Спорт

Ұядан ұшқандар

Қарағандыдағы Ә.Молдағұлова атындағы мектеп-интернат колледжінде биыл 51 мектеп бітіруші мен 30 колледж студенті тәмамдап, үлкен өмірге қанат қақты. Айтулы сәтте колледждің жеті үздік түлегі оқуын қызыл дипломмен аяқтап, құрметке бөленді.

Сурет автордан

Салтанатты рәсімге спорт-интернат колледжінің директоры, облыстық мәслихат депутаты Ерден Халилин мен облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Дәурен Жағыпарұлы арнайы қатысып, түлектерге салтанатты түрде диплом табыстады.

– Биылғы түлектер тек спорт алаңында ғана емес, білім майданында да биіктерден көрініп жүр. Олардың қатарында әлем чемпионаттары мен халықаралық жарыстардың жүлдегерлері, Азия жеңімпаздары бар. Бұл – оқу орнымыздың деңгейін көрсететін көрсеткіш, – деді Ерден Халилин.

Биыл Ұлы Жеңістің 80 жылдығы, әрі ерлігімен елге үлгі болған қазақтың батыр қызы Әлия Молдағұлованың туғанына – 100 жыл. Осыған орай оқу орны бірқатар ірі спорттық іс-шараларды өткізуді жоспарлап отыр.

– Біздің болашағымыз – ақылды, білімді әрі мықты жастардың қолында. Осы орайда өскелең ұрпақты спортпен айналысуға шақырамын. Қыркүйек пен қазан айында мерейтой аясында түрлі спорт түрінен турнир өткізуді жоспарлап отырмыз. Бұл – тек Әлия есімін ұлықтау ғана емес, жас буынға отансүйгіштік пен жеңіске деген жігерді сіңіру, – деді Ерлан Халилин.

Данияр Ахметов – 11-сыныпты тәмамдап, қолына аттестатын алған жас түлек. Осыдан төрт жыл бұрын аталған мектеп-интернатына оқуға түскен. Өзі Шымкенттің тумасы. Кейін Алматыға қоныс аударып, сол жақта білім алыпты. Кейінірек Қарағандыға келіп, оқуын жалғастырған. Өзі қазақ күресімен шұғылданғанына бес жылдан асыпты. Дегенмен, жас спортшының ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктері де орасан.

– Мектеп-интернатта барлық жағдай жасалған. Жаттығу жоғары деңгейде өтеді. Жасым 18-ге енді келді. Биыл «Спорт шебері» атағын алуды жоспарлап отырмын. Сол үшін дайындықтан қол үзген емеспін. Ұлттық гвардияда қызмет еткім келеді. Бұл – менің бала кезден бергі арманым. Сол арманыма жету үшін білім мен спортты қатар алып жүрмін, – деді жас түлек.

Жеңіл атлетші Руслана Ифатулина мектеп-интернат колледжін қызыл дипломмен тәмамдады. Төрт жасынан спортзал табалдырығын аттаған ол күні бүгінге дейін спорттан қол үзбеген. Содан бері аттай 15 жыл өтіпті. Шахтинск қаласында 7-сыныпты тәмамдаған соң мектеп-интернатқа ауысқан. Сөйтіп, осы жерден 11-сыныпты аяқтап, колледжінде оқуын жалғастырған екен.

– Спортқа мені анам алып келді. Әуелі спортқа әпкем келген. «Әпкеңмен бірге барып, бірге кел» деп спортзалға бірге жіберетін. Содан бері қызығушылығым артып, жеңіл атлетиканың спринт түрімен күні бүгінге дейін шұғылданып келемін. Осы уақытқа дейін біршама облыстық байқауларда топ жардым. Республикалық турнирлерге командамен қатысып, командаммен жеңіске жеттім. Ендігі арманым – шәкірт тәрбиелеу. Жастарды үлкен турнирлерге шығарғым келеді. Ал, спортқа кейінірек оралармын, – деді ол.

Салтанатты шара соңында мектеп-интернаттың қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі Гүлжахан Құтжановаға ұзақ жылғы жемісті еңбегі мен жас ұрпаққа қосқан үлесі үшін «Еңбек даңқы» төсбелгісі табысталды.
30 жыл бойы шәкірт тәрбиесі үшін тер төккен ұстаздың ұлт болашағына сіңірген еңбегі мен рухани-мәдени мұраны дәріптеудегі қажырлы қызметі ел алдында еленді.

Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button