Қарағандыда «Заң және тәртіп» қағидаты аясында облыс прокуратурасы жанындағы Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігінің аймақтық бөлімшесі – Экономикалық тергеу департаментінің Жобалық кеңсесі ұйымдастырған «Құқықтық тәртіп әліпбиі» акциясы өтті. Шараға облыстық мәслихат депутаттары, БАҚ өкілдері, блогерлер, қоғамдық және жастар ұйымдарының мүшелері қатысты. Қонақтар экономикалық тергеу департаментінің бөлімшелерінің күнделікті жұмысымен танысып, ведомствоның өңірдегі экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі маңызды рөлін өз көзімен көрді.

Сонымен қатар, акция жоғары сынып оқушылары мен колледж студенттерінің қаржылық сауаттылығы мен құқықтық мәдениетін арттыруға бағытталған «Қаржы сақшысы» компьютерлік оқыту ойынымен бірге өткізілді. Бұл шара жастарға заң мен тәртіпті сақтау жауапкершілігін түсіндіруге арналған.
Жоғары сынып оқушылары мен колледж студенттері бұл ойынды компьютерге немесе ноутбукке жүктеп, қаржылық қауіпсіздіктің негізгі дағдыларын интерактивті түрде меңгереді. Заң талаптарына сәйкес дұрыс шешімдер үшін ойыншыларға бонус беріледі. Ал, қателіктер үшін ұпай шегеріледі. Қорытынды бойынша ең жоғары нәтиже көрсеткен 10-11 сынып оқушылары бағалы сыйлықтармен марапатталады.
– Барлық іс-шаралар қоғамда құқық пен тәртіпке құрметті қалыптастыруға, азаматтардың мемлекеттік және құқық қорғау органдарына деген сенімін арттыруға, азаматтық белсенділікті дамытуға, қоғамдық қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған. Біз қоғаммен ашық диалог орнату арқылы жастарды құқықтық мәдениетке баулып, олардың қаржылық сауаттылығын арттыруға күш салудамыз. Бүгін сіздер Қаржылық мониторинг агенттігі қызметкерлерінің жұмысымен танысып, олардың экономикалық және қаржылық қылмыстарға қарсы қалай әрекет ететінін көрдіңіздер. Бұл шара профилактикалық мақсатпен қатар, жастар мен қоғам арасында сенімді нығайтып, мемлекеттік органдардың ашықтығын көрсетуге бағытталған, – деді Қарағанды облысы прокурорының орынбасары Еділ Жұбанов.
Қарағанды облысы бойынша экономикалық тергеу департаменті басшысының орынбасары Ержан Өтебаев ведомство жұмысының негізгі бағыттары мен жетістіктері жөнінде тарқатып айтты.
Биыл өңірімізде қаржы пирамидаларының құрбандарына шамамен 60 миллион теңге қайтарылды. Бұл қылмыстық әрекеттер агенттік қызметкерлері тарапынан ерте кезеңде анықталып, дер кезінде тоқтатылды. Бұдан бөлек, қаржылық барлау бөлімі күдікті операцияларды анықтау арқылы елдің экономикалық тұрақтылығын қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Біз тұрғындарды қаржылық қауіптерден сақтауға және жоғары зияткерлік құқықбұзушылықтарды анықтауға ерекше мән береміз, – деді ол.
– Құқық қорғау органдарының жұмысын тұрғындар көзімен көріп, тікелей эфирде бақылап келеді. Азаматтар заңдылық пен құқықтық тәртіпті сақтау үшін қандай шаралар қабылданып жатқанынан хабардар. Бұған дейін полиция департаменті және прокуратура жұмысымен етене танысқан еді. Бүгін экономикалық тергеулер департаментіне келді. Бұл алдағы уақытта да жалғасады, – деді облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрлан Бикенов.
Облыстық мәслихаттың депутаты Абай Қалықов ойынды қолдауға және оны одан әрі дамытуға дайын екенін атап өтті.
– Бұл ойын балалар үшін арнайы әзірленген. Өте қызықты, танымдық әрі қажет дүние. Бағдарламаны смартфонға да жүктеу мүмкіндігін қарастыру қажет. Себебі, қазіргі нұсқасы тек компьютерге арналған. Біз, депутаттар корпусы, бұл бастаманы қолдауға, марапат қорын қаржыландыруға дайынбыз. Ойынды 8 сыныптан бастап, барлық оқушылар арасында өткізу керек. Өткені, қаржылық сауаттылықты ойын арқылы үйрену дәрістен гөрі тиімді әрі қызықты. Жастарға қаржылық қауіптерді түсіндіру, заңды шешім қабылдауды үйрету – олардың болашақтағы қаржылық тұрақтылығы үшін маңызды, – деді Абай Қалықов.
Жиынға қатысқан қоғам өкілдері ашық форматтың құқық қорғау органдарының жұмысын тереңірек түсінуге мүмкіндік беретінін, сенімді нығайтып, азаматтарды заңдылықты сақтауға белсенді қатысуға ынталандыратынын атап өтті.
– Заң мен тәртіп – ең алдымен, барлық мемлекеттік органдардың халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру жөніндегі жұмысы. Осы ретте, қоғаммен конструктивті диалог үшін ведомстволардың ашықтығын қамтамасыз ету аса маңызды. «Құқық тәртібі әліпбиі» акциясы профилактикалық шаралардың маңызын тағы бір мәрте көрсетті, өңірдегі құқықтық мәдениетті нығайтуға және жастардың қаржылық сауаттылығын арттыруға үлес қосады, – деді Ержан Өтебаев.
Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»



