гог
Қарағандыда жас талантты суретшілердің көрмесін ұйымдастыру дәстүрге айналған. Сондай жас қылқалам шеберінің бірі – Beautiful art студиясының суретшісі Илья Сережников.
Он төрт жастағы Илья өз туындыларын «Ван Гогтың жаңғыруы» атты көрмеде көрермендер назарына ұсынады. Көрме 4 тамыз бен 13 тамыз аралығында Қарағанды бейнелеу өнері мұражайында өтеді.
Ол нидерландиялық ұлы суретші, 900- ге жуық картина мен 1000-нан астам эскиз бен литографтардың авторы Винсент Ван Гогтың суреттерінің көшірмелерін салады.
Ол өзінің өмірінде аз танымал болды. Алғаш сурет салуды 27 жасында бастады. Көзі тірісінде «Арльдің алқызыл жүзімі» атты бір-ақ картинасы ғана сатылған. Бірақ қазір оның жұмысы миллионға саудаланады. Әрі суреттері көбіне плакаттарда, футболкаларда және кофе кружкаларында бейнеленеді.
– Біздің студияға Илья 2019 жылдан бері келеді. Ол Ван Гогтың стилін жақсы көреді. Соңғы жылдары дәл осы суретшінің картиналарының көшірмелерін жасауда. Көрмеде 17 картина, оның ішінде, әйгілі «Жұлдызды түн», Ван Гогтың сабан шляпадағы автопортреті және «Саятшылық» картиналарының көшірмелері болады. Бұл – оның алғашқы көрмесі. Ұстазы ретінде қолдау көрсетемін. Біздің студиямыз үшін де бұл оқушының алғашқы жеке көрмесі, – деді Вeautiful art студиясының педагогі және жетекшісі Дмитрий Кецман.
Сағыныш ӘБІЛ,
Ortalyq.kz