Бас тақырып

«Web-адамдар» өркениеті

Тас. Қола. Темір… Жаңа дәуірге аяқ басып келе жатқандаймыз. Бел ортасына жеткен де шығармыз, кім білсін? Басымыздан өткерген дәуірлерге мойын бұрсақ, әрқайсының өлшемі, яғни, шарықтау шегі бар. Дін тұрғысынан қарасақ, құдай ғана – мәңгі.

Адам қиялы дүниені құбылтты да, құлпыртты да. Шарықтағанымыз сонша, адам ақылының баламасын да жасап тастадық.

Коллажды жасаған Айбек Рахымжан

Жалғанды жасанды интеллект билей ме?

Жасанды интеллект XXI ғасырда ғана пайда болды десеңіз, қателесесіз. Бұл тақырып кейінгі 60 жылда талқыланып келеді. Қазақстанға да келгелі қашан. Әсте жаңалық емес.

Бір кездері мұны адамзаттың ең озық өнертабысы деп қабылдады. Іске алғысыз деп, кері тартқандар да аз емес. Жасанды интеллект адамзат қоғамы жаңа ғасырға аяқ басқалы көп салаға етене араласып та кетті. Оны аңдамай жүргендер де баршылық. Қарапайым ғана мысал ретінде автокөлік құрастыратын алып зауыттарды айталық. Қаңқаны құрастыратын да, темірін дәнекерлейтін де сол – роботтар! Робот дегеніңіз сол – жасанды интеллект.

Бүгінде жасанды интеллектінің дамып кеткені соншалық, көлігіңізді де басқарады. Баратын мекенжайыңызды экранға сызып берсеңіз болғаны. Шалқайып, төңіректі тамашалап отырасыз. Инвестиция жайында кәсіби қаржы сарапшыларынан кем түспейтіндей сараптама да жасап бере алады екен. Жаһанды былай қойғанда, қарағандылық жас ғалымдар қатерлі ісікті жылдам анықтайтын жүйені ойлап тапты. Кейінде Қазақстанды жалт қаратқан жаңалықтардың бірі де – осы.

Жасанды интеллекті әрі қарай қарыштай берсе, жер бетінде жұмыссыздардың үлесі күрт артуы мүмкін деп тұжырады кәнігі сарапшылар. Өткен жылдың мамырында «Goldman Sacns» деп аталатын әлемдік инвестициялық банк көлемді зерттеу жүргізіпті. Сондағы мамандардың болжамына сүйенсек, алдағы 2-3 жылда 300 миллионға жуық жұмыс орнына жасанды интеллект «өкілдері» келуі әбден кәдік.

Қазірдің өзінде қандай да бір тауарды дүңгіршекке тұрып саудалау деген ақырындап жоғалып бара жатыр. Күн сайын онлайн сауда жасауға болатын қосымшалар пайда болуда. Бәрі – онлайн саудагер. Тапсырыс беріп, алдын ала төлем жасасаңыз, үйіңізге дейін жеткізіп береді. Халыққа қызмет көрсету орталықтарында да кезекте тұрмайсыз. Қолыңыздағы смартфонмен-ақ шаруаңызды реттейсіз. Әрі-беріден соң, қаражатыңызға да сол ақылды жүйе ие қазір. Ғаламторға кіріп, қандай да бір затты іздесеңіз, мәселен, еңбек демалысыңызды өткізетін жақсы демалыс орны делік. Күнделікті ақтаратын «Instagram» әлеуметтік желісінде тур агенттіктердің, демалыс аймақтарының жарнамасы бірінен соң бірі менмұндалап тұрады. Сондайда «Мынауың қайдан біледі-ей?» деп таңдай қағамыз. Ақылды жүйе бәрін біледі. Әр қимыл, әрекетеңізді, қалауыңызды кірпік қақпай аңдып отыр…

