Ықпалдасудың төте жолы
Ұлт көшбасшысының көрегендігі мен сарабдал саясатының ендігі бір жемісті де жеңісті белесі – қолданысымыздағы кириллица қарпін латын әліпбиіне көшіру. Елбасының осынау тағдыршешті қадамға баруының өзі заман талабы деуге тұрарлық.
Себебі, тың технологиялар мен ақпарат айдынында, ғылым һәм білім кеңістігінде латын әліпбиінің алар орны – ұшан-теңіз. Бұл – еліміздің ертеңін ойлап, жарғақ құлағы жастыққа тимей мемлекетіміздің мерейін одан сайын үстем етсем деген тұлғаның өміршең бастамасы, рухани жаңғырудың іргетасы.
Жаңа әліпбидің бізді жаңа мүмкіндіктерге, зор жетістіктерге бастайтыны сөзсіз. Себебі латын қарпі – ғылым мен техниканың, интернет пен ІТ-технологиялардың тілі. Латын әліпбиі рухани болмысымызды қоғамдық ой-санамызды жаңғыртады. Бұл әліпби қазақстандықтар үшін ғана емес, сонымен қатар төрткүл дүниеге тарыдай шашылып кеткен қандастарымызға да ортақ әліпби болмақ. Латын әліпби – түркі әлемімен ықпалдасудың төте жолы. Өз ерекшеліктерімізді сақтай отырып әліпбиді өзгерту тіліміздің халықаралық аренаға шығуына және ғылыми-техникалық прогрестің заманауи жетістіктеріне жол ашады. Әлемдік мәдени тұтастықты нығайтып, коммуникациялық үдерістерге одан әрі интеграциялануға мүмкіндік туғызады. Елбасының: «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы Саран қалалық жалпы білім беретін мектептерінде мұқият оқылып, жан-жақты талқылану үстінде. Әсіресе, тіл мамандары, көзі қарақты, көкірегі ояу жастарымыз латын әліпбиі төңірегінде оңтайлы ой-пікірлерін білдіруде. Мектептерімізде педагогтар рухани жаңғыру бағдарламасы бойынша түрлі іс-шараларды ұйымдастырып, латын графикасын қолданудың ешқандай қиындық тудырмайтындығын аңғарып отыр. Елбасының өміршең бағдарламасындағы мемлекеттік тілді латын графикасына көшіру ұсынысын көпшілікпен бірге мектеп қауымдастығы да толық қолдайды.
Қарлығаш ЖҮНІСБЕК,
№1 мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі.