Жаңалықтар

Құқықтық тәрбиенің маңызы зор

Елімізде құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету және қоғам қауіпсіздігін арттыру мақсатында бірқатар шаралар атқарылуда. Әсіресе, облыс мектептері мен жоғары оқу орындарында өткізілетін «Заң мен тәртіп» акциясы аясында оқушылар мен студенттер талай маңызды ақпаратқа қанығып қана қоймай, салауатты өмір салтын ұстануға саналы көзқарас қалыптастырғанын айту керек.

Суреттер ұйымдастырушылардан

Мәселен, Саран қаласындағы №6 мектеп базасында «Оқу орындарында төтенше жағдайлар кезіндегі жекелеген қауіп түрлері бойынша көрсетілімдік симуляциялары бойынша іс-қимыл алгоритмдері» тақырыбында оқыту семинар-тренинг өтті. Саран қаласының ішкі саясат бөлімінің әлеуметтік тапсырысы негізінде жүзеге асқан шараны ұйымдастырған – «Мир Добра» қоғамдық қоры. Сондай-ақ, шараға қаланың төтенше жағдайлар бөлімі де атсалысқанын айту керек.

Семинар-тренинг мақсаты оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің заманауи қауіптері мен әдістері туралы педагогтарды хабардар ету және түрлі төтенше жағдайлардағы алгоритмге үйрету.

Ал, №2 жалпы білім беретін мектепте кәмелетке толмағандардың құқықтық және заңнамалық мәдениетін арттыру мақсатында «Кәмелетке толмағандардың құқықтары мен міндеттері» тақырыбы бойынша құқықтық кездесу өтті.

Дөңгелек үстелге Саран қалалық мәслихатының депутаттары Нұргүл Тәжібаева және Қазбек Ибраев шақырылды. Депутаттық корпус өкілдері оқушылармен профилактикалық әңгімелер жүргізіп, оларға еліміздің негізгі Заңы – Конституция және конституциялық міндеттер мен құқықтарды сақтау қажеттілігі туралы айтты.

Кездесу жанды әңгіме түрінде өтіп, оқушылар да пікірлерімен бөлісті. Одан бөлек, құқық бұзушылықтар туралы өз өмірлерінен мысалдар келтірді.

Дәл осындай кездесу Ақтоғай ауданы Сарышаған кентінің орта мектебінде де өтті. «Заң мен тәртіп» акциясы аясында «Тәртіпті өзіңнен баста» атты кездесуге 10-11 сынып оқушылары қатысты.

Ал, Қарағанды қаласының «Жастар ресурстық орталығы» жастар саясаты саласындағы басым бағыттардың бірі ретінде нашақорлықтың алдын алу және салауатты өмір салтын ұстануға саналы көзқарас қалыптастыру жұмыстарын жалғастыруда. Осы орайда Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің инновациялық технологиялар колледжі студенттері үшін «Нашақорлықтың жаңа түрлері және жастар арасындағы нашақорлық мәселесі» тақырыбында кездесу өтті.

Шараға облыстың полиция департаментінің есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі К.Корниенко қатысты. Сарапшы заңсыз есірткі айналымының қазіргі кездегі қауіптері туралы, әсіресе жастар арасында кең таралған жағымсыз үрдістерге ерекше тоқталып, жан-жақты баяндады.

– Құқық қорғау органдары, білім беру мекемелері, жастар және олардың ата-аналарының бірлескен күшімен ғана есірткі заттарынан келетін қауіптерге қарсы тұруға болады, – дейді К.Корниенко.

Бұл шара – жастар арасындағы нашақорлықтың алдын алуға бағытталған жүйелі жұмыстың бір бөлігі ғана. Осындай кездесулер жастар арасындағы жағымсыз әсерлерге қарсы тұруға көмектеседі және салауатты өмірге саналы көзқарас қалыптастыруға ықпал етпек.

Ал, Бұқар жырау ауданының Тоғызқұдық ауылында «Жемқорлыққа «жоқ» деуді өзіңнен баста» атты дөңгелек үстел өтті. Көтерілген мәселе – қызметкерлер арасына жемқорлыққа төзбеушілікті насихаттау.

– Тәртіп орнатуда полицияның рөлі айырықша. Олар халықтың сенімін арттыру үшін бар күш-жігерін салады. Бұл міндет қылмыстарды сапалы ашу, ауқымды профилактикалық іс-шаралар, азаматтарға құрметпен қарау, қолжетімділік пен диалогқа ұмтылу арқылы жүзеге асырылады. Құқық қорғау органдары кеңестік жүйе мен санадан арылса, халық пен заң арасындағы қарым-қатынас та жаңғыратыны анық, – деді кездесу барысында учаскелік полиция инспекторы Сәкен Бисмильдин.

Салтанат ІЛИЯШ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button