Бас тақырып

Құқығын білген қор болмайды

Құқық үстемдігінің салтанат құруы – кез келген өркениетті қоғамның басты өлшемі. Қазіргі таңда елімізде жүргізіліп жатқан саяси жаңғыру мен конституциялық реформаның түп-төркіні де осы мақсатқа бағытталғаны кәдік. Мемлекет басшысы Қасым- Жомарт Тоқаев заң үстемдігін қамтамасыз ету және қоғамда құқықтық мәдениетті қалыптастыру мәселесіне айрықша мән беріп келеді. Президенттің айтуынша, «Әділетті Қазақстанды» құру жолында әр азамат заңды құрметтеп, құқықтық жауапкершілікті терең сезінуі тиіс. Әсіресе, қазіргі цифрлық дәуірде жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру қоғам үшін өзекті мәселелердің біріне айналып отыр.

Сурет ЖИ

Мемлекеттік саясаттың өзегі

Бүгінде бұл мәселе әсіресе, жастар арасында өзекті. Қазіргі цифрлық дәуірде әлеуметтік желілер, интернет кеңістігі мен түрлі онлайн платформалар жастардың өмірінің ажырамас бөлігіне айналды. Әйткенмен, кей жағдайда олар өз әрекеттерінің құқықтық салдарын толық түсіне бермейді. Тіпті, кейбірі құқықбұзушылыққа аңдамай қатысып кететін жағдайлар да әрәдік кездеседі.

Соңғы жылдары елімізде құқықтық мемлекет қағидатын нығайтуға бағытталған жүйелі реформалар жүзеге асырылып келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауларында заң үстемдігін қамтамасыз ету және қоғамда құқықтық мәдениетті қалыптастыру мәселесіне ерекше тоқталып келеді. Осы мақсатта елімізде құқықбұзушылықтың алдын алуға бағытталған бірқатар кешенді бастамалар қолға алынған. Солардың бірі – «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы. Үкіметтің қаулысымен былтыр 2025-2030 жылдарға арналған жобаны ілгерілету нақты жоспар бойынша бекіді.

Бұл бастама қоғамда құқықтық мәдениетті қалыптастыруды, құқықбұзушылықтың алдын алуды және азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыруды көздейді. Әсіресе, жастар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу, профилактикалық кездесулер ұйымдастыру және құқықтық білімді кеңінен насихаттау мәселесіне басымдық берілген.

Соңғы жылдары елімізде жастар қылмысының деңгейі белгілі бір дәрежеде төмендегенімен, мәселе өзектілігін әлі де жойған жоқ. Полиция департаментінің мәліметіне сүйенсек, соңғы бес жыл мұғдарында жасөспірімдер жасаған құқықбұзушылықтар шамамен үштен біріне азайған. Соған қарамастан, құқық қорғау органдарының мәліметі бойынша жастар қылмысының басым бөлігі мүлікке қарсы құқықбұзушылықтардан тұрады. Жүргізіліп жатқан кешенді шаралардың нәтижесінде соңғы жылдары кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыс деңгейі біршама төмендеп, жалпы көрсеткіш бірнеше пайызға қысқарған.

Бұл бағыттағы жұмыстар мектептерде, колледждер мен жоғары оқу орындарында тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Құқық қорғау органдарының өкілдері білім беру мекемелерінде кездесулер өткізіп, жастарға заң талаптары, құқықтық жауапкершілік, интернет қауіпсіздігі мен киберқылмыстың алдын алу мәселелері жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Мұндай кездесулердің басты мақсаты – жастардың құқықтық сауаттылығын арттырып, оларды құқықбұзушылықтан сақтандыру.

Цифрлық дәуірдегі жаңа қауіптер

Бүгінде жастардың өмірін интернетсіз елестету қиын. Әлеуметтік желілер, түрлі онлайн платформалар, мессенджерлер – жастардың күнделікті өмірінің ажырамас бөлігіне айналды. Ақпараттың жылдам таралуы, жаңа технологиялардың дамуы қоғамға көптеген мүмкіндік бергенімен, жаңа қауіптердің де пайда болуына сеп болғаны жасырын емес.

Мәселен, соңғы жылдары кибербуллинг, интернет алаяқтық, жалған инвестициялық ұсыныстар, онлайн құмар ойындар мен түрлі күмәнді платформалар жастарды жиі қауіпке ұшыратады. Кей жағдайда жастар өз әрекеттерінің заң алдында жауапкершілікке әкелуі мүмкін екенін толық түсіне бермейді. Әлеуметтік желідегі бір сәттік сезіммен жазылған пікір, біреуді келемеждеген жазба немесе жалған ақпарат тарату да құқықбұзушылық ретінде қарастырылуы мүмкін.

