«Волонтерлік» ұғымын Конституцияда бекіту ұсынылды
Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның отырысында Мәжіліс депутаты Вера Ким Қазақстанда волонтерлікті Конституцияда ынталандыруды бекіту ұсынысын көтерді.

Оның айтуынша, жаңа Конституция жобасында әлеуметтік қолдауды қамтамасыз етуде азаматтардың жеке еңбегі – волонтерлік де көрсетілуі керек. Бұл төтенше жағдайларда, әлеуметтік салада және экологиялық жобаларда халықтың белсенді қатысуын қолдауға мүмкіндік береді.
Вера Кимнің мәліметінше, елде 300 мыңға жуық волонтер, 800-ден астам ұйым және 3,5 мың бастамашыл топ жұмыс істейді. Волонтерлердің экологиялық бастамалары жастарға азаматтық жауапкершілікті және табиғатты қорғауды үйретеді.
Осылайша, волонтерлікті және жоғары экологиялық мәдениетті Конституцияда бекіту азаматтардың елдің табиғаты мен болашағын сақтаудағы рөлін күшейтеді.
Материалды әзірлеген Аяулым СОВЕТ