Оның қолынан келмейтіні жоқ

2022 жылдың 30 қарашасында адамзатты дүр сілкіндірген жаңалық ашылды. Әлемге әйгілі «Open Ai» компаниясы «Chat GPT» деп аталатын чат-ботты ойлап тапты. «Generative Pre-trained Transformer» – «генеративті алдын ала дайындалған трансформер». Генеративті жасанды интеллект чат-боты табиғи тілдердегі сұраныстарды қолдайтын диалог режимінде жұмыс істейді. Жүйе адамның сұрақтарына жауап береді, әртүрлі тілдерде түрлі пәндік салаларға қатысты мәтіндерді құрай алады. Қарапайым сөзбен түсіндірсек, әлгі чатыңыз сізге эссе, көркем әңгіме, мақала, драматургиялық сценарий, тіпті, өлең жазып береді. Қалауыңызды жүйелеп, ретімен жазып берсеңіз болғаны. Мысалы, «мен өз елімді, жерімді сүйемін. Оған деген махаббатым шексіз. Сол махаббатымның дәлелі болатындай маған өлең жазып бер» деп өтініш жасайсыз. Ал, чат өз кезегінде сіздің қалауыңызды жүйелеп, шумақтарды төпелетеді кеп. Сол күйінде әлеуметтік желіге жариялап жіберсе де болады. Ұйқасы, буын, бунақ саны сақталған жұп-жұмыр өлең шығады. Бұл мәселе шығармашылық қауымды алаңдатып отырғанын атап өткен жөн. Кәдімгі ақыныңыз бейнеттеніп, жұмыр жүрегінің бүкіл қуатын салып жазған өлеңін әлгі нейрожелі санаулы секундтарда-ақ жазып тастайды. Дегенмен, шын өлеңді танитын оқырман әлгінің жазғанынан ешқандай да қуат сезінбеуі мүмкін. Адами қуат!

Сценариді де, эссені де апыр-топыр қылады. Осы турасында Ақерке Асан есімді ақын «Қазақ әдебиеті» газетіне «Chat GPT және қазіргі қазақ әдебиеті» деген мақала жазды. Әлемде, оның ішінде Қазақстанда өлеңшілер мен жазғыштардың күрт көбейіп кету қаупі бар (онсыз да аз емес). «Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы». Айтпақшы, былтыр АҚШ-ғы «Голливуд» деп аталатын әлемдік киностудияның сценаристері осы мәселені көтеріп, ауқымды наразылық шеруін ұйымдастырған. Мәселенің қандай деңгейге көтеріліп кетенін осыдан-ақ аңғарыңыз.

Нейрожелі – суретші де болады. «Әлемдегі ең бай адам қандай болады?», немесе, «Қазақстандықтардың басты қорқынышы не?» деп сұрасаңыз, сізге бәрін суреттейді. Ойыңызға не келеді, бәрін жазасыз. Нейрожелі тартынып қалмайды. Осы материалды жазу барысында «Қазақстандық әйелдер неден қорқады?» деген сауалды жолдаған едік. Нейросеть бізді таңқалдырды. Біздегі әйелдер қауымының үйдегі тиран күйеулерінен қорқатынын біледі екен. Ерінің жұдырығынан именген мүсәпір хәлдегі келіншектің, диванда жатып таңнан кешке дейін теледидардың алдында жататын масыл еркекке қарап кіжініп тұрған әйелдің суретін салып берді. Еліміздегі ең өзекті проблема осы болып тұр емес пе?! Әлгің қалай дөп түсті? Нейрожелінің құралдарын жекелей атап өткен жөн.

«Tactiq: GPT meeting Summary». Бұл құралдың атқаратын міндеті таң қалдырмай қоймайды. Мәселен, ғаламтордағы белгілі бір қосымша арқылы тікелей эфирде сұхбаттасатын болсаңыз, осы құрал сіздің аузыңыздан шыққан барлық сөзді таңбалайды. Қай тілде сөйлесеңіз, сол тілге әп сәтте бейімделеді. Күрделі терминдерді де аузыңыздан қағып алады. Былайша айтқанда, патшалардың сөзін қалт жібермей жазып отыратын хатшы секілді. Кейін әлгі сұхбатыңызды құралдан көшіріп алып, редакторлап, газетке, әлеуметтік желіге жариялай да аласыз. Айтқан әңгімеңізді қайта тыңдап, қағазға түсіріп әуреленбейсіз. Бұл құрал – ақылы екен. Бірақ, айына 10 рет тегін пайдалануға болады.

«Math GPT». Нейрожелінің бұл құралы математиктерге арналған. Күрделі теңдеулеріңізді шемішкедей шағады. Ғаламторда мониторинг жүргізген мамандардың дерегінше, бұл құралды көбіне мектеп оқушылары мен студенттер пайдаланады екен.

«Talk Web» қалай көмектеседі? Жер шарындағы адамдардың көпшілігіне таныс «GOOGL» секілді іздеу жүйелеріне жапсарласқан құрал бұл. Яғни, осы чатқа сізге қандай ақпарат керегін қарапайып сөйлеммен түсіндіріп бересіз. Ал, чат өз кезегінде ең тиімді сайттарға сілтеме жасайды. Желідегі көмекшіңіз.

