Ресми

Құқығын білген қор болмайды

Заңда жұмыс берушінің де, жұмыскердің де құқығы анық көрсетілген. Десек те, құқығы тапталып, артық жұмысқа жегілетін жағдайлар да бар. Аянбай жұмыс істесе де, «еңбегі – еш, тұзы – сор» болғанның құқы қорғалмайды емес, қорғалады. Дәлірек айтсақ, облыстың еңбек инспекциясының инспекторлары – жұмыскер құқының қырағы күзетінде. Араша сұрағанның базынасын жан-жақты қарап, зым-зия төленбей кеткен жалақысын қайтарып қана қоймай, қызметкер мен жұмыс беруші арасындағы өзара қарым-қатынасты реттеп, тараптардың құқықтары мен мүдделерін қорғап та береді. Тек, жұмыскердің өзі де құқығы аяқ асты болып жатса, «тағдыр салды, мен – көндім» деп жүре бермей, әрекет етпек керек. Бұндай жағдайлар облыста жоқ емес, бар. Облыстың еңбек инспекциясы жөніндегі басқарма басшысы Ирина Любарская Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында осындай жайттармен бөлісті.

Басқарма еңбек ұжымдары арасында наразылықтың алдын алу үшін азаматтардың өтініш­теріне талдау жүргізіп қана қоймайды. Сонымен бірге, әлеуметтік желілерге де мониторинг жүргізеді. Сондай-ақ, әлеуметтік және басқа да аударымдар бойынша берешекке де талдау жасалады. Мақсат – жұмыскердің құқының бұзылмауы. Жүргізілген жұмыс нәтижесінде қаңтардан бастап, облыс бойынша 472 жұмыс беруші 423 мыңнан астам жұмыскердің жалақысын 10%-дан 50%-ға арттырғанын айтады Ирина Любарская.

Одан бөлек, басқарма басшы­сы облыс бойынша жалақы бойынша берешек бар екенін де жеткізді.

– 17 тамыздағы жағдай бойынша 164 қызметкердің 67,8 млн. теңге жалақысы төленбеген. Төлемегендер – «Bochki.kz» ЖШС, «Куу-Чек» тау-кен кәсіп­орны» ЖШС және банкротқа ұшыраған «ЦУН-Астана» ЖШС. Тексеріске шыққан инспекторлар аталған кәсіпорындарға ұйғарым берді. Заңға сәйкес, аталған ұйғарым атқару парағының мәртебесіне ие. Белгіленген мерзімде жалақы төленбесе, ұйғарым жеке сот орындаушыларына жолданады, – дейді Ирина Любарская.

Сондай-ақ, еңбек инспекциясы жөніндегі басқарма қаңтардан бері жұмыс берушілердің еңбек заңнамасын бұзу фактілері, атап айтқанда, жалақы төлемеу, заңсыз жұмыстан шығару, демалыс бермеу сияқты себептер бойынша 2211 өтінішті қараған. Тиісті жауаптар да беріліпті.

Еңбек инспекциясының міндетіне жазатайым оқиғалардың мән-жайлары мен себептерін талдау да кіреді. Нәтижесінде жұ­мыс берушілердің жұмыс өндірісін дұрыс ұйымдастырмайтыны анықталған. Яғни, жұмыс орындарындағы еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелеріне тиісті көңіл бөлінбейді. Кәсіпорындар жабдықты жаңарту өз алдына, қызметкерлерге қау­іп­сіздік ережесін де дұрыс үйретпейді. Салдары – 7 айдағы 77 жазатайым оқиға, зардап шеккен – 89 адам, қыршыннан қиылған – 10 өмір. Көш басында тағы «АрселорМиттал Теміртау» АҚ. Бұл кәсіпорында биыл зардап шеккендер саны – 11 адам.

– Бірнеше кәсіпорын өндірістік жарақаттың өсуіне жол берді. Олардың қатарында «АрселорМиттал Теміртау» АҚ, «ТЭМК» АҚ, «Шұбаркөл Көмір» АҚ, «Ren Milk» ЖШС және «Тау-кен технологиялары» ЖШС бар. Жазатайым оқиғалардың мән-жайлары мен себептерін талдау жұмыс берушілер тарапынан жұмыс дұрыс ұйымдастырылмағанын көр­сетті, – дейді Ирина Юрьевна.

Сонымен қатар, жұмыс орындарындағы еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелеріне тиісті көңіл бөлінбейтінін де айтып отыр басқарма басшысы. Өкінішке қарай, барлық кәсіп­орындарда жабдықты жаңғырту жүргізілмейді. Қызметкерлерге қауіпсіздік техникасы оқытылмайды. Тағы бір өкініштісі – тәжірибелі қызметкерлердің өздеріне деген сенімділігі де оқыс оқиғаларға әкеледі екен.

Облыстың бас мемлекеттік ең­бек инспекторы атап өткендей, егер кәсіпорындарда жазатайым оқиғалар тіркелсе және жұмысшылардың құқықтары жиі бұзылса, онда жоспарлы тексерулер мен профилактикалық бақылау жүргізіледі. Еңбек инспекциясы басқармасының ерекше назарына түскені – «ГорКомТранс» ЖШС, «Алтыналмас АК» АҚ, «Алтай Полиметаллы» ЖШС, «Қарағанды Су» ЖШС, «№ 3 автобус паркі» ЖШС екенін айту керек.

– Өндірістік жарақатты азайту мақсатында облыс әкімі және облыс прокуратурасы бекіткен «Өндірістік жарақатқа жол жоқ» жобасын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары әзірленді. Жұмыс орындарындағы еңбек жағ­дайлары мен қауіпсіздігін жақ­сартуға бағытталған 2021-2023 жылдарға арналған Еңбек қауіпсіздігі мен жұмыскерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі «Қауіпсіз еңбек» бағдарламасы қабылданды. Одан бөлек, елімізде өндірістік жарақатты және еңбек жағдайларында зиянды жұмыс орындарын азайту бойынша жол картасы әзірленді. 162 кәсіпорында OHSAS, ISO еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау стандарттары енгізілді, – деп атап өтті Ирина Любарская.

Салтанат ІЛИЯШ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button