Ықпалдастық әлеуеті артпақ
Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында Достық үйінде «Татулық пен келісім – әділетті Қазақстан дамуының негізі» атты дөңгелек үстел өтті. Онда Мемлекет басшысының төрағалығымен Қазақстан халқы Ассамблеясы XXXII сессиясының пленарлық отырысында айтылған мәселелер қозғалды. Шараға қатысқан этномәдени бірлестіктердің өкілдері мен жастар этносаралық келісімді нығайту әлеуетін арттыру әрі жаңа, толерантты қоғам құрудың алдағы қадамдарын талқылады.
– Ел Президенті Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXII сессиясында өзара түсіністікті нығайту және Қазақстан халқын одан әрі біріктіру үшін практикалық қадамдардың маңызына назар аударды, Ассамблея жұмысының бағыттарын белгіледі. Оның ішінде, Ассамблея қызметінің біртіндеп ұлттық ықпалдастық әлеуетін арттыруға, оған тың серпін беруге айрықша назар аударды. Қазіргі заманға сай ұйымдастыру міндетін де қойды. Біз облыстық Ассамблеяның жұмысын Мемлекет басшысы айтқан жаңа міндеттерді ескере отырып құруымыз керек. Бүгінде облыстағы ҚХА жанынан аналар, кәсіпкерлер, медиация бойынша кеңестер, жастар қанаты құрылды әрі олар табысты жұмыс істеуде. Мұның бәрі Ассамблеяның әртүрлі этностардың өкілдерін ғана емес, бүкіл қоғамымызды біріктіретінін көрсетеді, – деп атап өтті облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.
Ел қауіпсіздігі мен халықтың әл-ауқаты үшін сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің маңыздылығын Қарағанды облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы Мұрат Төлеубаев атап өтті.
– Қоғамда сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілікті қалыптастыру үшін үнемі идеологиялық және профилактикалық жұмыстар жүргізілуі тиіс, – деді Мұрат Төлеубаев. – Жемқорлық әлем елдерінің бас қатыратын мәселесі екені жасырын емес. Тіпті, ол үшін қатаң жаза тағайындайтын елдер де одан зардап шегеді. Жемқорлық қоғамның барлық саласында бар. Сондықтан, барлық бағыт бойынша жүйелі жұмыс қажет. Бұл ретте біздің агенттік Қазақстан халқы Ассамблеясының мүмкіндіктерін пайдаланады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасы қабылданды. Оған сәйкес, бизнесті қорғау, білім беру мен денсаулық сақтау, әсіресе, әлеуметтік салалардағы жемқорлықтың жолын кесу үшін әр өңірдің ерекшеліктеріне сәйкес, жемқорлық тәуекелдерінің картасы жасалды. Бүгінде облыстық Ассамблея өкілдері бұл жұмысқа белсенді қатысуда. ҚХА мүшелері Департаменттің ақпараттық тобы спикерлерінің пулына кіреді.
Облыстағы аналар кеңесінің төрайымы Ләззат Қожахметова Мемлекет басшысы өткізген ХХХІІ сессиясына қатысқандағы сезімі мен ойларын ортаға салды.
– Басында Ассамблея қызметін сынайтындардың бірі едім. Пікірімнің қарама-қайшылығына қарамастан, Ассамблея маған аналар кеңесінің төрайымы болуға ұсыныс білдірді, менің барлық бастамамды қолдады. Президент жақында ғана Әлеуметтік кодекске қол қойды. Енді әлеуметтік саясат жүйеленеді. Сол сияқты Ассамблея жұмысына реформа қажет, – деді ол.
Ассамблеяның Ғылыми-сараптамалық тобының жетекшісі Вилен Молотов-Лучанский тәуелсіздіктің ең жақсы жетістіктері мен ата-бабаларымыздың көп жылдық тәжірибесіне негізделген жаңа қоғам құру қажеттілігі туралы айтты.
– Біздің қоғамдық санамызға реформа қажет. Ұлттық бірегейлік – бұл біздің жұмысымыздың негізгі мақсаттарының бірі. Бастамалардың басында әділ Қазақстанның құндылықтары тұруы тиіс. Біз оларға нақты істермен ұмтылуымыз керек. Сарапшылар қауымдастығы мен Ассамблеяның, қоғамдық ұйымдардың белсенділері бүгінде болашағының прототип-моделін жасай алады. Бұл біздің қызметіміздің ұзақ мерзімді бағдарламасы болуы керек, – деп атап өтті Вилен Молотов-Лучанский.
Сонымен қатар, басқосуда Костенко атындағы шахтаның кеншісі, спорттық акробатика шебері Даниель Диль, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің философия және психология факультеті әлеуметтік жұмыс және әлеуметтік педагогика кафедрасы деканының орынбасары Бекарыс Ахметолла, Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланда келісімшарт бойынша әскери қызмет атқаратын кіші сержант Владислав Горизанов, «Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігі Өкілдігінің облыстағы басшысы Александр Урмашов, сонымен бірге, Ә.Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің жастар саясаты жөніндегі департаменті директоры Рустам Бузяков сөз алды.
Дөңгелек үстел соңында Ермағанбет Қабдулаұлы облыстың қоғамдық-саяси өміріне белсенді қатысқаны және жаңа қазақстандық қоғамды құруға қосқан үлесі үшін облыс әкімінің Алғыс хаттарын табыстады. Мұндай марапатқа «Lituanica» ҚБ жастар қанатының жетекшісі Вида Грейчута, «Гудвил» ЖШС заңгері Константин Дик, «Намус» Әзірбайжан ұлттық-мәдени орталығы» ҚБ жастар қанатының жетекшісі Шахиу Наибов, «Мәміле» сөйлесу клубының оқытушысы Ольга Тим және №3 көпсалалы аурухананың амбулаториялық-емханалық қызметінің басшысы Анатолий Красножен ие болды.
Жансая ОМАРБЕК,
Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ
Ortalyq.kz