Цифрлық кеңістіктегі тағы бір өзекті мәселе – кибербуллинг. Интернеттегі қорлау, кемсіту немесе әдейі қысым көрсету тек моральдық тұрғыдан ғана емес, құқықтық тұрғыдан да жауапкершілікке әкелуі ықтимал. Алайда, көп жағдайда жастар мұндай әрекеттердің салдары қандай болатынын терең түсіне бермесе керек.
Бүгінгі күні әлеуметтік желілер мен түрлі онлайн платформаларда «оңай табыс», «жылдам ақша» деген мазмұндағы жарнамалар жиі кездеседі. Мұндай ұсыныстардың бір бөлігі интернет алаяқтықпен немесе заңсыз қаржылық схемалармен байланысты болуы мүмкін. Кейде жастар мұндай жобаларға қызығып, өздері де байқамай күмәнді әрекеттерге араласып кететін жағдайлар да кездеседі. Тіпті, соңғы уақытта жасанды зерде көмегімен жасалған түрлі бейнежазба мен жалған ақпараттар интернет кеңістігінде желдей есіп жүр. Мұндай контенттің шынайы немесе жалған екенінің аражігін ажырату да кейде қиынға соғады.

Мамандар не дейді?

Ілгеріде сөз еткен жаңа қауіптердің алдын алу бағытында құқық қорғау органдары да жастармен түсіндіру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізіп келеді. Цифрлық кеңістіктегі мұндай қауіптер құқық қорғау органдарының ерекше назарында. Қазіргі уақытта интернет арқылы жасалатын құқықбұзушылықтардың түрі көбейіп, олардың әдіс-тәсілдері де сан-салаға тарамдала түскен.

– Қазіргі таңда жастардың басым бөлігі уақытын интернет кеңістігінде өткізеді. Әлеуметтік желілер, түрлі онлайн платформалар арқылы ақпарат алмасу күнделікті өмірдің бір бөлігіне айналғалы қашан. Алайда, кей жағдайда жастар өз әрекеттерінің заң алдында жауапкершілікке әкелуі мүмкін екенін ескере бермейді. Мысалы, әлеуметтік желіде біреуді қорлау, жалған ақпарат тарату немесе кибербуллинг жасау да құқықбұзушылық болып саналады. Сонымен қатар, бүгінде алаяқтар түрлі мессенджерлер мен әлеуметтік желілер арқылы «оңай табыс», «жылдам пайда» секілді ұсыныстарды жиі таратады. Кей жағдайда азаматтар, әсіресе, жастар мұндай ұсыныстарға сеніп қалып жатады. Ал, онлайн құмар ойындар мен күмәнді инвестициялық жобалар жастардың қаржылық қауіпсіздігіне кері әсерін тигізуі мүмкін, – дейді Қарағанды облысы полиция департаментінің киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі Абылай Жұманов.

Маманның пікірінше, мұндай жағдайлардың алдын алу үшін ең алдымен, жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру қажет.

– Интернеттегі кез келген ақпаратқа сын көзбен қарау, жеке деректерді бөгде адамдарға бермеу, күмәнді сілтемелер мен ұсыныстардан сақ болу маңызды. Сондықтан, жастардың құқықтық және цифрлық сауаттылығын арттыру – киберқылмыстың алдын алудағы негізгі факторлардың бірі, – дейді ол.

Жастардың көзқарасы

Құқықтық мәдениетті қалыптастыру мәселесіне жастардың өздері де бейжай қарамайды. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды Ұлттық зерттеу университеті заң факультетінің студенті Құдайберген Садырбековтің пікірінше, құқықтық сауаттылық – әр азаматтың өмірінде маңызды орын алатын құндылық.

– Менің ойымша, жаһандану дәуірінде жастардың өз құқығын толығымен меңгеруіне мүмкіндік мол. Оған ықпал ететін цифрлық технологияның да рөлі орасан. Кейде өзіммен қатарлас жастар заң талаптарын толық білмегендіктен, түрлі құқықбұзушылықтарға жол беріп жатады. Оқу қабырғасында құқықтық тұрғыда тереңірек білім алып жүрсек те, сауаттылық тек оқу бағдарламасымен ғана шектелмеуі керек. Бүгінде жастар түрлі ақпарат көздері арқылы да заң мен қоғамдағы құқықтық қатынастар туралы түсінігін кеңейте алады. Мәселен, қазіргі таңда жас буын құқықтық немесе әлеуметтік мәселелерді көтеретін фильмдер мен сериалдарды да жиі көреді. Мұндай туындыларда сот процестері, құқық қорғау органдарының жұмысы, азаматтардың құқықтары мен міндеттері сияқты тақырыптар көрініс табады. Жастар осындай дүниелерді көре отырып, заңның қоғамдағы рөлін жақсырақ түсіне бастайды, – дейді ол.

Түйін

Қоғам дамыған сайын заң да, құқықтық қатынастар да күрделене түсетіні анық. Бүгінгі цифрлық дәуірде ақпараттың жылдам таралуы, жаңа технологиялардың пайда болуы жастардың өмір салтына ғана емес, олардың құқықтық жауапкершілігіне де жаңа талаптар қоя бастады. Сондықтан, құқықтық сауаттылық – тек құқық қорғау органдарының немесе білім беру мекемелерінің ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндетіне айналып отыр. Заңды құрметтеу ең алдымен, адамның ішкі мәдениетінен, тәрбиесінен басталады.

Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button