Құқықтық кабинеттер ашылады
Әлеуметтік және экономикалық тұрғыда даму үшін алдымен заң үстемдігі орнауы тиіс. Ал, ол үшін кез келген адамның құқықтық тұрғыдан сауатты болуы маңызды. Осы мақсатта өңірдің ауылдық әкімдіктерінде құқықтық кабинеттер ашылатын болды. Жоба облыстық әкімдікте Әділет департаменті жанындағы заң қызметтерін үйлестіру кеңесінің отырысында ұсынылды.
Тұрғындардың заңнамадағы жаңалықтарды уақытылы біліп отыруы үшін арнайы ашылатын заң кабинеттерін әкімдіктер ұйымдастырады. Атап айтқанда, «Закон/Заң» дерекқорына қол жеткізе отырып, компьютері бар жұмыс орнын ұйымдастыру қажет.
– Ауыл тұрғындары әкімдікке келіп, базаны пайдалана алады. Жүйеде нақты іздеу бар. Өз мәселесін шешу үшін қажетті заңнамалық немесе нормативтік актіні оңай табуға болады, – деді облыстың Әділет департаментінің нормативтік-құқықтық актілерді тіркеу бөлімінің басшысы Жетті Әбділманова.
Сондай-ақ, мемлекеттік қызметшілерді арнайы оқудан өткізу де жоспарда. Яғни, олар «Закон/Заң» дерекқорын қалай пайдалану керектігін оқиды.
Кездесуде сондай-ақ, жергілікті мемлекеттік органдардың 2023 жылғы нормативтік-құқықтық актілері мониторингінің нәтижелері талқыланды. Әділет министрінің бұйрығымен бекітілген ережелерге сәйкес, құқықтық мониторинг тұрақты негізде жүргізіледі.
– Жылына бір рет әділет органдары мемлекеттік органдармен бірлесіп мониторинг нәтижелерін қарайды. Мақсаты – анықталған кемшіліктерді жою бойынша ұсыныстар әзірлеу, – деді Қарағанды облысы Әділет департаменті басшысының орынбасары Аягөз Шалдыбаева.
Салтанат ІЛИЯШ,
«Ortalyq Qazaqstan»