Құқығымыздың Конституция деңгейінде қорғалуы үлкен сенім мен қауіпсіздіктің кепілі
Қазақстан тарихында республикалық референдумдар санаулы рет қана өткен болатын, сондықтан мұндай формат әрдайым ел дамуының маңызды кезеңдерімен байланысты болып келеді. Мұндай процестер әсіресе жастар үшін қызықты әрі маңызды, өйткені дәл осы кезде қоғамда ашық пікірталас күшейіп, түрлі көзқарастар қалыптасады.

Өткен аптада белгілі болғандай, Мемлекет басшысы 15 наурызда республикалық референдум өткізу туралы Жарлыққа қол қойды. Алда ел үшін маңызды кезең тұр, сондықтан бұл тақырыптың қоғамда әлі де кеңінен талқыланатыны анық.
Сонымен қатар, жаңа Қазақстан Конституциясының жобасымен мұқият танысып шықтым. Өзім белсенді жастар өкілі болғандықтан, жобада адам құқықтарының күшейтілуі ерекше қуантты. Қазіргі жастар белсенді, еркін ойлайтын және қоғам өміріне белсене араласатын буын, сондықтан біздің құқықтарымыздың Конституция деңгейінде қорғалуы үлкен сенім мен қауіпсіздіктің кепілі деп есептеймін.
Ал цифрлық құқықтардың алғаш рет нақты бекітілуі өте өзекті қадам. Бүгінде біз онлайн ортада өмір сүріп, оқып, жұмыс істеп, түрлі жобалар жүзеге асырып жүрміз. Демек, бұл нормалар қазіргі заманның шынайы өмір салты ескерілгенін көрсетеді.
Білім, ғылым және инновацияға басымдық берілуі де мемлекет жастардың әлеуетіне сеніп отырғанының айқын белгісі. Бұл жастар үшін білім алу, мансап құру, ғылым және кәсіпкерлік бағытында жаңа мүмкіндіктер ашатыны сөзсіз.
Жалпы, мен бұл жобаны әділеттілікке, тең мүмкіндікке және дамуға бағытталған маңызды құжат ретінде қолдаймын және жастарды да бейжай қалмай, оқып, танысып, өз шешімін референдумде білдіруге шақырамын.
Зият СӘДУАҚАСОВ
қоғам белсендісі



