Құқықтық сана – қылмысқа тосқауыл
Жастар арасындағы есірткі қылмысының алдын алу және киберқауіпсіздік – қоғамның ең өзекті тақырыбының бірі. Әсіресе, әлеуметтік желілер мен ғаламтор кеңістігі арқылы жасалатын құқықбұзушылықтар жас буынды тура шырмауыққа шырмауда.

Осындай келеңсіздіктердің алдын алып, жастарға дұрыс бағыт-бағдар беру мақсатында Ж.Букенов атындағы Қарағанды банк колледжінде «Заң мен тәртіп» жобасы аясында мазмұнды кездесу өтті.
Алдымен колледж директоры Надия Спанова сөз алып, мұндай кездесулердің маңыздылығына тоқталды. Ол жастардың құқықтық сауатын арттыру – білім беру ұйымдарының да басты міндеттерінің бірі екенін атап өтті.
– Мұндай кездесулерді жай ғана дәріс деп емес, студенттердің өмірлік бағытын айқындайтын маңызды тәрбие сағаты деп білеміз. Құқықтық сауаттылық пен жеке жауапкершілік – жас маманға аса қажет. Сондықтан, біз жастарды заң талаптарын құрметтеуге, қауіп-қатерден сақ болуға және саналы таңдау жасауға бағыт-бағдар береміз, – деді Надия Қалиқызы.
Әрі қарай облыс прокурорының орынбасары Еділ Жұбанов сөз алып, жастардың интернет-алаяқтық пен есірткі айналымына қалай тартылатынын нақты мысалдармен түсіндіріп өтті.
Еділ Аязбайұлының айтуынша, қазіргі таңда қылмыстық топтар әлеуметтік желілер мен жалған сайттар арқылы студенттердің жеке деректерін иемденіп, оларды «дроппер» ретінде пайдаланады. Яғни, банк картасын, жеке мәліметін берген жас азамат өзі байқамай қылмыстық схеманың бір бөлігіне айналады. Мұндай әрекет үшін Қылмыстық кодекстің 232-бабы бойынша 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Сонымен қатар, жастарды «жеңіл табыс» уәдесімен есірткі тасымалдаушы – «закладчик» ретінде арбайтын жағдайлар жиілегені айтылды. Қылмыстық кодекстің 297-бабына сәйкес есірткіге қатысты құқықбұзушылықтар үшін 20 жылға дейін жаза көзделген.
Кездесуде Қарағанды облысы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Қуаныш Орынбетов те «Бір рет қателік жасау – бүкіл тағдырға таңба түсірумен тең», – деп жастарға ой салды. Ол жастардың көбіне әлеуметтік желідегі жарнамалар арқылы арбалатынын, ал, шынайы ұйымдастырушылардың көбіне ел аумағынан тыс жерде болатынын жалпақ тілмен түсіндіріп өтті.
Теориялық бөлімнен кейін студенттерге арнайы бейнеролик көрсетілді. Одан соң іс-шара практикалық бағытта жалғасты. Арнайы дайындалған қызметтік иттердің есірткі мен жарылғыш заттарды анықтауы көрсетілді. Солардың бірі – лабрадор-ретривер тұқымды «Бакс» атты ит. Ол полиция лейтенанты Алмас Жанысбаев жетекшілігімен жұмыс істейді.
– Қызметтік иттерді оқыту одорологиялық әдістеме негізінде жүргізіледі. Алдымен иіс имитаторлары арнайы тасымалдағышқа – көбіне ойыншыққа сіңіріледі, кейін шартты рефлекс қалыптастыру арқылы ит белгілі бір иісті нақты объектімен байланыстырады. Бұл – иісті дифференциациялау және тұрақты идентификациялау қабілетін бекітетін кезең. Ең қызығы, иттің иіс сезу қабілетінің ерекшелігі де сол – ол миллиондаған иісті ажырата алады. Жүйелі жаттығу нәтижесінде ит есірткі заттарының өсімдік және синтетикалық түрлерін, сондай-ақ, жарылғыш заттардың иісін сенімді түрде ажыратады, – деді Алмас Бақтиярұлы.
Практика барысында студенттердің сөмкелеріне арнайы дайындалған заттар жасырылып, «Бакс» оларды дәл тауып көрсетті. Сонымен қатар, облыстық полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі, полиция майоры Нұрым Сәдуақасов студенттермен кері байланыс форматында қызғылықты дәріс өткізді. Ашық сұқбат түрінде өткен бұл бөлімде жастар көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, тұщымды жауап алды.
Кездесу соңында белсенділік танытқан студенттерге арнайы сыйлықтар үлестірілді. Жалпы алғанда, «Заң мен тәртіп» жобасы аясындағы бұл іс-шара тек ақпараттық сипатта ғана емес, тәрбиелік, профилактикалық мәні зор кездесу болды. Жастарға қылмыстың салдары нақты мысалдармен көрсетіліп, заң талаптары түсіндірілді. Осындай мазмұнды басқосулар өскелең ұрпақтың құқықтық мәдениетін қалыптастыруға, саналы таңдау жасауына және қоғамдағы тәртіпті нығайтуға ықпал ететіні сөзсіз.
Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН,
«Ortalyq Qazaqstan»



