«WhatsApp» – сенің мүмкіндігің
Қарағанды қаласы әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығы мамандарының айтуынша, «WhatsApp» мобильді қосымшасы жобасы жүзеге асырылған бес айда 342 адам жаңа жұмысқа орналасқан.
Оның ішінде 27 адам жастар практикасына жіберілсе, 35 адам әлеуметтік жұмыс орындарына орналасқан. 15 адам қоғамдық жұмысқа жолдама алды. Қазіргі таңда мобильді жоба арқылы жаңа жұмысқа орналасқандардың қатары күн сайын артуда.
Сондай-ақ, кадрларды жедел іріктеу және бос орындарды толықтыру мақсатында жұмыс берушілер де бос жұмыс орындары туралы хабарлама жіберіп, мобильді қосымшаны белсенді пайдалануда.
Жоба аясында маман іздеп «WhatsApp» мобильді қосымшасы арқылы халықты жұмыспен қамту орталығына жүгінген кәсіпорындардың бірі – Қарағанды қаласының №3 перзентханасы. Мекемеден келген сұраныс ескеріліп, жаңа жұмыс орнын іздестіріп жүрген Е. Брайцева бүгінгі таңда перзентханада акушер-мейірбике мамандығы бойынша тұрақты жұмысқа қабылданды.
Қазіргі таңда қаладағы 132 кәсіпорын мен ұйым қала тұрғындарына 998 жұмыс орнын ұсынып отыр. Осы ретте қалалық жұмыспен қамту орталығы мамандары жұмыс іздестіріп жүрген қала азаматтарын 8 (775) 644-35-80 нөмірі бойынша «WhatsApp» мобильді қосымшасын пайдалануға шақырады.
Аяулым СОВЕТ