Жаңалықтар

«Е-нотариат» құжаттарды онлайн рәсімдеуге оңтайлы мүмкіндік береді

Қазіргі таңда мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртудың негізгі бағытының бірі – мемлекеттік қызметтерді цифрландыру. Бұл үдеріс азаматтарға көрсетілетін қызметтердің сапасын арттырып қана қоймай, мемлекет пен қоғам арасындағы байланысты жаңа деңгейге көтереді. Әділет жүйесіне енгізіліп жатқан инновациялық шешімдер де құқықтық жүйенің ашықтығы мен тиімділігін қамтамасыз етуде.

Сурет ЖИ

Цифрландыру – мемлекетті басқаруда да тиімді негізгі құрал. Жаһандану дәуірінде цифр­лық сервистер азаматтардың тұрғылықты жері мен әлеуметтік жағдайына қарамастан құқықтық қызметтерді тиімді етеді.

Облыстық әділет департаменті басшысының орынбасары Данияр Байділдиннің мәлімдеуінше, «Е-нотариат» бірыңғай құжаттамалық ақпарат қызметтерін, құжаттарды онлайн рәсімдеуге оңтайлы мүмкіндік беріп отыр. Бүгінде халық арасында бұл жүйе арқылы бейнеқоңырау шалу сұранысты иеленген. Сонымен қатар, қауіпсіздікті қамтамасыз ету, заңсыз әрекеттерді болдырмау жолында QR – қол қою және Egov Mobile қосымшасында «Цифрлық құжаттар» сервисі қолданылады.

– «Робот сот орындаушысы» жұмысына жеке тоқталғым келеді. 2026 жылы оның құзыреті кеңейтілді: әкімшілік айыппұлдардың цифрлық өндірісіне берілетін қарыз сомасының шегі ұлғайған. Барлық процестер – рәсімдеуді орындаудан бастап, азаматтарға хабарлама жіберуге дейін – Egov Mobile арқылы SMS және push – хабарламалар арқылы онлайн жүргізіледі. Бұл азаматтардың қаржылық жүктемесін азайтып, қосымша шығындарға жол бермейді, – деді Данияр Назымбекұлы.

Сонымен қатар, алдағы уақытта құқықтық сауаттылықты арттыруға ерекше көңіл бөлінуде. Бұл мақсатты орындаудағы алғашқы қадам – «Құқық кабинеті» жобасы. Жоба азаматтардың сенімін арттырып, әлеуметтік шиеленіс­терді азайтуға зор мүмкіндік береді.

Мемлекеттік қызметтерді цифр­ландыру және әділет саласындағы инновациялар – құқықтық мемлекетті қалыптастырудың негізгі тетігі. Бұл өзгерістер азаматтардың құқықтарын қорғауды, мемлекетке деген сенімді күшейтеді. Алдағы уақытта цифрлық технологиялардың одан әрі дамуы мемлекеттік басқару мен әділет жүйесінің тиімділігін жаңа деңгейге көтеретіні сөзсіз.

Мирас ЫБРАЙ,
Е.Бөкетов атындағы ҚарҰЗУ IV курс студенті

Басқа материалдар

Back to top button