«Wonderslide». Сабаққа, немесе, жұмысқа арнап слайд жасау – көбінің көңіліне жаға бермейді. Слайд – белгілі бір ақпаратты көрнекі, есте сақталып қалатындай етіп жеткізу үшін ғана керек. «Wonderslide» құралы – слайд жасаушы. Небәрі 60 секундта өзіңіз ұсынған ақпараттардың басын қосып, қорытып, слайдыңызды әзірлеп береді. Әр ай сайын жеті күн тегін пайдалануға болады. Бір аптадан соң ақылды құрал өз еңбекақысын сұрайды.

Өрлеу ме, кері кету ме?

«Төртінші өндірістік революция». Бұл термин осыдан жиырма жыл бұрын енді. Біз айтып отырған жасанды интеллект, нейрожелі – осы төртінші революцияның жемісі. Өндірістік революция дегеніміз – техналогиялар мен инновациялардың әсерімен қоғамды қайта құру. Мыңжылдықтарға созылған адамзат тарихына көз жүгіртіңіз. Арбаға тағылған дөңгелектің өзі ұлы жаңалық болды бір кезеңде. Садақ пен бумеранг, аттың ер-тұрманы, алтын адам, тағысын тағы. Ең алғашқы революция осы ұлы далада бастау алған деуге әбден негіз бар. Бір ғана оқ-дәрінің өзі әлемді дүр сілкіндірген. Айтпақшы, оқ-дәріні қытайдың бір алхимігі ойлап тауыпты. Бір қызығы – ол әуел баста оқ-дәрі жасаймын деп мүлде ойламапты-мыс. Бар болғаны, мәңгі өмірдің сусынын ойлап тапқысы келген. Содан бастап алыстағыны жайратып салатын отты қарулар шықты. Соғыс өнері басқа деңгейге көтерілді. Бұл да – адамзат тарихының ең мыңызды деталі.

Бойлай берсеңіз, кете бересіз… Ұлы адамзаттың ұлы өркениеті. Пойыз, автокөлік, ұшақ, компьютер, телефон, фотоапарат… Жол қысқарды, ақпарат қас қағым сәтте жетті.

2025 жылға дейін жасанды интеллектіге жасалатын инвестицияның мөлшері 200 миллиард долларды құрауы мүмкін. Жобалап есептесеңіз, бірнеше мемлекеттің ұлттық қоры бұл. Сарапшылардың болжамына сәйкес, 2030 жылға қарай жасанды интеллект әлемдік экономикаға 15 триллион доллар әкеледі. Бұл – Қытай мен Үндістанның өндірістен табатын ақшасы. Жасанды интеллектіге осыншама неге көңіл бөлінуде деген заңды сауал туындайды. Робот еңбек демалысы мен үстемақыны талап етпейді, жұмысқа кешікпейді және шаршамайды. Сөндіргенше тоқтамайды. Біздің жұрт бұны «құлтемір» дей салған. Құлтемір компанияға қаншама кіріс әкеледі. Бұл прогресс адамзат үшін өте қауіпті. Өркениеттерді түп тамырымен зерттеп жүрген гумманист ғалымдар осылай деп дабыл қағып жатыр. Неге?

Джордж Бернард Шоу «Адам баласы еңбексіз тірі мәйітке айналады» депті. «Қарыны тоқтық, жұмысы жоқтық – аздырар адам баласын» дейді хәкім Абай. Бір сөзбен айтқанда, еңбексіз мына қоғамның азып кету қаупі бар. Осылай жалғаса берсе, қайтадан аборигендерге айналуымыз әбден ықтимал.

Нейрожелі қарыштай берсе, мидың қабілетін толық пайдаланбай-ақ өмір сүруімізге жағдай жасалатын секілді. Азығыңды іздеп қана күн кешесің. Бұл – күйсегенге мәз болған хайуанның да қолынан келетін іс. Біз емес, ғалымдар, ойшылдар осылай дейді. Түптің түбінде сөздерді де ұмытуымыз мүмкін екен. Осы пікірді әлгі Chat GPT-ге жазып едім, «Жоқ, бұл ойыңызбен келіспеймін. Бұл – абстрактілі идея» деді. Маған қарсы шыққандай көрінді.

Кімдікі дұрыс? Өзіңіз ой таразысына салып көріңіз, қадірлі оқырман…

Ерік НАРЫН,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button