WorldSkills-2025: Қарағанды жастары кәсіби шеберлік чемпионатында жоғары нәтиже көрсетті
Қарағанды облысының құрама командасы «WorldSkills Kazakhstan 2025» республикалық кәсіби шеберлік чемпионаты кезінде жоғары нәтижеге қол жеткізіп, ел бойынша 20 өңірдің ішінде жалпыкомандалық есепте үздік үштікке тұрақтады.


Жыл сайын бәсекелестік деңгейі өсіп келе жатқан бұл чемпионат биыл ерекше ауқымда ұйымдастырылды. Құзыреттер саны былтырғы 30-дан 45 бағытқа дейін кеңейіп, оған қазіргі экономиканың негізгі салалары – өндіріс, машина жасау, цифрлық технологиялар, құрылыс және креативті индустриялар қосылды.


WorldSkills – 89 мемлекетті біріктіретін халықаралық қозғалыс. Қазақстан өңірлері арасында Қарағанды облысы жыл сайын үздіктер қатарынан көрініп келеді. 2025 жылғы чемпионатта өңір атынан 51 қатысушы 43 құзырет бойынша бақ сынады.

Үш күнге созылған додада жас мамандар өндірістік ортаға барынша ұқсас жағдайларда шынайы тапсырмалар орындады. Қатысушылардың жұмысын халықаралық талаптарға сай CIS автоматтандырылған бағалау жүйесі саралады.
Нәтижесінде Қарағанды облысы 5 алтын, 7 күміс және 14 кәсіби шеберлік медальонын жеңіп алып, жалпыкомандалық рейтингте ТОП-3 қатарына енді.
Алтын медаль иегерлері
• Кірпіш қалау — Абдумажидов Нурсултан Тулкинугли
(Қарағанды техникалық-құрылыс колледжі)
• 1С платформасындағы бизнес-процестерді автоматтандыру — Акоронко Анастасия Алексеевна
(Қарағанды жоғары политехникалық колледжі)
• Қонақүй қызметкері (ресепшн) — Куралова Дильназ Сайрановна
(Қарағанды жоғары колледжі «Bolashaq»)
• Локомотивті басқару — Нуриев Магамед Джанияроглы, Жантүгел Ернияз
(Қарағанды теміржол колледжі)
• Жеңіл автокөліктерді жөндеу және қызмет көрсету — Ынтықбай Диас Нұрланұлы
(Қарағанды көлік-технологиялық колледжі)
Күміс медаль иегерлері
• Аяғанов Айдын Жанболатұлы — Плиткамен қаптау
• Базархан Әділ Ерболатұлы — Сантехника және жылыту жүйелері
• Құрамыс Аружан Русланқызы — Мода технологиясы
• Амантайқызы Айдана — Флористика
• Швец Анастасия Евгеньевна — Зертханалық және химиялық талдау
• Бейсен Алан Абзалұлы — Мобильді қосымшалар әзірлеу
• Жұмабаев Марлен Біржанұлы — Ұшқышсыз ұшу аппараттарын пайдалану
Бұл санаттағы қатысушылар веб-технологиялар, дәнекерлеу, желілік әкімшілендіру, инженерлік графика, токарлық өңдеу, электроника, құрғақ құрылыс, бояу жұмыстары, IT-решения, өндірістік автоматика, наубайшылық, 3D-ойын моделдеу, прототиптеу, видеомонтаж сияқты жоғары сұранысқа ие бағыттарда үздік нәтиже көрсетті.
Жеңімпаздар енді 2026 жылы Қытайда өтетін әлемдік WorldSkills чемпионатында Қазақстан атынан сынға түспек.
Қарағанды құрамасының табысты өнер көрсетуіне колледж оқытушылары, сарапшылар, тренерлер және Қарағанды облысы білім басқармасының Психологиялық қолдау орталығы мамандары үлес қосты.
Чемпионатты өңірлік деңгейде үйлестірумен ұлттық операторлармен байланыс орнатқан техникалық делегаттар – Салтанат Акбергенова мен Асель Сапарова айналысты. Ал тим-лидерлер Рауна Шамекенова мен Аян Түсүпбеков конкурс алаңында қатысушыларға қолдау көрсетіп отырды.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА
Ortalyq.kz



