Ақорданың хабарлауынша, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет отырысында денсаулық сақтау мен білім салаларында қаржы жымқыру мен алаяқтық тәуекелдері бар екенін атап өтті. Оның айтуынша, медицинада 30-дан астам ақпараттық жүйе жеке-жеке жұмыс істейді, бұл бақылауды әлсіретіп, заң бұзушылықтарға жол ашқан. Бұған дейін де саладағы көптеген жүйені біріктіріп, бірыңғай цифрлық платформа құру қажеттігі айтылған.

Президент Үкіметке бірыңғай мемлекеттік медициналық ақпараттық жүйе құруды жеделдетуді, МӘМС жүйесінің ашықтығын арттыруды және Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорындағы заңсыз әрекеттерді толық тексеруді тапсырды. Құқық қорғау органдары барлық жымқыру фактілеріне қатысы бар тұлғаларды жауапқа тартуы тиіс екенін айтты.
Сондай-ақ, мемлекет басшысы әлеуметтік саладағы цифрландыруды күшейту қаржының тиімді әрі ашық жұмсалуына мүмкіндік беретінін атап өтті. Жалпы, медицинадағы цифрландыру мен бақылауды күшейту мемлекет деңгейінде маңызды бағыт болып отыр.
Аяулым СОВЕТ
Ortalyq.kz



