Құқығың бұзылса, прокурорға жүгін
Қарағанды облысының прокуратурасы өндіріс орындарына тексеріске шықты. Олар азаматтардың еңбек құқықтарының орындалуын тексеру барысында 20 мыңға жуық заңсыздықты әшкереледі.

Рейдтің мақсаты – жұмыскерлердің құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету. Шара барысында жергілікті атқарушы органдармен бірігіп, еңбек дауларын шешуге арналған ведомствоаралық топтар құрылды. Осылайша, қос тарап жұмыс берушілермен проблемалық мәселелер төңірегінде заң бұзушылықтарға қатысты шаралар қабылдады.
– Атап айтқанда, биыл 200-ге жуық кәсіпорында болып, жұмыс берушілерді қолданыстағы нормалар жайында мәліметпен кеңінен таныстырдық. Өндіріс басшыларына жұмысшылардың құқығын жіті сақтау және жалақыны уақытымен төлеуді ескерттік. Соның нәтижесінде, заңның орындалысын қадағалаушы орган өкілдері мен атқарушы органдары биыл жұмысшылар алдында берешек болған 3 кәсіпорын 358 млн. теңгеге жуық еңбекақы қарызын қайтарды, – деді облыстың прокуратура басқармасының аға прокуроры Ерлан Түсіпов.
Бұдан былай қарай, құқығы бұзылған жұмыскерлер прокурорларға тікелей шағымдана алады немесе 33-33-35 сенім телефонына қоңырау шалып, мобильді топтардың көмегіне сүйенуіне болады.
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ.